07 там, 2016 сағат 17:14

Жолаушы тасымалдау - жауапкершілігі мол жұмыс

Катонқарағай – Зырян бағытындағы тау жолдары - бұрын-соңды ондай жолмен жүріп көрмеген жүргізуші үшін де, жолаушылар үшін де әрі таңсық, сонымен қатар, аса қауіпті аймақ. Қауіпті дейтін себебіміз, бір кездері тау-тастың арасын бұзып-жарып салған асулар сәт сайын жалт бұрыла сап, жалама жартастарды жанамалай өтіп, ирелеңдеген қалпы жоғары өрлей береді, өрлей береді. 

Өрлеген сайын сай табанында қалып бара жатқан қойтастар көз алдыңда кішкентай ғана ноқатқа айналып, адам бойына әлдебір үрей ұялатады. Бұлтарыс-қалтарысы жиі ұшырасатын тұстарда қарсы кеп қалатын көліктердің де қимыл-әрекеттері шалт. Ондай оқыс бұрылыстарда жылдамдықты баяулатыңқырап жүрмесең, шатқалдан ұшып кетуің ғажап емес. Ал абайлап жүремін деп жылдамдығыңды азайтып алсаң, тік өрлерге келгенде көлігіңнің тартпай қалатыны және бар. Мұндай қауіпті жолдарда келе жатып, оқыс жағдай орын ала қалса, қажет жерде тоқтай қалуы да, жалт бұрылып епті қозғалыс жасап кетуі де онша қиындық тудыра қоймайтын жеңіл көліктердің жарасы да жеңілірек. Ал енді пәлен тонна жүк тиеп ап, айналасын көк түтінге көміп, ыңыранып зорға келе жататын жүк көліктерімен жол бөлісу – кез келген тәжірибелі жүргізушіңнің өзіне сынның – сыны. Көктем, күз айлары мен қыс мезгіліндегі бұл жермен жүрудің бейнеті мен қауіптілігі – бөлек әңгіме. Бұл асуды жергілікті жұрт айналасы сыңсыған самырсын мен көк терек, тұтаса өскен қалың қарағай мен ақ қайың көмкеріп тұрғасын ба, әйтеуір, «Осиновый перевал» атап кеткен. 

Міне, осы бір адам өміріне қауіпті де, қатерлі жолдан бір емес, бір автобус жолаушыны күніне ары-бері бірнеше мәрте аман алып өту – Серебрянск қаласындағы Борис Литвинов басқарып отырған жолаушыларды тасымалдайтын автобус паркінің мойнына жүктелген. 


ЖАҢАЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР ЖАС БУЫН

Әңгімемізді әріректен бастасақ, 1984 жылы сол кездегі басшылықтың шешімімен Серебрянск қаласынан жаңа (автокөлік мекемесі) АТП ашу жоспарланып, оны басқару Бұқтырма АТП-сында жұмыс істеп жүрген Александр Литвиновқа жүктеледі. Бүгінгі күнде Александр зейнет демалысында. Ақсақалдың айтуына қарағанда, қазіргі АТП-ның тұрған орны ол кезде мидай жазық, қу мекиен дала болған көрінеді. 90-жылдардағы атышулы жекешелендіру науқаны басталып кеп кеткенде, Әлекең барлық күш-жігері мен жиған-терген тәжірибесіне сүйене отырып, осы мекеменің дүние-мүлкінің талан-таражға түсуіне жол бермей, айтысып-тартысып жүріп аман сақтап қалыпты. Кейін уақыт талабына сай, заңды жолмен ЖШС етіп тіркеткен көрінеді. 

- Өзім мұнда келгенге дейін тоғыз жыл Серебрянскінің органикалық емес өнімдер зауытында жұмыс істедім. 2011 жылы зауыт тоқтайтын боп, жұмысшыларын қысқарта бастады. Амал жоқ, осы мекемеге келдім. Алғашқы үш жылда директордың орынбасары болып жұмыс істей бастадым. Осы уақыт аралығында мекеменің тыныс-тіршілігімен, жұмыс істеу бағытымен, ұжыммен, құжаттармен танысып-білісіп, әкемнің тікелей тәжірибе сынағынан өттім десем болады. Әкей зейнет демалысына шыққасын, орнын мен бастым, – дейді мекеменің бүгінгі басшысы Борис Литвинов.

