08 қар, 2016 сағат 18:31

Желтоқсан қозғалысының алғышарттары

 

1986 жылдың 23 желтоқсанында Қазақстан Коммунистер партиясы Орталық Комитетінің кеңейтілген жиналысында КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы М.С. Соломенцев (ол Алматыға 18 желтоқсан күні ұшып келген) «события, которые произошли  на площади, это не случайное явление, это не стийхийное явление. Это организованное дело. Кто организатор нам неизвестно, удастся ли нам его найти, нет ли мне трудно сказать ...» - дей келе, осыдан отыз жыл бұрын жастар бас болып, көшеге шығу – бұл көпшіліктің наразылығын партия мен үкімет басшыларына білдірудің ұйымдасқан түрдегі әрекет екенін өзін  нақты партия жиналысында мойындап тұрғанын сезбей қалса керек.

Өкінішке орай, Кеңестер одағы басшыларынын әбден есінен тандырмақ түгіл, «Ұлы Русь біріктірген мызғымас Одақтың» түп-тамырының соншалықты берік емес екендігін әлемге жария еткен  «Алматының үш күні», көп уақытқа дейін өзінің лайықты бағасын ала алмай келді.

Себебі, жастар қозғалысының түп-тамыры тым тереңде жатыр, олары кеңінен зерттеу сол кездегі Кеңестік идеологияға тым теріс болар еді. Саяси биографиялардың шебері, «Назарбаев. Групповой портрет с президентом» атты еңбектің авторы М. Млечин: «Почему в декабре 1986 года казахская молодежь вышла на улицы? Это был протест против того, что судьба Казахстана десятилетиями решалась в Москве, причем мнением самих казахстанцев не интересовались», - дей келе мұның арғы жағында «дағдарысқа ұшырай бастаған социалистік идеологияның тұрғанын туралы жазады»

 Кеңестік басшылар болса, мәселені шешкеннің орнына, халықты өз уысында қорқытып, зордың күшімен ұстап тұруға кірісті. Зерттеушілер енді айтып жүргендей, олар соғыстың алдында Қазақстанда еңбекпен түзету лагерлерін жаппай енгізе бастаса, соның ең алғашқысы (Казлаг) 1930 жылы Алматыда құрылып, қанаудағы адамдар «социализмнің үлгілі өндіріс орны» - «Гигант» совхозын құрған болса, 1931 жылы құрылған Қарағанды лагерінде (Карлаг) тұтқында отырған 60 мың адам қоғамға тегін еңбек етіп жатқан.

 Кеңес үкіметінің озбыр саясаты мұнымен де шектелген жоқ. Әсіресе олар,ұлттық интеллигенция өкілдеріне қатты шүйлікті. Ұлттың рухын бұл жолмен баса алмаған Мәскеу басшылары енді келіп қазақ жерін орыстандыру тікелей кірісті. Соның көріністерін Қазақстанның оңтүстік аудандарын Өзбекстанның құрамына беруден басталып, соңы – қазақ жерінде Неміс Автономиясын құру, ол мақсаттарына жете алмағаннан кейін – А. Солженицын бастаған топ, орыс ұлты көп тұрады дегенді сылтауратып, Солтүстік Қазақстан – түпкілікті ресейлік дегенді бастады. 

Осылайша, кезіндегі 300 жылдан уақыт астам «найзаның ұшы, білектің күшімен» орын алған ұлт-азаттық қозғалысы тыншығандай болғанда, Кеңес үкіметінің ақылсыз, қалай-болса солай жүргізген империялық саясаты ХАЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҒЫНЫҢ қайтадан өршітіп, ұлттық бағыттануына әкеліп соқтырды.

Бұдан қазақ жастары да тыс қалмады. Жазушы Әміржан Әлпейсов жазғандай, 1960-70 жылдары Москвада оқитын 1438 жігіттер мен қыздар  ұйымдастырған «Жас тұлпар» жастарының санасын біржолата серпілтіп, азаттық күреске жетелесе, оның идеялық туын қолдағандар: «Жас қазақ» (Қарағанды), «Жас түлек» (Қостанай), «Ұлттық мамандардың  әділеттік тобы» (Өскемен), «Тай шұбыр» (Семей), «Ұшқын» (Гурьев), «Жас ұлан» (Павлодар), «Тың тұлпар», «Оян қазақ» (Целиноград), «Сарыарқа» (Алматы) болатын.

         Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне  берген ақпаратынан: «в «Обращении Казахстанскому народу» от имени организации «Сарыарка» указывалось, что казахский народ подвергся русификации, его язык, культура и обычай подавляются. Все листовки отпечатаны на пишущей машинке... Участники кружка имели выработанную программу, предусматривавшую учение ими трудов К. Маркса и В.И. Ленина по национальному вопросу, экономической и социальной литературы, создание независимого государства (сызған біз – Қ.А.). Было проведено несколько занятий, на которых рассматривались вопросы изготовления листовок, проводились диспуты....»  

         «Тура Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете түсер уақыттың аз ғана алдында Алматы қаласында он сегіз жасар Азамат Жәкібаев алып империя – Кеңес үкіметіне қарсы үнпарақтарын тұрғын үйлердің газет-журналдар салатын жәшіктеріне салып, таратады, - деп жазады Қазақ радиосының директорының орынбасары – Шалқар радиосының директоры Болатбек Төлепберген өзінің еңбегінде, - Үнпарақтардың дені «Жойылсын Кеңес үкіметі!», «Азаттық, теңдік жасасын!» деген тұрғыда болып келеді ... Аз уақыттың ішінде Азамат Жәкібаев тергеу изоляторына қамалды»

         1978 жылдың13 сәуір күні болған сотта (сот басқарышысы – Алексеев Г.В., мүшелері – Морозов З.Н., Пучков В.Н.) Азамат Жәкібаев Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 170-1 бабымен айыпталғандықтан, ісі жабық түрде қаралып, соттың шешімімен психиатрия ауруханасына еркінен тыс, міндетті түрде емделуге жіберілген. Талғар ауданындағы ауруханада күштеп ұсталған Азамат Жәкібаев сол жерде алты жылдан соң қайтыс болған екен.

         1979 ж. маусым айының 16-шы күні Целиноград қаласының орталық алаңында еңбектегі жетістіктері  үшін бір топ облыстың жас жігіттер мен қыздарын ресми марапаттау белгіленген болатын. Жастарды еңбекке ынталандырудың бір жолы тұрғысында осындай шараларды әр жыл сайын өткізіліп тұру дәстүрге айналып бара жатқан. Алайда, нақ сол күні Целиноградтағы орталық алаңға алдыменен келіп жеткен студент жастар болып шықты. Және де олардың негізгі мақсаты жоғарыдан ұйымдастырылып жатқан іс-шараны пайдаланып Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Семей облыстарының бірнеше аудандарының негізінде Неміс Автономиясын құру туралы Коммунистер партиясы Орталық комитетінің шешіміне деген наразылықты білдіру болып шыққан.

Сол күндері оқиғаның бас-қасында жүрген Жылқыбай Жағыпаровтың әңгімесінен: «сол кездегі «Коммунизм нұры» газетінде қатардағы тілшімін. Газеттің Бас редакторы Ыбырайым Қапаровтың тапсырмасымен еңбек озаттары туралы репортаж жазу ойда маусымның 16 күні Орталық алаңға келдім. Алаң жиналыс өткізуге дайын. Сцена құрылған. Дайын микрофон.

Осы кезде алаңға Кенесары көшесі (ол кезде  К. Маркс  атындағы көше –А.Қ.) арқылы бір топ жастар ағылып келе бастады. Кейін білсек олар негізінен ауылшаруашылық институтының студенттері екен. Араларында Целиноград мұғалімдердер институтының студенттері де болған. 

 Бір қазақ жігіті бірден сахнаға шығып  мегафон арқылы сөз сөйлей бастады (кейін байқадым – арнаулы микрофон да қосылулы екен): «Жоғарғы жақ Неміс автаномиясын құру туралы шешім қабылдап, соны бекітпекші. Орталығы – Ерейментау елді мекені. Біз жастар осы  шешіммен келіспейміз».    Одан кейін 1 – 2 қазақ, 1 орыс, 1 неміс азаматтары сөз сөйледі. Бәрінің айтқаны: біз бұл шешімге қарсымыз, келісе де алмаймыз.

Митинг жарты сағаттай уақыт алды. Одан кейін ұйымдастырушылардың шақыруымен алаңдағы адамдар Мир көшесі (қазір – Бейбітшілік көшесі) арқылы Теміржол вокзалына қарай бет алды. Ұйымдастырушылар жиналған жұртқа қатаң тәртіп сақтап,  ешқандай арандатушылыққа жол бермеуді қайта-қайта ескертіп жатты.

