Талай адам жол апатынан қыршынынан қиылды. Талай азамат мүгедек болып қалды. Талай бала жетім қалды. Бір қорқыныштысы, жол апаты жыл санап кему орнына артып барады. Бір кездері осының бәрі жүргізушілердің куәлікті ақшаға сатып алатынан болып жатыр дедік. Шаралар қолданылды. Бірақ одан да апат көрсеткіштері кемімеді. Бейбіт заманда жылына неше онмыңдаған адамның опат болуы дабыл қағарлық жағдай.
Осыған орай, сенатор Дулат Құсдәулетов Сенат отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, жолдардағы адам өлімі және жарақатқа ұшырау проблемасының алдын алуды, сонымен бірге ішкі істер органы қызметкерлерінің өздері жол тәртібін бұзу оқиғаларын тоқтатуды талап етті.
Бұқаралық ақпарат құралдары сұмдық авариялар және олардың ауыр салдарлары туралы тақырыптарға толы екенін айтқан сенатор Д.Құсдәулетов мына мәселелерге тоқталды:
«Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы дамыған елдерінің қатарына кіруге бағыт алды. Бірақ, біз бұл мақсатты іске асыра алмаймыз. Себебі, егер бізде 2017 жылы жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде адам өлімі 100 мың адамға шаққанда 11 жағдайды құраса, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы дамыған елдерінде, мысалы, Швецияда бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 2 өлімге тең.
...Тек жүргізушілердің тарапынан ғана емес, жол жүру қауіпсіздігі үшін жауапты мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың шала жұмысы мұндай жол-көлік оқиғаларының себептері болып табылады. Мұндай кемшіліктер жолдардағы бұзушылықтарға, жол-көлік оқиғаларына, жарақатқа ұшырауға және адам өліміне әкеп соғады.
Өйткені мемлекеттік органдар бақылау, бұзушылықтарды тіркеу және әкімшілік жаза салу үшін ғана емес, сонымен қатар профилактика жүргізу, алдын алу шараларын қолдану және жағдайды уақтылы кешенді реттеу үшін құрылған.
Жолдарда жол-көлік оқиғаларын жасауға жиі қауіп төндіретін бұзушылықтарды көруге болады. Бірақ ішкі істер органдарының қызметкерлері осындай құқық бұзушылықтарға ден қоймайды. Мысалы, аялдамаға тыйым салынған, жанға толы көшеде жүргіншілерді мінгізу-түсіру үшін қосылған «аварийкасымен» күрт тоқтау. Мұндай тоқтау Қазақстан автомобилистері үшін «дәстүрге» айналып барады.
Көбінесе ішкі істер органдарының қызметкерлері тоқтаудың осындай тәсілін өздері қолданады және Жол жүру қағидаларының басқа да бұзушылықтарын жасайды» .
Сенатор Қазақстан бойынша және әрбір өңірде жеке жол-көлік оқиғаларының картасын жасауды, ал содан соң жолдың қауіпті учаскелерінде жүйелі алдын алу шараларын өткізуді, қажетті жабдықты орнатуды ұсынды.
Жол ережесін қасақана өрескел бұзуды әдетке айналдырған құқық бұзушыларға, көлікті үлкен жылдамдықпен жүргізуге құмар желікпелерге қатысты қатаң шаралар жүргізу талабын қойған сенатор жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органдар басшыларының есептерін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысында міндетті түрде тыңдай отырып, олар жүргізетін кешенді жұмыстың жай-күйі туралы ақпарат беруін талап етті.
Әділбек Қаба