23 қар, 2022 сағат 13:57

Жетісу облысында 19 адам қар құрсауынан құтқарылды

көрнекі сурет

Жетісу облысында 19 адам қар құрсауынан құтқарылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі облыстың ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 22 қарашада сағат 20:10-да Төтенше жағдайлар департаментіне республикалық маңызы бар Сарыөзек-Көктал тасжолының 40-шақырымында қар құрсауында адамдар мінген көліктер қалып қойғаны туралы қоңырау түскен. Сарыөзек кентінен Төтенше жағдайлар бөлімінің кезекші бригадасы қар-батпақ көлігімен дереу аттанған. Оқиға орнына жеткенде қалың қар жауып, қатты боран соққаны анықталды.

"Жедел-құтқару жұмыстарының нәтижесінде ТЖД қызметкерлері Алтын-Емел асуында қар құрсауынан 19 адамды шығарды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ", - делінген хабарламада.

Ауа райының нашарлауына байланысты облыстың Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды ұзақ сапарға шықпауды, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды және 112 қызметінің SMS хабарламаларын назардан тыс қалдырмауды сұрайды.