09 қар, 2023 сағат 14:05

Жұмыспен қамтылған халық саны 39% өсті - Ұлттық статистика бюросы

Сурет: pressfoto, Freepik

Ұлттық статистика бюросы Халықты жұмыспен қамту бойынша тақырыптық жинақты жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" бюроның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша халықты жұмыспен қамту бойынша кезекті жинақты шығарды (1-2 том). Жинақта салалар, жыныс және жас құрылымы бойынша жұмыспен қамту деңгейі жөніндегі көрсеткіштерді, сондай-ақ 2009 жылғы санақпен салыстырғандағы динамикалық өзгерістерді көруге болады. Жинақтың екі томы stat.gov.kz сайтының «Ұлттық санақтар» – «Санақ 2021» бөлімінде орналастырылған. 

ҰСБ мәліметінше, Қазақстанда жұмыспен қамтылған халық саны 39% өсті.

"2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылған халық саны 9 188 мың адамды құрады, 2009 жылғы санақпен салыстырғандағы өсім – 39,2%. 

Жұмыспен қамтылғандардың негізгі үлесі қалалық елдімекендерде – жұмыспен қамтылған халықтың 62,5% немесе 5,7 миллионнан астамы. 2009 жылы қалалардағы жұмыспен қамтылған халықтың үлесі 57,1% немесе 3,8 млн адамды құраған. Жас тобы бойынша жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны 30-34 жас аралығында – 1 450 мың адам. 

2009 жылғы санақ қорытындысымен салыстырғанда 2021 жылы жоғары білімі бар халықтың жұмыспен қамтылу үлесі 27,1%-дан 30,8%-ға дейін артты" - делінген хабарламада.

Бюро мәліметінше, жұмыспен қамтудағы әйелдердің үлесі 2009 жылғы 45%-дан 2021 жылы 48%-ға дейін немесе 1,4 млн адамға артқан. 

"Салалар бөлінісінде жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны ауыл шаруашылығында – 1,41 млн адам немесе жұмыспен қамтылған халықтың 15,3% (17,9% – 2009 жылы). Одан кейін көтерме және бөлшек сауда – 1,35 млн адам немесе 14,7% (12,9% – 2009 жылы). Жұмыспен қамту бойынша үшінші орынды өнеркәсіп саласы алады – 1 млн адам немесе 11,1% (11,5% – 2009 жылы). 

Барлық жұмыспен қамтылған халықтың ішінде ерлердің ең көп үлесі немесе 17% ауыл шаруашылығында, ал әйелдер бойынша негізінен сауда саласында – 16%" - делінген хабарламада.

Келесі тақырыптық жинақ 13 қарашада жарияланады.

Айта кетейік, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша деректер санақ өткен уақытқа, яғни олар бөлінгенге дейін берілген. Бұл ретте жаңадан құрылған облыстардағы халық саны санақ деректерін ескере отырып қайта есептелген және stat.gov.kz сайтында жарияланған.