02 ақп, 2021 сағат 17:37

Жазушы Әнес Сарай дүниеден озды

Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай дүниеден өтті. Суық хабар туралы «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма басшысы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарай Төлендіұлы 1937 жылдың 21 қарашасында Ресей Федерациясының Астрахань облысына қарасты Володар ауданының Құрмалай ауылында дүниеге келген. 

Жазушы тағдыр тәлкегімен қазақ топырағынан жырақта қалса да, тербеліп өскен тал бесігі - Атырау өңірі. Теңіз жағасында қанат қатайтқандықтан ба, 1963 жылы жарық көрген «Дауылда» атты тырнақ алды әңгімесінен бастап «Еділ-Жайық» трилогиясына дейінгі барлық шығармалары теңіз тақырыбына арналып келді. Тіпті, жазушы қазақ әдебиетінде «теңіз жыршысы» атанып та кетті. 

1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Балық аулау кәсіпшілігінде жұмыс істеген. Кеңес Армиясы қатарында болған.

1964–1965 жж. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде әдеби қызметкер, Балқаш қалалық телевизиясында аға редактор (1966), 1967–1971 жж. «Жас Алаш» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша тілшісі, бөлім меңгерушісі болды. 1971–1982 жж. «Жазушы» баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, 1982–1984 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1978–1997 жж. «Жазушы» баспасында Бас редактордың орынбасары, Бас редактор боп істеді. 1998 жылдан шығармашылық жұмыста.

«Мұнарлар шақырады» деген атпен алғашқы әңгімелер жинағы 1969 жылы жарық көрді. 1989 жылы орыс тілінде «Қараша айы келгенде» кітабы шықты. «Қу тазша», «Ару Алматы», «Мұқым менің», «Аңсау», «Тымырсық» пьесаларының авторы. «Біз – жастармыз», «Атаман Анненковтың күйреуі» фильмдерінің сценарийлерін жазған. «Еділ-Жайық» романы үшін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болған.

Шығармалары: Мұнаралар шақырады. Әңгімелер мен повестер. А., «Жазушы», 1969; Қараша өткен соң. А., «Жазушы», 1971; Бозқырау. Әңгімелер мен повестер. А., «Жазушы», 1973; Тосқауыл. Роман. А., «Жазушы», 1976; Алтын арал. Роман. А., «Жазушы», 1984; Ақ тымық күн. Роман. А., «Жазушы», 1989; Асылдың сынығы. Роман. А., «Жазушы», 1996; Исатай – Махамбет тарихы, А., 1997; Адайлардың арғы тарихы. Роман. А., 1998.