23 сәу, 2021 сағат 08:23

Жазылбек Қуанышбаевтың өнегесі ұлттық идеологияның бірден-бір бөлігіне айналса құба-құп – Көшербаев

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған «Қазақстанның қой шаруашылығы: өткені, бүгіні және келешегі» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференцияға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір қай-қайсымызға да оңай емес. Жаһандық дағдарыс бір жағынан, пандемия екінші жағынан қыспаққа алып отыр. Бірсыпыра сарапшының пайымынша, жаһандық дағдарыстан жеке-дара мемлекеттер оқшауланып шығып кетуі мүмкін емес. Қазақстан осындай жағдайда неге арқа сүйеуі тиіс? Дағдарыспен күресте қалай әрекет жасаймыз? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы осындай сауалдарға нақты жауап береді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы осы бағдарламалық бағдарламасы арқылы бүкіл қазақстандық қоғамға үндеу тастап, дағдарыс салқыны әлі де есіп тұрған осы шақта ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елді ұйытатын мәселені айқындап берді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа заманның әрқиылы шақыруларынан, ғаламды жайлаған дағдарыстан сауатты қорғану үшін Елбасы жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай қадам жасауды ұсынады. Ал ондағы бағдарланған басты принцип «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ықылым заманнан келе жатқан қазақы қағидамен дөп келеді. Еңбек деген кезде біздің есімізге есімі қалың жұртқа белгілі азаматтар оралады. Солардың арасында биыл туғанына 125 жыл толып отырған шопан, малшы, селекционер, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың атын аттап кете алмаймыз», - деген Мемлекеттік хатшы «дала академигі» атанған шопанның өмірбаянына жан-жақты тоқталып өтті. 

Жазылбек Қуанышбаев 1896 жылы 29 наурызда Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қарасты Көктерек ауылында дүниеге келген. 1930 жылы кеңес мал серіктестігі құрылғанда оған алғашқылардың бірі кіріп, қой бағады. 1936-1957 жылдары Көктерек, Айдарлы кеңшарларында аға шопан болып қажырлы еңбек етеді. 1936 жылы таңдаулы малшылар қатарында Алматыда ашылған Қазақстан ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысады. Осы сапардан оралысымен мал тұқымын асылдандыру жұмысына кіріседі. Жергілікті қылшық жүнді қойды қаракөл қоймен будандастыру ісін жүргізеді. Екінші дүниежүзілік соғынан кейін тоқтап қалған селекция жұмысын қайта жалғастырып, жаңа қой тобы – құнды елтірі беретін қаракөл қойын өсіреді. Одан төл алу және елтірі сапасын жақсарту көрсеткіші жылдан-жылға өрлейді. 1947 жылы әр жүз саулықтан 130 қозы алады. Осы еңбегі үшін 1948 жылы Социалистік еңбекері атағы беріледі. Өндірілген қаракөл елтірілері халықаралық жәрмеңкелерде, Дели, Бухарест, Нью-Йорк қалаларында және аукциондарда өте жоғары бағаланады. Осы үздік табысы үшін 1958 жылы екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. 1957-1965 жылдары қаракөл қойын өсіруді дамыту жолына бастамашы болады. Екі мәрте республика Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды. 

«Еңбектің пайғамбары, қара жұмыстың қаһарманы Жазыбек Қуанышбаевтың өмірі мен өнегесі ұлттық идеологияның бірден-бір бөлігіне айналса құба-құп дейміз. Өйткені, оның жүріп өткен жолы мен еңбегі елге қызмет етудің ерлікке пара-пар үлгісі», - деді Мемлекеттік хатшы.