Фото: aikyn.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеті жылдық қызметі елдегі саяси жүйенің ауқымды реформаларынан өтті. Конституциялық өзгерістер, сайлау жүйесіндегі жаңалықтар және институттық трансформация елдегі билік тепе-теңдігін күшейтіп, экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етті. Бұл туралы Ult.kz тілшісіне саясаттанушы, PhD докторы Қазбек Майгельдинов айтып берді.
– Биыл Қазақстан Президенті қызметіне кіріскеніне жеті жыл. Осы кезеңдегі елдің саяси дамуына қандай баға берер едіңіз?
– Биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне жеті жыл уақыт өтіп отыр. Бұл кезеңді Қазақстанның саяси жүйесінің ең ауқымды қайта құрылуы деп қарастыруға болады. Осы уақыт аралығында 2022 жылғы конституциялық референдум, конституциялық соттың қалпына келтірілуі, бір мерзімдік президенттік мерзім, жаңа партиялардың пайда болуы, ауылдық, аудандық және қалалық әкімдерді тікелей сайлаулардың пилоттық режимде өтуі сияқты маңызды өзгерістер жүзеге асты. Облыстық және қалалық әкмідерді тікелей сайлаулар да өз жалғасын табуда. Алдағы 15 наурызға жоспарланған жаңа Конституция бұл үрдісті институционалдық реформа ретінде толықтырады.
– Соңғы жылдары жүзеге асқан саяси реформалардың ішінде қайсысын ең маңызды деп санайсыз?
– Алғашқы екі жыл ішінде өзгерістер біртіндеп енгізілді. Мысалы, партияларды тіркеу бойынша межені төмендету, бюллетендерге «барлығына қарсы» бабын енгізу және 2021 жылдан бастап ауылдық әкімдерді тікелей сайлау сияқты қадамдар жасалды. 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін негізгі трансформациялық процесс басталды. 5 маусымдағы конституциялық референдум сайлау жүйесін, сондай-ақ 2023 жылғы парламент сайлауын жаңартты, бұл ресми саяси архитектураны қайта құруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, 2022 жылғы конституциялық реформаның маңызды нәтижелері бар. Конституцияның 98-бабының 33-і және 56 бап тармақшаларына толықтырулар енгізіліп, бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асты. Біріншіден, Елбасы мәртебесі – бірінші президенттің артықшылықтары Конституциядан алынып тасталды. Конститутциялық сот жаңа құрылымда қайта құрды. Мәжіліс сайлауы аралас жүйеге көшіріліп, нәтижесінде 2023 жылғы сайлауда үш емес, алты партия парламентке өтті. Осы тұрғыдан алғанда, 2022 жылғы реформалар нақты іске асқан маңызды реформалардың бірі деп айтуға болады.
– 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін елде бірқатар саяси өзгерістер басталды. Бұл реформалар Қазақстанның саяси жүйесіне қалай әсер етті?
– 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейінгі өзгерістер Қазақстанның саяси жүйесіне кең ауқымды ықпал етті. 2019 жылдан бері жалғасып келген қос билік жүйесі аяқталды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың орнынан кейін қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде өз өкілеттілігін алды. Президенттің өкілеттілігін қысқарту және парламенттің рөлін күшейту арқылы билік балансы қалпына келтірілді. Жергілікті өзін-өзі басқаруда аймақ әкімдерін тағайындау процедурасы өзгертілді, сенаттағы тағайындаулар қысқартылды, жақын туыстардың жоғары лауазымдарға орналасуына шектеу қойылды. Осы өзгерістер елдегі саяси жаңғыртудың бір бөлігі болып табылады.
– Суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға көшу бастамасы қаншалықты тиімді жүзеге асып жатыр деп ойлайсыз?
– Қазақстандағы суперпрезиденттік модель 1991 жылдан бері президенттік вертикальды күшейтуге бағытталған. Бұл олигархиялық құрылымның қалыптасуына және билік пен ресурстардың шоғырлануына алып келді. Қазіргі таңда орталықсыздандыру саясаты, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту және президенттің өкілеттілігін шектеу арқылы билік теңгерімі мен тежеуіш механизмдері іске асырылуда.
– Соңғы жеті жылда экономикалық және әлеуметтік саясатта қандай нәтижелер байқалды? Қандай мәселелер әлі де өзекті?
– Экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерде де оң өзгерістер байқалады. ЖІӨ 2019 жылы 181 млрд доллар болса, 2024 жылы шамамен 291 млрд долларға жетті, бұл 6%-дық өсім. Орташа жалақы артты, әлеуметтік көрсеткіштер жақсарды. Дегенмен, инфляция және кейбір әлеуметтік мәселелер әлі өзекті. Президент экономиканы диверсификациялау, инвестиция тарту және әлеуеттілікті арттыру бойынша нақты тапсырмалар беріп отыр.
– Алдағы жылдары Қазақстанның саяси жүйесінде қандай өзгерістер болуы мүмкін деп болжам жасайсыз?
– Алдағы реформалар да маңызды. 2026 жылғы Конституция қабылданған жағдайда, бұл 7 жылдық президент реформаларының қорытындысы болады. Жаңа Конституцияда екі палаталы парламент жойылып, бір палаталы құрылым енгізіледі, вице-президент лауазымы қалпына келтіріледі. Бұл Қазақстанның саяси архитектурасын түбегейлі өзгертетін шешім болады.
Жалпы, соңғы 7 жылдағы реформалар елдегі саяси жүйені жаңғыртуға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл кезең Қазақстан тарихында 1991 жылдан берігі ең ауқымды саяси қайта құрылу кезеңі болып есептеледі.
– Сұқбатыңызға рақмет!
