23 жел, 2016 сағат 12:29

«Желтоқсан» шындығын әлемге жеткізген публицист

Оқиғаның ортасында жүретін, қайнаған өмір көріністерінің куәгері болатын журналистер қауымы үшін кейде тарихи миссия атқарып, қайраткерлік дәрежеге көтерілетін кездері болады. Батыс Еуропада өмір сүріп, АҚШ ақпарат құралында еңбек етсе де ұлтының қамын әркез естен шығармаған, қазақтың мүддесі үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған адал ниетті жалынды журналист-публицист ретінде Хасан Оралтай ағамыздың қайраткерлігі бәрімізге өнеге боларлықтай.     

Хасан ағаның саналы ғұмыры отаршыл империя­лардың жымысқы  пиғылын әшкерелей отырып, ұлт-азаттығы үшін қажымай күресумен өтті. Шын мәнінде, қолға қару алып қарсы келген жаумен атысудан гөрі идеологиялық шайқастың, сөзбен қаруланып ақпарат айдынында айқасудың анағұрлым күрделі екенін айтып жатудың өзі артық. Ол баршамызға аян, басы ашық әңгіме.

Публицист Хасан Оралтай қаршадай кезінде қытай басқыншыларымен болған ұлт-азаттық соғысты көзімен кө­ріп, туған ел жерінен ауып көшуге мәжбүр болған эмигрант тұлға. Түркия өкіметінің қолдауының арқасында есейіп, кейін совет отарлығымен қаламды қару етіп, аянбай күресті. Әрдайым шындықты пір тұтқан қайраткер қаламгер артында өшпес мұра қалдырған тарихи публицист. Мақалада біз ол кісінің бір ғана қырын сөз етпекшіміз. Анығырақ айтқанда, биылғы жылы 30 жылдығы аталып жатқан Желтоқсан ереуілі тұсында журналист ретінде қалай еңбек еткенін ғана сөз етпекшіміз.   

Алматыда өткен қазақ жастарының ереуілін совет басқыншылары әскер мен сақшылардың күшімен аяусыз басып-жаншып таратқаны туралы ақпаратты 1986 жылдың 18 желтоқсанында Бесс Браун деген американдық әріптесінен алғанын шетелдегі қазақ диаспорасы арасынан шыққан халықаралық деңгейде танымал публицист, қаламгер Хасан Оралтай сағат, минутына шейін көрсетіп, өзінің «Елім-айлап өткен өмір» кітабында жазып кеткен. Әлемнің бірқатар елдері Желтоқсан көтерілісі туралы алғашқы ақпаратты Мәскеудегі өз елшіліктері арқылы алған. Шетелдік дипломаттар оқиғаның ресми билікке, совет идеологиясына жасалған жаппай наразылық екенін білді. Ал, баспасөзге арналған жалғыз ресми ақпараттық көз ТАСС-тың жалаға толы жалған мәліметі ғана болды. Неше жерден қайта құру мен жариялылық басталып, совет қоғамы өзгеше бағытқа тың қадам жасап, демократияға бет бұрып жатқан, қырғи-қабақ соғыстың айтарлықтай жылымық тұсы болса да дәл осы қазақ жастарының ұлттық мүддеге адалдық танытып, жетпіс жылғы орыс үстемдігіне төзімдері таусылғандықтан бейбіт қарсылыққа шыққаны жайындағы шынайы ақпарат дер кезінде ашық айтылмай өрескел бұрмаланды, шындық  тұншықтырылды. Ол тұста исі қазақтың арасынан туған анти-коммунист, жалынды публицист Хасан Оралтай «Азаттық» радиосы бас редакторының орынбасары қызметінде болатын. Қолда бар деректі пайдаланып әлем жұртшылығын қазақ жастарының коммунистік жүйеге тегеурінді қарсылық көрсеткенін хабарлап үлгергенімен бұл ақпарат жеткіліксіз еді. Журналистің қолына түскен әрбір сан, мәлімет, ақпарат, материал атаулының бәрі дерек бола алмайтынын ескерсек, совет қоғамы секілді томаға-тұйық жүйеден мардымды бірдеме күтудің өзі артық еді. 