Жиналған қалың топ Теміржол вокзалының алдына келіп жеткеннен кейін, митинг енді сол жерде жалғасты. Кейін білдім дәл сол уақытта теміржол бойында үш жаққа бет алған жолаушылар поездары келіп тұрған екен! Ұйымдастырушылар осыны да білген. Яғни, Целиноградта Неміс автономиясын құру туралы партияның ОК шешімімен келіспеушілік шеруіне осылайша ақпараттық қолдау жасау – ұйымдастырушылардың көздеген мақсаттарының бірі болса керек.

Сөз сөйлеушілерге осы жерде бірнеше орыс азаматтары да қосылды. Қазақстанда Неміс автономиясын құруға қарсымыз, қажеттік болса ол бұрынғыдай Саратов қаласының маңында құрылсын деп ашына сөйлегендердің бірі -  соғыс ардагері болды.

Митинг бұл жерде ұзаққа созылған жоқ. Мегафон ұстаған жігіт осы жерге бірнеше бағытта жүретін автобустар келетінін, жиналғандар арнайы көліктерге отырып, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермей,  үйлеріне қайту керектігін ескертіп жатты.

Жұрт тарқады. Ешкім ешкімді үгіттеп жатқан жоқ. Тек бар айтылғаны 19 күні орталық алаңға тағы жиналамыз.

Мен Учхозға (учебный комбинат – сол кездегі Ауыл-шаруашылық институтының оқу орны орналасқан жер, қазіргі – Мичурино елді мекені) кеттім. Ол жерде танитындарым да жоқ. Ешкім ешкіммен араласып, тілдесіп те жатқан жоқ. Әркім өз бетінше жүрген сияқты. Бірақ сырттай осылайша болып көрінгенімен, наразылық білдірушілердің соңында  нақты  ұйымдастырушылардың тұрғандығы  үнемі сезіліп тұрды. Осы жерде редакцияға енді келіп орналасқан Әлия есімді қызды кездестірдім. Қолында орыс тілінде дайындалған үнпарақтар бар екен, соларды қазақша аударып, көбейтуге көмектесуді сұрады. Қалаға келдік. «Қарағанды» көшесіндегі бір үйде түннің ортасына дейін отырып, үндеу қағаздарын қазақшаладық,  машинкаға салып көбейттік...

Осылайша дүниеге келген үндеу парақшалар облыстың бірнеше аудандарына тез арада жеткізілген.

Кейін мені органның адамдары біраз әуреге салды. Обкомға шақырды. Осы жерде мен бір мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Ол – партия органдарында қызмет істеп жүрген кейбір қазақ азаматтарының сол оқиғаға деген позициясы. Мысалы, мені орган қызметкерлері қамалға аламыз деген ойда болса керек.  Сонда олардың әрекеттеріне қарсы ойда болған сол кездегі облыстық партия комитетінің идеология бөлімі меңгерушісі    Есмағамбетова Мағауия Сейілқызы  ма деп ойлаймын.  Бір жағынан ол кісі маған қатты ұрысты. Ауыр сөздер айтқан жерлері де жоқ емес. Бірақ мені жазалаушылардың қолынан аман алып қалды...».

Осындайға ұқсас әрекеттерді біз оқиғаға қатынасқан басқа да адамдардың аузынан естідік. Қазақ жерін бөліп әкетуді ұйғарып, ұйып отырған ұлттың берекесін бұзуға бағытталған  жоғарғы басшыларының шешіміне қарсы болғандардың бас шебінде өзімнің жерлестерім – атбасарлықтардың жүргенін, оларды ұйымдастырушылардың ішінде соғыс және еңбек ардагерлерімен қатар мектеп мұғалімдері Тайық Абылғазина (кезінде мектеп-интернатта бізге химия пәнінен сабақ берген –А. Қ.), Мыңжан Сүтбаев (Атбасар қазақ мектеп-интернатын бізден бірнеше жыл бұрын бітірген, айтып отырған уақытта дене-шынықтыру пәнінің оқытушысы – Қ.А), сатушы Майдаш Опабекова, Сабыр Кенжебаев (бұл азамат та Қазақ мектеп-интернатының түлегі –А. Қ.) болғанынан мен кейін білдім.

