Президент жолдауын іске асыру бойынша «JASTAR: ózekti másele» сараптамалық алаңы құрылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлады.
Бүгін «JASTAR: ózekti másele» алаңының алғашқы сараптамалық онлайн-отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының жастар саясатының өзекті мәселелері контексіндегі Жолдаудың негізгі ережелері, сондай-ақ оны іске асырудағы жаңа тәсілдері талқыланды. Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов, ҚР Парламенті Сенаты аппараты басшысының орынбасары М. Споткай, ҚР Жоғарғы Соты аппараты басшысының орынбасары Н. Байтілесов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары О. Ордабаев, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қ. Жанабеков, «Nur Otan» партиясы Саяси менеджмент мектебінің директоры Ш. Нұрланов, «Green TAL» әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы Э. Аскеров, сондай-ақ ғылыми қоғамдастық, ҮЕҰ және «Жастар» ҒЗО өкілдері қатысты.
Бүгінгі таңда қазіргі қоғамның даму динамикасы тез және сапалы шешімдерді талап етеді. «JASTAR: ózekti másele» алаңындағы ашық диалог форматы жастарды әлеуметтік дамытудың ең өзекті мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді. Тәжірибе алмасу, сараптамалық бағалау, одан әрі іс-қимыл жүйесін құру аталған пікірталас платформасы жұмысының нәтижесі болуы керек.
«Жастар мәселесі әрқашан маңызды мемлекеттік бағыттардың бірі ретінде, назардан тыс қалған емес. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жастарды еңбекке баулу, қоршаған ортаны қорғау және құмар ойындар мен жеңіл ақша табу сияқты жастарды аздыратын теріс құмарлықтан арылдыру мәселелерін көтерген болатын», - деп атап өтті вице-министр Асхат Оралов.
Өз кезегінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев халық арасындағы күрделі жағдайды атап өтті.
«Мобильдік жұмыспен қамту орталықтарындағы азаматтардың көпшілігі жоғары білімі бар, бірақ олардың 60%-і soft-skills дағдыларына ие болмағандықтан жұмысқа орналасуға мүмкіндігі жоқ», - деді ол.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда жастар мамандық таңдауды бизнес призмасы арқылы қарастыратынын және «Атамекен» ҰКП қызметі осы бизнесті дамытуға бағытталғанын атап өтті.
«Green TAL» әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы Эмин Аскеров өз сөзінде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін жастарды жастар ресурстық орталықтары арқылы белсенді түрде тарту қажет екенін айтты: «Қазір қалай көбірек алу керектігін емес, қалай көбірек беру керектігі туралы ойлану керек. Бүгінгі таңда Қазақстанда 250 әлеуметтік кәсіпкер бар және жас кәсіпкерлер санын арттыру үшін әлеуметтік бизнес бойынша конкурстар ұйымдастыруды қайта бастау қажет».
Ашық талқылауды қамтамасыз ету үшін алдағы уақытта әртүрлі саладағы сарапшылар, жас ғалымдар, ғылыми қоғамдастықтың, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылатын болады.