Дерек дегеніміз, біріншіден, шынайы түрде болып өткен дүниені бейнелейтін, тексеруге болатын (верификация) ақпараттық материал. Сонымен қатар дәйектендірілген ақпаратты (мәліметтің көшірмелері, сұх­баттың расталған мәтіні, кітап немесе мақалалардан алынған ресми сіл­темелер, т.б.) нақты ақпарат көзінен алын­ған дерекпен салыстырып, алып қашпа жел сөздерден ажырату маңызды. Егер дәл осылай дәйектендірілмеген жағдайда оны пайдалану керек болса міндетті түрде ресми түсініктеме қоса берілу талап етіледі. Халықаралық беделді әрі ықпалды ақпарат құралын басқарып отырған елеулі тұлға болса да ол  тұста Хасан ағаның өзі тас керең совет аумағынан шынайы дерек табуы қараңғы үңгірден бір тал ине іздеумен бірдей күрделі жағдай еді. Екіншіден, деректің атқаратын рөлі айтарлықтай және оның нысаны маңызы терең оқиғалар, мәлімдемелер, іс-әрекеттер. Деректің сипаты туралы мәселені журналистің қоғамдық позициясымен, әдістемелік бағытымен тікелей байланыс­ты түсіндіруге болады. Егер, журналистің әдістемелік позициясы дұрыс болмаса ақпарат жинауда да, оған баға беруде де теріс тұжырым жасауға итермелейді. Оның салдарынан қоғамда жалған деректер етек жайып, оның соңы айықпас дау-дамайға, шуға ұласып кетуі мүмкін. Ал, бұл тұрғыдан келгенде, Хасан Оралтайдың өз ұлтына деген адалдығы, қазақ ұлтының мүддесі үшін күрестегі табандылығы өлшеусіз болатын.  

Журналист әдістемесінің тағы бір тармағына жататын жиналған дерек­тер­ді түсіндіру, оған баға беру, бағыт сілтеу, тұжырым жасау, туындының дү­ниетанымы мен нақты мазмұнын жасау тәсілін Хасан Оралтай сынды тәжірибелі қаламгер еш қиналмай-ақ жасайтыны белгілі жағдай еді. Түсіндіру тәсілі деге­німіз – деректерді көрініспен біріктіру, түрлі жағдайлардың  арасын байланыс­тыру, әрбірінің орнын белгілеу, мазмұнын анықтау, оқиғаның қалай өрбуіне, қоғам өміріндегі мағынасына сай баға беру, шынайы негізді тұжырым жасау болса керек. Батыс елдерінің өркениетті қаламгерлері журналистика принциптерін қатаң ұстанады, кез-келген дерек пен оқиғада бейтараптылық  танытады. Мұндай жағдайда, әрине, Хасан Оралтай «Азаттық» радиосының эфирі арқылы өзінің жеке көзқарасын, көңіл-күй ауанын, совет қоғамына деген жек көрінішін ғана тәптіштеп айта беруі мүмкін емес, әрі ондай әрекет әлем журналистикасында қалып­тасқан заңдылыққа қайшы жөнсіздік болып көрінер еді. Сондықтан, айналасынан және әлемнің өзге елдеріндегі қазақ диаспорасынан Желтоқсан көтерілісін қолдаған, жала жабылған қандастарына ара түскен қандай бір  қимыл-әрекеттің жасалуына мүдделі болды. Сонымен қатар, желтоқсанның ызғарлы күндері болып өткен сол бір сұрапыл дауыл туралы хабарлағанда,  оған  баға  бергенде,  қорытынды  жасағанда  журналист  анықталмаған  немесе  бір  жақты  деректі ғана  ұсынуға  кәсіби тұрғыдан қақысы жоқ еді. Халықаралық заңдылықтарда журналист  әлде бір оқиғаға  субъективтік  түсініктеме  бере  алмайды және   үндеу  тастауға  ерік  берілмейді.  

