Фото: 5koleso.ru
Астанада экологиялық стандарттарға сәйкес келмейтін жүк көліктерін заңсыз импорттау фактісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеу мәліметінше, бір топ адам өз бақылауындағы ЖШС-лар арқылы Қытайдан «Еуро-2» экологиялық класына жататын FAW маркалы жүк көліктерін заңсыз әкелуді ұйымдастырған.
Аталған техника қолданыстағы талаптарға қайшы түрде импортталған. Қазақстанда «Еуро-4»-тен төмен экологиялық стандарттағы көліктерді әкелуге тыйым салынған.
Агенттік дерегінше, көліктер сыртқы экономикалық келісімшарттар негізінде жеткізіліп, кедендік рәсімдеу кезінде жалған құжаттар пайдаланылған. Атап айтқанда, қауіпсіздік сертификаттары қолдан жасалып, онда «Еуро-5» класы көрсетілген.
Нәтижесінде ел аумағына 20 жүк көлігі заңсыз енгізілген. Олардың жалпы кедендік құны 284 млн теңгеден асқан.
Кейін бұл техника байланысты компаниялар арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында 600 млн теңгеден астам сомаға өткізілген.
Сот санкциясымен күдіктілердің 9 автокөлігі мен бір пәтеріне тыйым салынды. Күдіктілердің бірі қамауға алынса, тағы екі адамға елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылған.
Айта кетейік, «Еуро-2» класына жататын көліктер «Еуро-4» және «Еуро-5» стандарттарымен салыстырғанда қоршаған ортаға әлдеқайда көп зиян келтіреді.
