11 қар, 2016 сағат 14:23

Жазаны айыппұлға ауыстыру – тиімді тетік

Кеше Бас прокуратурада «Қосшыдағы пікір алмасу» атты алғашқы криминологиялық форум болып өтті. Шараның бұлайша аталуы Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының «Қосшы» елді мекенінде орналасуымен тікелей байланысты. Алайда, қазір онда жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, алғашқы отырыстар Бас прокуратура ғимаратында өтетін болады.

Форум жұмысына Президент Әкімшілігінің, Жоғарғы соттың, Конституциялық кеңестің өкіл­дері, Парламент депутаттары, орталық құқық қорғау және мүд­делі мемлекеттік органдардың басшылары, ғалымдар, адвокат­тар алқасының, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Бас прокурор Жақып Асанов отырысты ашып, басты міндет Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді адам мен қоғамға бағдарланған заңнама етіп шығару екен­ді­гін баса айтты. Өйткені, қоғам­да аталған кодекстерді мем­лекеттік жазалау құралы ре­тінде қабылдау белең алған. «ҚПК-да адвокаттарға бірқатар өкі­леттіктер берілген, бірақ олар­ды іске асыру тетіктері жазылмаған. Алқабилер институты нашар дамыған. Про­курорларда ескі таптаурын – анықтау үкім­дерінен қор­қамыз. Мұн­дай сұрақтар өте көп. Оларды қоғам­дық талдау же­тіс­пейді. Сол себептен де осын­­дай алаң құрып отырмыз», деді Жа­қып Қажманұлы. Бұл тұр­ғыдағы ойымен бөліскен Конституция­лық кеңес төрағасы Игорь Рогов 2000 жылы Қазақстан кри­минологиялық ассоциа­циясы құрылып, шетелдік әріп­тес­тері­мен тығыз байланыстар орнат­қандығын атап өтті.

АҚШ-тың қылмыспен кү­рес туралы тәжірибесі қыз­ғылықты екендігін алға тартқан И.Рогов соңғы он жылда осы елдегі қылмыс 30 пайызға азай­ғандығын мысал ретінде кел­тірді. Соның ішінде зорлық-зом­былық қылмыстары 33,4 пайызға төмендепті. Қазіргі таңда осы елде криминологтар ұсынған «Барлық құқық бұзу­шылықтарға нөлдік төзбес­тік таныту» бағдарламасы сәтті іске асуда көрінеді. Елбасы да кезінде осындай игі бастама көтерген-ді. Сондықтан да алдыңғы қатарлы криминологтар даярлаған амери­калық бағдарламаны зерттеу орынды.

Бас прокурордың сөзінен мә­лім болғанындай, қазіргі таңда қыл­мыстық жазаның баламасы ретінде әлемнің көптеген елдерінде айыппұл салу қол­данылып келеді. Мәселен, Англия мен Уэльсте жазалаудың тиімді тетігі ретінде 90 пайыздай қылмыс  айыппұлға ұласса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бар-жоғы 5 пайызды ғана құ­рай­ды екен. Тағы бір белгілі бол­ғаны, елімізде осындай қыл­мыстарға шығарылған 2 мың­нан астам үкімнің орындалмауы. Сондықтан да қылмыстық айып­пұлдарды тағайындау мәсе­лелері бойынша заңнамалық түзетулер енгізу көз­делген.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың сөзі­не қарағанда, кез келген жаза қисын­ды және орындалуға келетіндей болуы тиіс. Егер 1997 жылғы ҚК-де айыппұл 25 АЕК-тен басталса, қазіргі кезде ол 500 АЕК-ке өсіп кеткен. Сондықтан да оны 200 АЕК-ке төмендету ұсынылып отыр. Бұл ретте меншікке қауіпті емес қылмыстық әрекеттер бойы­нша (ұсақ ұрлық-қарлық, тонау, алаяқтық, талан-таражға салу сияқты) еселік айыппұлдар мөл­шерін төмендету де аталмай қалмады. Қазіргі таңда 10 мың теңге ұрлық үшін миллионнан астам айыппұл салу мысалдарын көптеп келтіруге болады. Онша ауыр емес әрекеттер бойынша айыппұлдар Түркия мен Жапонияда бұрыннан қол­да­нылып келеді. Сондай-ақ, Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тә­жі­рибесі бойынша жаза кесіл­гендерге бөліп төлеуді 1000 АЕК-ке дейінгі айыппұлдар бойынша бір жылға дейін созу, ал егер мөлшер одан көп болса, екі жылға дейін ұзар­ту мәселесі де қойылып отыр. Егер айыппұл мерзімінде төленбесе, жаза кесілген адам оны төлеуден жалтарды ма, жалтар­мады ма, оған қарамастан, айып­пұлды өзге жазаға ауыстыру қа­жеттігі ұмыт қалмаған.

Отырыста айыппұлдар мөлше­рін түзету мен төмендетуге, еселік айып­пұлдарды енгізуге, кейінге қалдыру мен мерзімін ұзарту және айыппұлды бөліп төлеуге қатысты нақты пікірлер айтылып, заңнамалық шаралар қабылдау қажеттігі атап көрсетілді. Тал­қы­лау нәтижесінде қылмыстық айыппұлдар жүйесін жетілдіру қажеттігі туралы ұсыныстар жобасы әзірленді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»