27 қаң, 2026 сағат 11:37

Абай облысында бір ауыл тұрғындары толықтай алкогольден бас тартты


Фото: Абай облысының Полиция департаменті

Абай облысы, Бесқарағай ауданына қарасты Жетіжар ауылдық округінде орналасқан Лесной ауылы халқы бір ауыздан алкоголь өнімдерін тұтынудан толықтай бас тартып, салауатты өмір салтын басты құндылық ретінде таңдаған, деп хабарлайды Ult.kz.

Fталған бастама Жетіжар ауылдық округіне жауапты Бесқарағай ауданы полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Мұрат Шакимұратовтың ұсынысымен көтеріліп, ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері және белсенді тұрғындардың толық қолдауымен жүзеге асырылды.

Қазіргі таңда 170 тұрғыны, 34 ауласы бар шағын ғана Лесной ауылының бұл қадамы қоғамда оң бағасын алып отыр.

Ауыл ақсақалдарының айтуынша:

«Алкогольден бас тарту – бұл тек ішімдіктен тыйылу емес, бұл – болашақ ұрпақтың амандығы мен ауылдың берекесі үшін жасалған ортақ шешім. Біз бірлігімізді сақтап, тәртіп пен татулықты таңдадық», – дейді ауылдың қадірлі қариялары.


Абай облысының Полиция департаментінің хабарлауынша алкоголь өнімдерін тұтынудан бас тарту ауылдағы қоғамдық жағдайға оң ықпал етті. Тұрғындармен өзара іс-қимыл жүйелендірілді. Балалар мен жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Жастар спорттық жарыстарға, мәдени-көпшілік іс-шараларға белсенді қатысып, ауылдың қоғамдық өміріне өз үлестерін қосуда. Спорттық алаңдар мен мәдени кездесулер жастарды жаман әдеттерден алшақтатып, олардың бойында жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етуде.

Өз кезегінде учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Мұрат Шакимұратов:

«Лесной ауылының тұрғындары көрсеткен бұл бірлік пен саналы таңдау – құқық бұзушылықтың алдын алудағы ең тиімді жол. Халық пен полиция арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықтың арқасында ғана осындай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Бұл бастама өзге ауылдарға да үлгі болады деп сенемін», – деп атап өтті.


Лесной ауылының тұрғындары да өз пікірлерін білдіріп:

«Біз тыныш, берекелі ауылда өмір сүргіміз келеді. Балаларымыздың болашағы жарқын болуы үшін салауатты өмір салтын таңдадық. Полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеу бізге сенімділік береді», – дейді ауыл тұрғындары.


Лесной ауылының алкогольден бас тарту жөніндегі бұл бастамасы – қоғамдағы тұрақтылықты, тәртіпті және рухани құндылықтарды нығайтудың жарқын көрінісі.