Атбасардағы Ілияс Есенберлин атындағы Әдеби музейінде болып, осы адамдармен 2013 жылдың 8 шілдесінде жолықтық. Сабыр Кенжебаевтың айтуынша Атбасар қаласына Целиноград ауыл-шаруашылық институтының бірнеше студенттері келген. Олар үнпарақтар (листовкалар) ала келіп, соларды көпшілікке таратуды сұраған. «Біз отыз шақты жастарды жинадық – деп еске алады С. Кенжебаев, - Негізінен жас жігіттердің  көмегімен үнпарақтарды көше-көшеге тараттық. Түнделетіп жүріп үйлердің қабырғаларына, бағаналарға жапсырдық. Бірақ ол жігіттер митингіге қатынасқан жоқ. Оның өзіндік тактикалық себептері де болды.  Митингіге қатынасқан адамдар жауапқа тартылып жатса да, оларға қойылатын нақты кінә жоқ болатын еді. Ал ол жерде ұйымдастырушылар ұсталғанда,  жағдай басқаша болар еді ғой. Соны да ескердік»

Сатушы Майдаш Опабекова: «Біз, жеңгем Тайық Абылғазина екеуміз неміс автономиясы туралы жоғарыдан шешім қабылданғаны туралы  бірнеше күн бұрын білдік. Митингі болады деген күннің қарсаңында кешке жақын төңіректе  тұратын қазақтардың үйлеріне барып, оларды жиналысқа қатысуға шақырмақ болдық. Көшеге шықтық. Қызығы, қазақтардың терезелерінде жарық жоқ. Тек немістер тұратын үйлерде ғана жарық жанып тұрды...

Ертеңіне митингіге қатынастық. Адам көп болды. Бәрінің айтатындары: «Жерімізді бермейміз! Автономияға қарсымыз!».

Міне, осылайша қазақ жерін бөліп алып, жаңаша билік жолдарын қарастырған жоғары басшылардың іс-әрекеттерін қазақ жастары 1979 жылы тоқтата алса, алты жылдан кейін Алматыда жалғасын тапқан азаттық қозғалысына билік қатты тосқауыл қойды. Мәскеу басшылары 1986 жылғы желтоқсанда Алматы қозғалысына қатынасқан жастарды қатаң жазалай отыра, Қазақстанның көптеген қалаларында да алматылық жастардың қолдаушыларын тауып, оларды жай қалдырған жоқ. Осылайша Кеңес үкіметі, кешегі Целиноградта болған оқиға үшін «кегін қайтарды»

 Кеңес үкіметі басшыларының қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Елдің кешегісі мен бүгінгі, одан әрі - болашағы туралы шын жүректен толғанған ер азаматтардың жүрек жарды айқайының шарықтау шегі, ұзақ уақыт бойы байқалмай тұрған ұлт бойындағы алып күш ақырында барып ЕГЕМЕНДІК пен ТӘУЕЛСІЗДІККЕ  әкелді. Осылайша қол жеткен Тәуелсіздік заманында Ел Басы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н,Ә.Назарбаев Желтоқсан қозғалысына басты назар аудара отыра, ел тағдырын шешетін құжаттар қатарын 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстандағы 1986 жылы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатынасқандары үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл дегеніміз, жабулы қазан қақпағының ашылып, «желтоқсан лебінің» көпшілікке алғашқы рет ресми түрде жете бастауы болса, 1996 жылы 9 желтоқсанда Президент Н.Ә. Назарбаев  «желтоқсан жолында» құрбан болған жас азамат Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке өзінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» берілген елдің ең құрметті атағын берді.

Ел тарихындағы, әсіресе жастардың, кереметтігіне тағзым еткендігіміз осылай болар.

А.Н. Қашқымбаев, 

т.ғ.к., доцент

ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институты, директорының орынбасары

Ұлт порталы

Пайдаланған әдебиет

1. Әлпейісов Ә. «Жас тұлпар дүбірі» . Алматы. – 2013.  216 б.
2. Мдечин Л.М. Назарбаев. Групповой портрет с президентом. – М.,2010. – 344 с
3. Төлепберген Б. Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры: Ғылыми-танымдық талдаулар мен публицистикалық толғаулар. – Алматы, 2016, - 240 б.
4. Табеев Қ.Т. Қазақтың желтоқсаны (Деректі хикаяттар мен мақалалар). – Алматы: «Дайк-Пресс», 2006. – 328 бет