Қай  елде  де  билік  халықтан  әлденені  жасыруға  тырысады.  Ал,  оны   БАҚ    әшкерелейді. Бұл  қазір де, бұрын да жалпыға  ортақ  тенденцияға  айналған үрдіс. Дегенмен, совет өкіметі секілді жалған ұран мен жадағай мадаққа, баянсыз идеологияға негізделген қоғамнан сыртқа жібі түзу ақпараттың шығарын күту қашпаған сиырдың уызын дәме­тумен  бірдей еді. Соған қарамастан, Хасан Оралтай Алматыда өткен қазақ жастарының жаппай наразылық шеруін совет өкіметінің жылдар бойы жасаған өктемдігіне қарсы шыққан ұлт-азаттық қозғалыстың алғашқы бейбіт түрдегі қадамы деп танитын позициясының  шынайылығына өзінің  де, өзгенің  де  көзін  жеткізу  үшін  қоғамдық  өмір,  оның  заңдылықтарын  терең  білетін,  та­ным  деңгейі  биік  публицист ретінде атса­лысты. Өз түйсігінің нақтылығына  жырақта өсіп қалыптасқан тәжірибелі публицист нық сенімді  болды және одан туатын кез-келген салдар мен  нәтиже  үшін  жауапкершілікті  мойнына  алуға да даяр болатын. Алдымен өзімен қызметтес журналистерін жинаған Хасан аға орыс коммунистері қазақ халқын негізсіз жәбірлеп қана қоймай әділдік үшін бейбіт түрде өркениетті күреске шығып, алаңға жиналған жастарға «маскүнемдер, наша­қорлар, қарақшы-бұзақылар» деп жала жауып жатқанын мәлімдей келе әлемдік қауымдастыққа шынайы жағдайды түсіндіріп, нақты ақпарат беруге атсалысуларын өтінген. 

Қазақтарға  жасалған советтік оз­быр­лықты әшкерелеуге, оған қарсылық та­ны­тып, алматылық қандастарға қолдау көрсету үшін әлемнің түрлі елдеріндегі қазақ диаспорасы өкілдері мен түркі тек­ті бауырластардың ынтымақтаса отырып, әр ірі қаладағы совет елшіліктері алдында наразылық жиын­дарының ұйымдастырылуын қалады. Жел­тоқ­сандағы бас көтеруді Қазақ жерінде басталған жаңаша бетбұрыстың нышаны деп білген  Хасан Оралтай сол күні-ақ Батыс елдері радиолары мен телевизия арналарының бас­ты жаңалықтарын Алматыдағы наразылық жиынына қарай бұрылуына ықпал ете алды. Совет елінің қолшоқпарына айналған кейбір күштердің қазақ жастарына күйе етіп жағылған, оқиғаның өңі айналдырылып, қасақана бұрмаланған мәскеулік жаланы бықсытуларына қарамастан батыстық ақпарат құралдары оқиғаның мән-жайынан жұртшылықты хабардар ете алды. Цензура торлаған совет қоғамынан шынайы ақпараттың алынуы, оқиғаға дұрыс баға берілуі мүмкін еместігі мәлімделді, Алма­тыдағы алаңға шыққандардың әрекеттері заңды, талаптарының ақылға қонымды екендігі тұтастай болмаса да, әупірімдеп әлемге жетіп жатты. 

