Түрмеде отырған Өзбекстанның бұрынғы президентінің қызы Гүлнәр Кәрімова туыстарына өлең жазып жіберді. Бұл туралы оның қызы Иман Кәрімова өзінің Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады Sputnik.
Иманның айтуынша, ол бостандыққа шыққан адамдар арқылы анасынан хат алған.
"Жуырда түрмеден босатылған өте батыл әйелдердің арқасында біз анамыз туралы, оның денсаулығы жайлы біраз ақпарат және осы өлең жазылған хатты алдық. Өкінішке қарай, біз онымен хабарласа алмай отырмыз", - деп жазды Өзбекстанның экс-президентінің жиені.
Оның айтуынша, Гүлнәр Кәрімоваға хат жіберуге, оған адвокаттардың кіруіне тыйым салынған, тіпті телефонмен сөйлесуге де рұқсат жоқ.
"Бұл өлең оның жан толғанысы мен көңіл-күйін бейнелейді. Шын мәнінде адамдардың түрмеде қандай жағдаймен бетпе-бет келетінін елестетіп, ойлаудың өзі қорқынышты", - деп атап өтті ол.
Гүлнәр Кәрімованың өлеңінде режим мен тұтқындардың бастан кешіретін азаптары суреттелген. Атап айтқанда, ол түрмеде адамдар қорланатынын, олардың жанайқайына ешкім құлақ аспайтынын, сатқындық жайлағанын жазған.
Өзбекстанның экс-президенті Ислам Кәрімовтың үлкен қызы жазасын Ташкент маңындағы №21 Зангиота әйелдер колониясында өтеп жатыр. Оған қаржы жымқырды, салық төлеуден жалтарды, бопсалады және заңсыз жолмен табылған ақшаны заңдастырды деген айып тағылды.
Наурызда Өзбекстанның Жоғарғы соты Гүлнәр Кәрімова ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, бопсалағаны және алаяқтық жасағаны үшін 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылғанын хабарлады.