18 нау, 2021 сағат 14:33

Жер кадастрын ашу, ҚР азаматтығын алу талаптарын күшейту керек – Мұхтар Тайжан

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасына өз ұсынымдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Президенттің ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу туралы тапсырмасын орындауымыз керек. Ол үшін мен заңда былай жазуды ұсынамын: Жер ҚР резиденттеріне, яғни жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға беріледі. Құрылтайшылар мен қатысушылар құрамында да жеке тұлғалар ҚР азаматтары болуы керек. Бұл ұсынысты айтқан себебім, кез келген нотариус қандай да бір ЖШС құрамындағы жеке тұлғалардың ҚР азаматтары екенін көргенде, мәмілелерді рәсімдеу оңай болады. Ал ЖШС мен заңды тұлғаларды тексеру мүмкін емес, олардың құрамындағы шетелдіктердің үлесі бар ма, жоқ па?», - деді М. Тайжан Мәжілісте заң жобасы жұмыс тобының отырысында. 

Оның айтуынша, шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға жерді сатуға және жалға беруге тыйым салу үшін жер кадастрын ашу қажет. 

«Жер кадастрын ашпасақ, бұл мақсатқа қол жеткізе алмаймыз. Яғни, мемлекет меншігі болып саналатын ауыл шаруашылығы жерлерін кім жалдап отырғанын көруіміз керек. Бұл ақпараттар ашық болуға тиіс және «Жеке деректер туралы» заң еш бұзылмайды, себебі ауыл шаруашылығы жерлерінің 99 пайыздан астамы – мемлекет меншігі. Жалға алушылардың аты немесе заңды тұлғалар атауы ашық бола алады», - деді М. Тайжан. 

Сонымен бірге, спикер Қазақстан азаматтығын алу талаптарын күшейтуді ұсынды. 

«Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, қандай да бір елдің азаматтығын алу үшін адамдар ең кемі 5 жыл тұруы керек, сол елдің тілі мен тарихы бойынша сынақ тапсыруы керек. Яғни, осы елге ниеттестігін білдіруі керек және ел ішінде заңбұзушылықтар жасамауы керек», - деді Мұхтар Тайжан.