Сенатор Бақытжан Жұмағұлов ғылымды дамытуда қандай мәселелерге назар аударылуы керектігін айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бәріміз ғылымды дамытудағы ғалымдардың жеке рөлін, шығармашылық еркіндігін, жауапкершілігін арттыруды басты назарда ұстауымыз керек деп білемін. Сол сияқты Ұлттық ғылыми кеңестердің функциялары, құқықтары мен мүмкіндіктері тек заң нормаларымен ғана белгіленгені жөн. Онсыз «бюрократизм» менен «жеке мүддені көздеушіліктен» арыла алмаймыз. Оны тоқтату қажет. Бүгінгі таңда ғалымдардың жиі айтып жүргені де осы», - деді ол ғылым жөніндегі заң жобасы талқыланған Сенат отырысында.
Бақытжан Жұмағұлов сонымен қатар назар аударар тағы бір мәселе жайлы сөз қозғады.
«Кезінде Қазақстан ғылымының беделін көтеру үшін ғылыми мақалаларды шетелдік басылымдарда жариялауға басым бағыт бердік. Ғылыми мақалалардың санын арттыруға тырыстық. Әрине, бұл бағытта жетістіктеріміз де жоқ емес. Алайда кемшіліктер де бар. Бүгінгі таңда ғалымдардың еңбегін бағалау тек қана осы критерийге байланып қалды. Осының салдарынан қомақты қаржы және ұзақ уақыт салып, ғылыми мақалаларды батыс басылымдарына «тықпалап» жариялау қалыптасты. Бұл Қазақстанның ғана емес, бүкіл посткеңестік республикалардың ғылыми идеялары мен қаржылары делдалдардың пайдасына жұмыс жасап жатыр деген сөз. Оны – ұрлаумен пара-пар деп түсінемін. Ал біз болсақ, өзіміздің отандық ғылыми журналдарды есепке алмайтын болдық. Осылай өз журналдарымыздың құны кетті. Енді уақыт оздыруға болмайды. Таяу арада бұл мәселені шешкен жөн. Олай болмаған жағдайда, қазақстандық ғалымдар баяғы Кеңес одағы тұсындағы секілді енді батыстық жүйенің көлеңкесінде қала береді», - деді ол.