04 қаң, 2026 сағат 13:39

Жоғарғы сот шешімі: Венесуэлада билік уақытша вице-президентке өтті


Фото: Анадолу


Венесуэланың Жоғарғы соты вице-президент Делси Родригесті ел президентінің міндетін уақытша атқарушы етіп тағайындады. Бұл шешім Николас Мадуро тұтқындалып, елден шығарылғаннан кейін қабылданды. Бұл туралы Синьхуа жазды.


Соттың Конституциялық палатасы басқару жүйесінде іркіліс болмауы және мемлекеттік аппараттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында осындай қаулы шығарғанын мәлімдеді. Құжатта Родригес елдің әкімшілік қызметі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты болатыны көрсетілген.


Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес АҚШ-та наркотерроризм және қару-жараққа қатысты бірқатар ауыр айыптар бойынша ұсталып, Нью-Йоркке жеткізілді. АҚШ тарапы Венесуэлаға қарсы ауқымды операция жүргізгенін растады.


Делси Родригес Мадуроны дереу босатуды талап етіп, Венесуэланың тәуелсіз ел екенін мәлімдеді. Ал Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер өз елінің бұл операцияға қатысы жоқ екенін айтты.


Әскери операция салдарынан кемінде 40 адам қаза тапқаны хабарланды. Сонымен қатар, Колумбиядағы венесуэлалық мигранттар бұл оқиғаны қуанышпен қарсы алып, Боготада шеруге шықты. Бірқатар елдер Венесуэладағы жағдайға алаңдаушылық білдірді.