Осы уақытқа дейінгі көрген-білгендерін саралап, салмақтаған жас директор мекемеге жаңаша жұмыс қарқынын әкелуді ойлайды. Бірақ, қалай? Ол қарқынды неден бастаған жөн? Мекемедегі техника болса барлығы кешегі кеңес заманынан қалған, ескі-құсқы. Бір апта жүрсе, екі апта тұратындары бар. Әне жерін жөндетсе, мына жерінен бір кілтипан шығып жатады. Содан мұндай тозығы жеткен техникамен ұзаққа бармасын бағамдаған Борис банктердің бірінен несие рәсімдеп, жаңа техника алуды көздейді. Бұл ойын жергілікті әкімдіктегілер де, ұжымдағылар да қызу қолдайды. 

- Не нәрсені ауызбен айта салған жеңіл ғой. Жеме-жемге келгенде банктердің талабы, қойған шарттары бірқатар қиындықтар тудырғаны рас, – дейді мекеме басшысы. – Дегенмен, қандай қиындықтар кедергі болса да, тығырықтан шығарар жолдарын тауып, алға қойған мақсаттарымыздың біразына қол жеткіздік деп ойлаймын. Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету мақсатында Ресейден бірнеше жаңа автобустар сатып алдық. Сосын, біздің жолдар тау арасында болғандықтан, әсіресе көктем, күз, қыс мезгілдерінде жол жүру тіптен қиындай түседі. Сондықтан жаңа автобустарды күтіп ұстайтын әрі тау жолдарында жүріп-тұрып үйренген тәжірибелі жүргізушілер керек болды. Мұның бәрі бірінші кезекте – жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей қатысты.

«ЕСКІНІ ҚҰРАП ТАЛАЙ ЖЫЛ ЕСІМІЗ ШЫҚҚАН...»

Осылайша үлкен жоспардың алғашқы бір бөлігін жолға қойып алған ұжым жерлестерінің де, жергілікті басшылықтың да бірте-бірте сеніміне ене бастайды. Осы жерде айта кетерлік бір гәп бар. Өз ісіне құлшына кіріскен жас әрі жігерлі басшының «Халыққа сапалы қызмет көрсету үшін жаңа көліктер алу керек!» деген түбегейлі шешімге келуіне жергілікті таксистердің де әсіре белсенділіктері мен көп жерлерде көрсетіп жүретін озбырлықтары түрткі болған секілді. Олай дейтініміз, қазір «Ерінбеген етікші болады», демекші, астында жүріп тұрған жекеменшік көлігі бар кез келген адам анда-мұнда кісі тасып, нәпақа табуды әдетке айналдырып алған. Рахат солардікі. Ертеңгілік жұмыстан кешігем деп уайымдамайды. Қалаған уақытында тұрып, қалаған жеріне барады да, қалаған адамдарын салып ап, зыр еткізіп анда апарып, зыр еткізіп мұнда әкеліп тастай салады, болды. Түскен түсім қалтада. Ал олардың көліктерінің қаншалықты қауіпсіз екендігінде, техникалық байқаудан уақтылы өтті ме, өткен жоқ па, ешкімнің шаруасы жоқ. Инспектор деген не, тәйірі? Ол да біреудің туысы, әйтпесе, бәленшекеңнің құдасы, тіпті болмаса, әрі-беріден соң ол да адам баласы. Асырап отырған қатын-баласы бар дегендей. Қажетті тиын-тебенін ретін тауып беріп қойсаң болды. Әне саған құжат та, техникалық байқау да, сақтандыру полисі де. Не оларға заңмен тыйым сала алмайсың. Осындай заңды-заңсыз бәсекелестіктің жолын кесу мақсатында Ресейдің Нижний Новгород қаласында құрастырылып шығарылған 20 кісілік үш «Мерседес» шағын автобусын сатып әкеліпті. Қазір олар күніне үш мәрте Серебрянск - Өскемен бағытына қатынап кісі тасумен айналысады. Бористің айтуына қарағанда, үш автобус өткен жылғы бағамен 5 млн. 700 мың теңгеге түскен екен. Қазір электронды техниканың қарыштап дамыған кезеңі емес пе. Бір ғажабы, әлгі автобустардың үшеуіне де арнайы «чип» орнатылған. Сондықтан олардың Өскеменге барып келгенге дейінгі жүріп тұрғандары, қай жерде қанша жылдамдықпен кетіп бара жатқаны немесе келе жатқандары, қай жерде неше рет тоқтағаны - бәрі-бәрі мекеме бастығының алдындағы компьютер экранынан көрсетіліп тұрады екен. Өскеменнен бөлек Зырян қаласы мен Октябрь поселкесіне қатынайтын жолаушылар да, сондай-ақ, Серебрянск қаласының ішіндегі жолаушылар тасымалы да осы мекеменің жауапкершілігінде.

