Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі әйгілі жемқорлық оқиғалар жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Әлем бойынша жемқорлықты түбегейлі жеңген адам жоқ. Бірақ, біздің табандылықпен күресіп жатқанымыз баршаға аян. Былтыр және биыл 1129 мемлекеттік қызметші жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде даулы істер де бар. Бұрынғы Премьер-Министр, кейінірек қорғаныс министрі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. «Астана ЭКСПО-2017» президенті ЭКСПО-2017 құрылысын 800 миллиард теңгеге жоспарлады. Ахметжан Есімов келіп, шығындарды 400 миллиардқа қысқартты. Павлодар, Атырау, Қарағанды облыстарының бұрынғы әкімдері, министр орынбасарлары, шенеуніктер бар. Фармациямен айналысқандар да жазаға тартылды", - деді Назарбаев жетекші БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Президент жемқорлық үшін жауапкершіліктен ешкімнің қашып құтыла алмайтынын баса айтты.
«Министрлерді де түрмеге отырғызамыз. Мұның қай жері жақсы? Ал адамды осы деңгейге дейін өсіруге қанша уақыт кетеді? Анда ауыстыру, мұнда қою, бақылау, көмектесу, қолдау білдіру - үнемі осылай шығады. Сол себепті, жемқорлықпен күресті жүргізіп келеміз және оны тоқтатпаймыз. Керісінше, үлкен күш-жігермен қарсы тұрамыз. Бірақ, біздің азаматтарымыздың өзі пара береді. Бұл - жалпыхалықтық іс, пара берудің қажеті жоқ, сонда оны алатын да ешкім болмайды", - деді Президент.
Еске сала кетсек, бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі жетекші БАҚ өкілдеріне берген сұхбаты көрсетілді.
Онда Елбасы қазақ қоғамындағы елеулі өзгерістер мен өзекті мәселелер туралы журналистер сұрағына жауап беріп, 2017 жылды қорытындылады.