Фото: ҚМА баспасөз қызметі
Жезқазған қаласының екі тұрғынына қатысты "MetaGo" қаржы (инвестициялық) пирамидасын жарнамалау күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Аталған деректі ҚМА Ұлытау облысы бойынша Департаменті өңірлік прокуратураның үйлестіруімен және агенттіктің көлеңкелі экономика саласындағы талдамалық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл нәтижесінде анықтаған.
Күдікті тұлғалар "MetaGo" қаржы пирамидасының қызметі туралы ақпараттық ресурстарда ("YouTube" бейнехостинг сайты, "Whatsapp" және "Telegram" мессенджерлері, "Facebook" және "Instagram" әлеуметтік желілері), сондай-ақ осы қаржы пирамидасының символикасы бар киім мен плакаттарды пайдалана отырып халықпен кездесулер мен жиналыстар өткізген.
Осы арқылы 63 млн теңгеден астам сомада залал келтіріп, қаржы пирамидасының заңсыз қызметіне 80-нен астам азаматты тікелей тартқан.
"Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 217-1-бабы ("Адамдар тобының қаржы пирамидасын жарнамалауы") бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, Департамент бұрын жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде тіркелген Жезқазған қаласының осы тұрғындарына қатысты "MetaGo" қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және басшылыққа алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
ҚР ҚПК-нің 201 бабы тәртібінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды" - делінген ведомство хабарламасында.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.