Бүгін Жоғарғы Сотта «Қылмыстық-процестік заңнаманы жаңғырту аясындағы қылмыстық процестің даму болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорымен (IRZ) бірлесіп ұйымдастырылды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Форумға Президент Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алексей Калайчиди, ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қолқабаев, Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев, Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Талғат Татубаев, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев қатысты. Бұған қоса, Жоғарғы және жергілікті сот судьялары, облыстық және оған теңестірілген соттардың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағалары, Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының (IRZ) сарапшылары, мемлекеттік органдардың, Сот төрелігі академиясының, заңгерлер қауымы мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Өзінің кіріспе сөзінде Қ.Мәми 2017 жыл еліміздің жаңа тарихына қылмыстық процесті жаңғыртудың жаңа кезеңі ретінде енетіндігін айтты.
«Бұл жұмыстың басты бағытын Мемлекет басшысы анықтап берді. Тиісті заң жобасын әзірлеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының қызметін өзі үйлестірді», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы.
15 қарашада заң жобасы Парламент Мәжілісінің екі оқылымында қабылданып, Сенатқа жолданғаны да айтылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін заң жобасы қабылданады деп күтілуде.
«БАҚ-та жарияланған пікірлерге қарағанда, заң жобасына оң баға берілуде. Ең бастысы жүргізіліп жатқан реформа Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін ұстанатындығын көрсетті», - деді Қ.Мәми.
Тиісті жұмыс тобы айтарлықтай жұмыс атқарды, оның барысында сот төрелігінің тиімділігіне әсер ететін қылмыстық процестің негізгі факторларына талдау жасалды. Қылмыстық істерді дайындау бойынша мемлекеттік органдардың қызметін жетілдірудегі ұсыныстары зерделеніп, қорытылды. Шетелдік үлгідегі процестік нысандарды ұйымдастырудың ерекшеліктері зерттелді.
Заң жобасы қылмыстық іс бойынша сот ісін жүргізудің бастапқы кезеңін қозғайтын ережелерді, сотқа дейін істі жүргізудің жарыспалылық бастамалар шегін қамтиды. Сонымен қатар, онда сот бақылауын одан әрі кеңейтуді көздейтін айтулы шешім, рәсімдерді жеңілдету, заң үстемдігіне негізделген айқын сот төрелігін құру көрініс тапқан. Қ.Мәми өз сөзін аяқтай келе, барлық қатысушыларды форумның күн тәртібіндегі мәселелердің қызу талқыланып, тұжырымды қорытындыға келуді шақырды.
Дөңгелек үстел екі сессиядан тұрды. Бірінші сессияның тақырыбы - «Қылмыстық процесті жаңғырту халықаралық стандарттарға сай болудың жаңа қадамы». Онда азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған қылмыстық-процестік нормаларды жетілдіру, тергеу рәсімдерін оңтайландыру және жеңілдету, азаматтардың құқықтарын қорғау мен қылмыстық процестегі адвокаттардың құқықтық мүмкіндіктерін, ЭЫДҰ елдерінің қылмыстық-процестік жүйелерінің үлгісі негізінде қылмыстық процесті оңтайландыру мәселелері қаралды.
Екінші сессияның тақырыбы - «Қылмыстық сот ісін жүргізу жаңашылдықтарын қолдануға байланысты тәжірибелік мәселелер». Мұнда құпия тергеу әрекеттерін санкциялау туралы заңнамалық ережелерді соттардың іске асыруы, құпия құқықты шектеу іс-қимылдар мен бұйрық арқылы іс жүргізудің - негіздемесі, тәртібі, мерзімі, қабылданған шешімдердің мәні, соттың шағым түсіруге рұқсаттама беруі секілді мәселелер талқыланды. Бұған қоса, шетелдік сарапшылар неміс сот ісін жүргізудегі сот-бақылау өкілеттіктері, Германиядағы бұйрық шығару және жаза жөніндегі сот ісін жүргізудің тәртібі, мерзімі, бұйрықтың құрылымы мен мазмұны, шағымдануы секілді ерекшеліктері туралы айтты.
«Дөңгелек үстел» барысында қатысушылар белгіленген тақырып шеңберінде өзара сындарлы пікір алмасты. Жұмыс қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданды.