
Бүгін алғашқылардың бірі болып өңір басшысы Жеңіс Қасымбек, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Юрий Залыгин коронавируске қарсы вакцина алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облысқа ресейлік «Спутник V» вакцинасының 1 750 дозасы келіп түсті. Оның 300 дозасы Қарағандыда қалады. Қалғандары Теміртау, Балқаш және Жезқазғанға жеткізіледі. Облыста вакцинаны сақтау үшін 99 Тоңазытқыш қарастырылған. Сондай-ақ, 115 термоконтейнер және екі авторефрижератор бар.

Алғашқы вакциналау шарасы Лободы көшесіндегі отбасылық денсаулық орталығында өтті. Мұнда терапевт-дәрігердің кабинеті, шұғыл медициналық көмек кабинеті, егу кабинеттері және вакцинадан кейінгі бақылау аймағы бар. Шұғыл және штаттан тыс жағдайлар үшін жедел медициналық көмек аймағы жабдықталған. Кабинеттерде вакцинациялаудың барлық үдерісін тіркейтін бейнебақылау камералары орнатылған. Бейне жыл соңына дейін сақталады.

Вакцинациядан бұрын дәрігерлер науқасты тексеріп, толық тарихын, оның ішінде аллергологиялық мәліметтерін жинайды. Температураны, қысымды және импульсті де өлшейді. Егер қарсы көрсетілімдер болмаса, вакцинация жасалады.
Бүгін, 1 ақпанда жоспар бойынша Қарағандыда барлығы 150 медицина қызметкері екпе алады.

Қарағандыда осындай вакцинация орталықтары басқа да емханалар, №1 көпсалалы аурухана және жеке медициналық мекемелер базасында жұмыс істейтін болады. Егу пункттері Теміртау, Жезқазған және Балқашта да іске қосылады.
Бірінші кезеңде Қарағанды облысында инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық көмектің, жан сақтау бөлімшелерінің, АМСК ұйымдарының, қабылдау бөлмелерінің, санэпидқызметтің 9 мың медицина қызметкерін егу жоспарлануда.