Зарлыхан Жепаев – жаңадан әкелген «Мерседес» шағын автобустарының бірінің жүргізушісі екен. Директордың айтуынша, осы автопаркте ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан, ең тәжірибелі еңбек озаты. 35 жылдан бері көлік жүргізеді. – Басшылық ұзақ жылғы еңбегім мен тәжірибемді ескерген болуы керек, әкелген бетте осы автобустардың бірін маған сеніп тапсырды. Жаңаның аты жаңа ғой. Оның үстіне шетелдік болса. Жазда салқын, қыста жылы. Жолаушыларға да жайлы, іші кең. Бұрынғы ескі автобустарға соңғы кездері жұрт наразылық білдіріп, ақыры отырмауға айналған. Өйткені іші май сасып, түтіндеп, өрге қарай дұрыс тартпай, неше рет жолда да қап қойғанымыз бар. Ал жазда керісінше іші жанып кетсе, қыста пеші дұрыс жұмыс істемегесін іші аңырап кететін. Сөйтіп итшілеп жүргенде осы көліктерді әкеліп, көзіміз ашылған жоқ па. «Ескіні құрасаң, есің шығады» деуші ме еді? Бір жерін жөндесең, бір жері дайын тұрады. Кешкісін үйге барғанда да адам құсап демалудың орнына: «Ертең ана жерін жөндеу керек, мына жерін көрсету керек, анандай бөлшек керек еді» деп, басыңды қатырып кеп отырғаның. Не олар аязды күндері дұрыс оталмай, ит қылатынын қайтерсің. Ал мыналар рахат. Келдің, оталдырдың, кеттің. Қазір жұрт осы автобустар келгелі таксиге отырғанды азайтты. «Тар машинада сығылысып, өзіңді жайсыз сезініп барғанша, кең әрі жайлы жаңа автобуспен жүрген анағұрлым ыңғайлы» дейді. Бағасы да аса қымбат емес. Бір адамға бар болғаны 850-ақ теңге. Ал жеті жасқа дейінгі балаларға жол ақысы тегін болса, он бес жасқа дейінгілер жарты бағасын төлеп-ақ, барар жеріне бара алады, – дейді кәнігі жүргізуші Зарлыхан.

«СОҢҒЫ АВТОБУС САПАРДАН ОРАЛҒАНША АЛАҢМЫН...»

«Жаңа автобустармен кісі тасып, бизнес жасаған оңай болар» деп ойласақ, оңбай қателеседі екенбіз. Мекеме басшысының айтуына қарағанда, ол автобустардың жыл сайынғы техникалық байқауы, жол-транспорттық салығы мен сақтандыруын айтпағанда, қысқы-жазғы резиналары мен майын т.б. қажетті бөлшектерін уақытында ауыстырып отыру да аса маңызды көрінеді. Бұған ай сайын төлеп тұратын несие қосылғанда әжептуір шығын шығатын секілді.

- Бүгінгі күні ескісі мен жаңасын қосқанда 24 бірлік техникамыз бар. Қала бойынша таңғы сағат жетіден, кешкі жетіге дейін екі маршрутты автобус жүреді. Әсіресе жұмыс күндері таңертеңгілік жолаушылар көп. Бұрын осындағы заводтар жұмыс істеп тұрғанда тіптен көп болушы еді. Қазір заводтар тоқтаған. Жұмысшыларын қысқартып тастаған. Біздің бизнесімізге бұл айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр. Бұқтырмадағы Октябрьский поселкесіне жаз айларында қатынаушылар біраз баршылық. Қайсыбір бағыттағы автобустарымыздың өз шығынын ақтамайтындары да бар. Өткенде бухгалтерия есептеп, Зырян бағытына жүретін бір шағын автобустың бір айда 320 мың теңге шығын келтіргенін айтты. Біз ала жаздай тынымсыз жұмыс істейміз де, қыс бойы сол тапқан табысымызға күн көреміз. Басқа амалымыз жоқ. Қыс маусымы біздер үшін өте тиімсіз, жұмысымыз 60-70 пайызға тоқтап қалады. Мекемемізде 37 адам болса, соның 23-і жүргізушілер. Мен бұрын заводта істедім дедім ғой. Онда жүргенде сенбі, жексенбі, ол аз болса мереке күндерінде ел қатарлы армансыз демалатынбыз. Артық нәрсеге бас қатыру деген жоқ. Жалақымыз да жақсы болды. Ал мұнда ондай мереке, демалыс дегенді ұмыттық. Бұрын әкем директор боп жүргенінде сырттай қарап, жеңіл жұмыс деп ойлаушы едім. Сөйтсем, нағыз мазасыз жұмыстың өзі екен. Қалаға болсын, далаға болсын кісі тасымалдауға кеткен автобустардың ең соңғысы аман-есен оралмайынша алаңдап, жайбарақат отыра алмайсың. Сонысына қарамастан осы кәсібімді өзім ұнатамын, – дейді жаңашыл директор Борис Литвинов.

Серебрянка қаласына жету үшін қандай қауіпті тау жолдарынан асу керектігін сөз басында айттық. Ол әншейін осылай да, осылай болуы мүмкін деген жай болжам немесе долбар емес. Шынымен де қауіпті, қатерлі жол. Оған осыдан он шақты жыл бұрын өзімнің де куә болғаным бар. Мезгіл қар аралас жауын жауып тұрған күздің соңы болатын. Жұмыс бабымен Серебрянск қаласына барып, кері қайтқан сапарымызда 20 кісілік ПАЗ автобусына міндік. Манадан бері өгіз аяңмен ыңыранып, өрге әзер көтеріліп келе жатқан автобусымыз кенет тартпай, өкіріп-бақырып бірер мәрте жұлқып-жұлқып алды да, ақыры қақалып-шашалып өшті де қалды. Қайта оталып, орнынан қозғалғаны былай тұрсын, автобусымыз өз салмағымен көткеншектеген қалпы біраз жерге дейін барып, жолдың қақ ортасына көлденеңдей тоқтады. Ақыры жолаушы біткен шулап-шұрқырап жүріп дөңгелегінің астына құм төгіп, автобусты әзер дегенде етекке түсіріскеніміз бар...
Сондықтан, тек қана Серебрянск бағыты емес, жалпы жол жүргенде барынша қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтаған абзал. Таяуда Борис Литвиновпен хабарласқанбыз. 

- Ешқандай жол апатынсыз қыстан аман-есен шығып, жаз маусымына кірісіп кеттік. Жақын күндері Ресейден тағы бір «Мерседес» автобусын әкелмекпін, – деп соңғы жаңалығымен бөлісті.
Көпке қызмет көрсетіп жүрген азаматтардың еңбегі жана берсін!



Серік Құсанбаев

"Дидар"