Хасан Оралтай желтоқсан көтерлісі жөнінде там-тұмдап алынған әрбір деректі шеберлікпен пайдаланып, мақала әзірлеп күн сайын радиоэфир арқылы өзі оқып, оны ағымдағы істің құрамдас бөлігіне айналдырды. Бірақ, мұнымен шектеліп қалған жоқ. Көптеген елдердегі әріптестеріне, журналистік ұйымдарға, ғалымдарға, зиялыларға хат жазды, Қазақстанда болған оқиғаның астарын әлем жұртшылығына дұрыс түсін­дірілуін, со­веттік  озбырлардың  жап­қан жаласының жалған екендігін ұқ­тырылуын сұрады. Осылайша, Жел­тоқсан ақиқатын ашып, шындықты әлем халықтарына жеткізу үшін тынымсыз еңбек етіп, шырылдаған жан Мюнхенде жалғыз Хасан аға ғана болды. «Азаттық» редакциясында бірқатар қазақ журналистері қызмет ететін. Алайда, олардың ешбірі селт етпегені таңданыс тудырады. Сөйте тұра, Қазақстан тәуел­сіздік алғаннан кейін «жау кеткен соң қылышын тасқа шапқандай» 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне үн қосып, көп іс тындырғандай түрлі естеліктер айтып жүрген. Ал, Хасан ағамыз жұмысынан ақы-пұлсыз рұқсат алып, өз қа­ража­тымен Түркияға барған. Ондағы мақ­саты – қазақтар көп шоғырланған қала­ларға барып, желтоқсан көтірілісіне қатысушыларды қаралаушыларға қар­сылық білдіруге, совет елшіліктері мен өкіл­діктері  алдына барып наразылық жиындарын ұйымдастыруға ұйытқы болу еді.  Сол арқылы әлем баспасөзінің назарын оқиғаға аудару, дүниежүзі халықтарының қазақ жастарын дұрыс түсінулеріне ық­пал жасауды көздеді. Ыстанбұл, Ізмір қалаларындағы қазақ диаспорасының игі жақсыларын жинап, қазақ деген атпен түрлі қор құрып белсенділік танытып жүрген азаматтарға «тым болмаса, ұлттық киімдеріңді киіп, баспасөз редакцияларына, елшілік ғимараттарына барып», қазақ елінде болған желтоқсан оқиғасына алаңдаушылық білдірулерін сұрап, апта бойы жалынумен болса да нәтиже шықпаған. Олардың бір бөлігі  «біз саясатқа араласпаймыз» десе, ішінара «орыстың қазағы үшін басымызды бәлеге тіге алмаймыз» деп сандалғандардың кездескенін де Хасан Оралтай қынжыла жазды. 

Түркиядағы өздерін түркістандық санайтын өзбек-ұйғыр диаспорасы өкілдерінің зиялылары да желтоқсан көтерілісі жөнінде ләм-мим демегені қысылтаяң шақта кім­нің кім екенін айғақтап берсе керек. Ыстанбұлдағы қазақтардан Абдуали Жан бастаған шағын топтың ғана бір жиын ұйымдастырып, орыстардың қазақ жастарына жасаған қиянаттарын сынға алған екен. Дегенмен, Хасан Оралтайдың желтоқсан үшін төккен тері зая кеткен жоқ. Батыс Германияның Мюнхен қаласындағы Түркелі комитетінің қолдауымен Алматыда совет отарлауына қазақ жастарының тегеурінді қарсылық көрсеткен ерлікке толы күрестерін айшықтайтын іс-шаралар ұйымдастырылды, кітап материалдар жарыққа шығарылды.

Хасан Оралтайдың желтоқсан көтері­лісінің шындығын әлемге жеткізуге тырысып, тынымсыз еңбек етіп жүрген сонау 80-жылдардың аяғындағы күреске толы күндерінде оған қолдау көрсеткендер негізінен туыс-туғандары мен жақындары болды. «Азаттықта» бірге қызмет еткен әріптестері оның әрекетін қолдаудың орнына, керісінше, «Қазақстанды жеке өзі құтқаруға әуреленіп» жүрген әпендіге балаған тұстары да болған екен. Оқиғаға байланысты, жалпы, Қазақ еліне қатысты түрлі сауалдар қойған хаттар Түркелі комитеті мен «Азаттық» радиосына ағылып келіп жатты. Оның бәріне Хасан ағамыз дер кезінде жауап беріп, ұлтының абыройын сақтауға, қазақты әлем қауымдастығына дұрыс түсіндіруге тырысты. Соның арқасында көптеген ғылыми-зерттеу институттар, ғалымдар, саясаттанушылар үшін Қазақстан атты совет отарындағы елдің бар екендігін таныды, тарихынан хабардар болды, желтоқсан айының 16-18 күндері тоталитарлық тәртіптің соңғы соққысын бастан кешіргенін білді.

Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің арасында қанына тартпай Желтоқсан көтерілісіне селқос қарағандар көптеп табылғанымен Балтық жағалауы елдерінің тумалары, Германияда тұратын бірқатар зиялылар Хасан ағаны, Түр­келі комитетін өздері іздеп келіп, ынты­мақтастық танытқаны, ортақ жаулары совет өкіметінің зұлымдықтарын әш­керелеуге, желтоқсан кезінде жасалған түр­лі қиянаттарды АҚШ бастаған әлемдік қауымдастыққа жеткізуге араласқанын Хасан аға сүйіспеншілікпен тебірене жазады. 

