30 қаз, 2025 сағат 17:01

Жазушы, әдебиеттанушы Мақсат Тәж-Мұрат дүниеден өтті

Фото: Жазушылар одағы

Қазақстанның мәдени және әдеби ортасы қара жамылды. Белгілі жазушы, эссеист, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Тәж-Мұрат 66 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы хабарлады.

Одақ марқұмның туған-туыстарына, әріптестеріне және барша оқырман қауымға қайғырып көңіл айтты.

Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұрат 1959 жылы қараша айында Атырау облысына қарасты Қосшағыл кентінде дүниеге келген. Ол 1978-1983 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетінде білім алған.

Еңбек жолын 1983 жылы «Білім және еңбек» журналында әдеби қызметкер болып бастаған ол кейін «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Өркен» басылымында редактордың орынбасары, «Жалын» журналының жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінде жастар бұқаралық ақпарат құралдары секторының меңгерушісі болды.

1990-1999 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінде аға оқытушы және доцент болып еңбек етті. 1994 жылы «Ғұмар Қараштың ақындығы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.

Кейінгі жылдары ол қазақ баспасөзінің жетекші тұлғаларының бірі ретінде танылды. 2006-2007 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары, 2007-2009 жылдары «Ана тілі» газетінің бас редакторы, 2009-2013 жылдары «Астана» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Мақсат Тәж-Мұрат – қазақ әдебиетінің тарихын зерттеп, ұлттық руханиятты терең талдаған еңбектерімен белгілі тұлға. Ол «Шәңгерей: жасампаздық өмірі», «Батыс Алаш-Орда», «Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы», «Қаһармандық анатомиясы», «Кәбиса жыл» және «Димаш. Когда жаждут крика» атты еңбектердің авторы.

Жазушының шығармалары мен зерттеулері қазақ әдебиетінің дамуына, баспасөз тарихының жаңаша зерделенуіне зор үлес қосты.

Марқұмның иманы саламат, топырағы торқа болсын.