Алматы облысы аумағында соңғы екі жылда автокөлік жолдары жедел жөнделіп, ауылдар арасындағы қарым-қатынас жиілей түсті. Сонымен қатар, автокөлік жолдарының бойлары да қайнаған еңбектің көзіне айналды. Мемлекеттік бағдарлама аясында жөнделіп жатқан қалааралық және халықаралық жолдар тағы бар. Міне, осы жол мәселесіне орай «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Алматы облыстық филиалының басшысы Батыр ДАДАМҰРЗАЕВПЕН салада атқарылып жатқан жұмыс барысы және жол сапасы туралы әңгімелескен едік.
– Батыр Тұрсынбайұлы, Жетісу жерінде жол қатынасын жақсарту жұмысы қалай жүруде?
– Бүгінгі күннің талабы – сапалы жол салу. Бұл еңбек жылдар бойы екшеленіп, бағаланатыны белгілі. Сондықтан жауапкершілік жүгі ауыр. Еліміздегі ең ірі мегополис – Алматы қаласынан шығысымен тақтайдай тегіс болып тарамдалатын Жетісу жолдары адамның алпыс екі тамыры іспетті міндетін соңғы жылдары мінсіз атқаруда. Ауылдар арасындағы жолдар жаңарған сайын халық қуануда. Әсіресе, түрлі маркадағы автокөліктер иелерінің көңілі шат. Сол елдің қуанышын естіп, көрген сайын біз жауапкершілік жүгін ауырлатып, жол салушылар міндетін күшейтудеміз.
Жалпы, Алматы облысы аумағында республикалық негіздегі автокөлік жолының ұзындығы – 2535 шақырым. Оның ішінде цементпен бетондалғаны – 72 шақырым, асфальтпен жабылғаны – 1195, қара жол – 1214, қиыршық тас төселгені – 54 шақырым. Сондай-ақ 215 көпір және су өткізетін құбырлар салынған. Алматы – Өскемен, Сарқан – Алматы – Қорғас автокөлік жолдары ағымдағы жөндеуге, Райымбек ауданындағы Жалаңаш – Саты жолы күрделі жөндеуге жатады.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында Алматы – Талдықорған автокөлік жолының 112 шақырымына, нақтылай түссем, Алматы – Қапшағай қалалары аралығындағы 32 шақырымын жөндеуге 10,8 млрд теңге бөлініп, «Найза-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты атқарса, Алматы – Өскемен күре жолының 149-180-ші шақырымдарына 1,7 млрд теңге, 180-213-ші шақырымдарын жөндеуге 4,7 млрд теңге бөлініп, осы жұмыстарды «К-Дорстрой» АҚ атқарды. Бұл деректерді айтып отырған себебім, қалаларды жалғайтын жолдарды белгіленген уақытта бір фирма толығымен жөндеп үлгере алмайтындықтан талапқа сай тендер өткізіліп, жеңімпазға жауапкершілік жүктелетіндігі болып отыр.
– Мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарып жатқан жұмыстарыңызды толықтыра түссеңіз.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет» деп нақтылап, республикамыздағы негізгі жолдарды анықтап әрі тізбелеп те бергені мәлім. Мемлекет басшысы анықтап берген автокөлік жолдарының бірі Алматы – Өскемен автомагистралі бойында еңбек етудеміз. Шыны керек, біздің уақытымыздың басым бөлігі кеңседе емес жолдардың бойында өтеді. Күре жолдарды салу, жөндеу жұмыстарын талапқа сай тендерге қатысып ұтып алған фирмалар атқарған жұмыстың сапасын тексеру кәсіби шеберлікті қажет етеді. Әсіресе, екі заңды тұлға салған жолдардың түйісер тұстары асықпай, мұқият тексеріледі. Рас, сырт көзге еренсіздеу болар, бірақ сол жолмен автокөліктер үлкен жылдамдықпен еш кедергісіз зулай беруі керек. Сондықтан біздің негізгі ұстанымымыз сапа болып қала береді. Негізі жол қадірін жүрген біледі деп өте дұрыс айтылған. Осыдан бірер жыл бұрын Алматы – Талдықорған арасындағы күрежолда кібіртіктеген көліктер бүгінде жүйткіп жүр. Бұл жол қатынасын жақсарту арқылы өркениетке ұмтылудың бір қадамы болып табылады.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Республикалық деңгейдегі автокөлік жолдарын дамыту» деген салалық бағдарламамыз бойынша Алматы – Талдықорған аралығында 112 шақырым жол жөндеуден өткізілді. Бұл есепті кезеңде атқарылатын барлық жұмыстың 62 пайызы болып саналады.
– Сонда жыл аяғына дейін өзге жұмыс жалғаса ма?
– Әлбетте. Алматы – Талдықорған аралығындағы күре жолда жалпы ұзындығы 94 шақырымға созылған жолда жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан үш учаскедегі жұмыс аяқталып, өткізіледі. Сонымен қатар, Қапшағай – Күрті, Ұзынағаш – Отар аралығында белгіленген учаскелерде жобалық-зерттеу жұмысы да аяқталады.
Осы тұста айта кетсем, атқарылу үстіндегі тағы бір жұмысымыз жоғарыда аталған бағдарламадан тыс, осыған дейін істелініп жатқан жұмыстың жалғасы болып саналатын Кеген – Нарынқол автожолының бойындағы құбырларды ағымдағы жөндеуден өткізу биыл аяқталады. Мұнда 22-400 шақырымдар бойынша істелінетін жұмысқа 1,34 млн теңге бөлінген. Алматы – Өскемен автокөлік жолындағы көпірлерді орта деңгейде жөндеуден өткізуге 4,1 млн теңге қарастырылғаны өз алдына. Тізбелей берсем, атқарылып жатқан да, атқарылатын да жұмыс жеткілікті.
Ең басты ұстаным – сол жұмысты сапалы істеу. Сондықтан Жетісу жолдары халықаралық талапқа сай жасалуда деп те айтуға негіз бар. Бұған қоса жолдарды кесіп өтетін үлкенді-кішілі өзендер арналары мұқият зерттеліп ұзақ уақытқа шыдайтын көпірлер салуға да көңіл аударылады. Тіпті, бір кездері су аққанымен бүгінде кеуіп қалған арналар да назардан тыс қалмайды. Өйткені, табиғи арналардан ерте ме, кеш пе қайтадан су ағуы әбден мүмкін.
Облыс аумағы арқылы өтетін жолдарды қайта салу, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жалғаса береді.
Әңгімелескен
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
ТАЛДЫҚОРҒАН