Желтоқсан көтерілісіне «жетпіс жыл­дық советтік отаршылыққа қарсы жасалған тұңғыш саналы көтеріліс» деген анықтама берген де сол тұста «Азаттық» радиостанциясында қызмет еткен Балтық жағалауы елдерінің өкілдері болған екен. «Азаттық» радиосының қазақ бөліміне басшылық жасаған кезінен бастап жалынды публицист, ұлт қайраткері Хасан Оралтай жыл сайын желтоқсан көтерілісі болған мерзімге бір апта қалғанда арнайы сұхбаттар, мақалалар дайындап атап өтуді дәстүрге айналдырғаны, қазақ мүддесін қорғайтын басты тетік еткені шын мәнінде тарихи ерлік болатын.   

Желтоқсан көтерілісі бұрқ еткен 1980-жылдардың ортасы әлемнің өзгеріп жаңаруға қадам басқан тұсымен дөп келді. Жоғары дамыған өркениетті Англия, АҚШ, Германия, Жапония секілді елдердің қоғамдық-экономикалық құрылымы социалистік жүйемен болған бәсекеде жеңіске жетіп, өздерінің артықшылықтарын дәлелдеп қой­ған еді. Социалистік әлемнің басты ядросы болып танылған Совет Одағы ыдырағаннан кейін  социалистік жүйе толығымен күйрегені мәлім. Желтоқсан көтерілісінен кейін одақ­тың өзге елдерінде өткен толқулар мен көтерілістердің соңы осындай елеулі жеңіске жеткізген болатын. Тәуелсіз Қазақстанның тарихи кезеңінің басталуына, бір партия мен бөтен ұлттың саяси өмірімізде шексіз үстемдік құрып, зиялы қауымды марксистік- ленинистік догма қағидалармен мезі еткен отарлықтан құтқаруға Желтоқсан көтерілісі елеулі түрде түрткі болса, Хасан Оралтай сынды ұлт қайраткерлерінің де азаттық таңының арайлап атуына сіңірген еңбектері айтарлықтай деп білеміз. Желтоқсан көте­рілісі секілді тарихи оқиғаны әлемде болып өткен елеулі өзгерістер мен жаңарулардан бөліп қарауға келмейді. Бұл көтеріліс бір орталықтан басқаратын бір ғана партияның өктемдігін жоюды көздеген демократиялық қозғалыстың бастауы, отарлықтан арылып, ұлт-азаттығына бет бұрған батыл қадам еді. Оның тарихи маңыздылығы да осында деп таныған абзал. 

Демократияның жетістігі адам құқы­ғын жалпыға ортақ мәні бойынша мойындайтындығымен, әр азаматтың заң алдында теңдігін қамтамасыз ететін­дігімен биліктің жоғарғы формасы болатындығымен ғана құнды. Демократия қашан да мемлекетсіз, халық билігінсіз орнықпайтыны анық. Қазақ қоғамының біртұтастығын сақтай отырып, тұрақты дамуды орнықтыратын саяси құрал болуына алғашқы қадам жасағандығымен Желтоқсан көтерілісі ке­ле­шекке, жас буынға үлгі-өнеге.  Алайда, лауа­зым­дық қызметті ат төбеліндей азғана топ­тың еншісі етіп, халықтың таңдауы мен сенімін ұмытып, демократиялық қағидалардың бұрмалануы саяси дағ­дарысқа, экономикалық құлдырауға әкеліп соғатынын да естен шығармауға тиіспіз. Санаулы ғана билеп-төстеушілер жеке бастарының қамын күйттеп, ортақ байлықты отбасы-ошақ қасындағы жа­қындарына ғана үлестіріп, сыбайлас-жемқорлық пен былыққа батса, оны демократиялық құндылықты аяққа таптау, Желтоқсанда шейіт болғандардың рухын қорлау, мемлекет пен ұлт мүддесіне опасыздық жасау деп түсінгеннен басқа жол жоқ. 

Демократиялық құндылықтар ешқашан өз құнын жоймайды. Оның артықшылығы мен жемісін азғана топ қана көретін дәуір де уақытша. Аға буынның қажырлы еңбегімен, қасық қанымен келген тәуелсіздіктің құнын біліп, әрдайым жемісін көруді Алла бізге нәсіп етсін. 

 Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
медиатанушы

"Ақиқат" журналы