18 сәу, 2017 сағат 13:08

Жайықтан ескен сағыныш самалы

Сағыныш самалы ақ ерке Жайықтың жағалауынан есіп тұрады. Өйткені, жұлдыздай жарқ етіп, ерте сөнген Төлегеннің басқан ізі бар. Жалғыз Жайықтың жағалауы ғана емес, сонау, Алатау мен Тарбағатай тауларынан жететін сағыныш сарқыты өлең сарайының іргетасын қалауға күш салды. «Сағыныш» ұғымы қазақ поэзиясында Төлегеннің өлеңдерінде ғана көрініс табады. 

 О, адамдар біргемін мен сендермен, 
Ықыласыңа ешнәрсені теңгермен. 
Сендер менің бақытымның бұлағы, 
Сендер менің дарыныма жел берген, – деп адамзатқа деген сағыныш сәлемін, перзенттік тілегін жеткізеді. Төлегеннің тұла бойына біткен бекзат болмыстың ақ парағы сағынышпен жазылып, күні бүгінгі заманның тарауында жалғасын тауып келеді. Күзгі жаңбырдың тамшысындай жылауық өлеңдер көбейді. Төлегеннің тұнық жырларында әуезді үн естілді. Тұғыры берік шығармалар әнге сұранып тұрғандай болады. «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй», – деп хакім Абай айтқандай, Төлеген ақынның жырлары келешекте әндермен астасқан шығармалар болады деп, өсиет қалдырғандай кейіп танытады. 

Рухани сұраныс деген ұғым бар. Руханияттың жаршысы – ақберен ақындар мен қарымды қаламгерлер. Жойқын жарылыстай қазақ поэзиясына ерекше леп әкелген Төлеген сойқан таланттардың санатына қосылды. Қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова: «Талантты болу қауіпті – талантсыздардың ішінде», – деген екен. Таланттар тасада қалады, талантсыздар төрді аңсайды. Төрді аңсаған қауымды Төлеген поэзиясы түп-тамырымен жойып жіберетін алапат күш пе? – деген саналы сұрақ ойға оралады. Төлеген өлең оқудың өзіндік ізін оқу ордасында қалыптастырды. Қа­дыр ақынның өлеңдерінде: «нағыз қазақты» домбырамен суреттейді. Ал, Төлегеннің домбырада ойнағанын бірі білсе, бірі білмейді. 

«Ақын – ұлт болмысы», – деп ұғынсақ, ұлттық бояу, сезімнің сиқырлы нақышынан көруге болады. 
Сен менің өзімді көрсең, 
Тұрысым осы менің. 
Ал, мендегі ғаламат сезімді көрсең 
Шошыр едің!.. 

Өзіндік болмысты төрт жол өлеңімен суреттеп береді. Ғажайыптан өрбіген тәтті сезім ғаламат сезімге ұласа жөнеледі. Сағыныш ұғымының қатарына сезім қосылды. 

… Кім білсін талай күнгі тілегім ед, 
Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның. 
Иә, ақын жүрегі көрегенділіктің белгісі ме?! Рас, Мәңгілік Елдің тарихнамасына Төлеген жырлары ақын көңілінің жазбаларындай тасқа қашалып жазылды. Заңғар жазушы Ә.Кекілбаевтың: «Ақиқаттың мекені – жүрек. Оған кеңістіктегі ерен болмысты түгел сый­ғызуға болады», – деген көркем ойдың астарында жатқан ұлағатты сөзі бар.Төлеген поэзиясы – өлең сүйер қауымның жүрегіне жетіп жығылып, іргетасын қалады.Қазіргі қазақ поэзиясында Төлегеннің іздері көп. Құштар көңіл – өлеңнің ақжелкенін көтерді. «Арман сапары», «Өмірге саяхат», «Мен саған ғашық едім», «Құмдағы мұнаралар», «Аманат», «Бір тойым бар» дастандары мен шығармалары арқылы қазақ әдебиетінің алтын қанатына айналып, ел есінде қалды. «Құмдағы мұнаралар» атты өлеңдер жинағы үшін Ленин комсомолы сыйлығының иегері атанды. 

Жанассаң жанда жаз қалар, 
Жарқырай түскен жарықтар. 
Қазылмай жатқан қазбалар, 
Жазылмай жатқан тарихтар. 

Еліміздегі қазба байлықтардың жер қойнауында жатып, игерілмей жатқанын айтады. Қазақтың тарихына деген алаң көңіл ақын жүрегін бей-жай қалдырмайды.Ақынның қоғамдағы күрмеулі мәселелердің шешілуі үшін қолына қалам алып, қағаз бетіне өлең жолдарын түсіргені байқалады. Қызық сюжет. Астарлы ой. 

Айбергенов әлеміне бойласақ, «Арал жырлары» өлеңі көзге түседі. 

Шағалаң бейне төбеден, 
Әуелеп ұшқан ақ парақ. 
Аумағың толы көп өлең, 
Айдының фотоаппарат. 

Қарақалпақ халқы теңіздің бойын жағалап, балық аулап күн көрген. Қарақалпақстан мен Арал бойындағы ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігі ұқсас, ақындар мен жыршылардан кем емес екенін айтады. Жартасты жарып өтетін айдынның асау толқынын куәгер ретінде суреттейді. 

Төлегеннің сыни мақалаларын оқысақ, қатал сыншы, очеркіне зер салсақ, шебер журналист, әңгімелерінен зерделі сөздің зергері екен­дігін ұғынуға болады. 1962 жылы «Жұлдыз» журналының № 8 санында «Қоңыр күз еді» атты мақаласы жарық көрді. Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді» атты повесі хақында шығарманың табиғаты ашылғанын, үздік шығармалардың санатына қосу керектігін жазады. Ұлт ұстазы Зейнолла Қабдоловтың да тақырыпқа сәйкес мақаласы жарық көрген кез еді. Бұл Төлеген ақынның сөзді терең түсінген қаламгер екенін дәлелдей түседі. 

Төлегеннің Мұхтармен, Шәмшімен мызғымас берік достығы көпке үлгі. Айбергенов поэзиясының әсеріне еніп, атой салар ақынның егіле-төгіле жырлауына еліктеп өскен жыршылардың бірі – Мұхтар Шаханов. Ол өз сөзінде: «Төлеген Айбергенов, Шәмші Қалдаяқов үшеуміз ерекше достық қарым-қатынаста болдық. Анам марқұм 13 құрсақ көтерген, соның ішінде менен басқасы түгел о дүниелік болып кеткен. Неше балаңыз бар деп сұраған адамдарға: «Менің үш балам бар: үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – мына Мұхтар» – дейтін. Мұхтар Шаханов Төлеген шығармаларынан нәр алып, ағалық ақылын тыңдап, қасында жүріп, көп нәрсені үйренген. 

1965 жылы Атырау топырағында Шәмші екеуі сапарлап келген сәтінде, Жайықтың толқындары әсер етті ме, қайдам?! Жаға­лаудың ақ самалынан рақат күй кешкен Төлеген мен Шәмшінің «Ақ ерке – Ақ Жайық» атты әні дүниеге келді. Лирикалық ән. Фаризаның «Жайықтың толқындары» мен Төлегеннің «Ақ ерке – Ақ Жайық» атты туындылары Жайық бойына ескерткіш орнатқан, озық әндердің үлгісі болды. Апыр-ай, жағалауға тіл біткендей, ала дүлей сезім денемді бойлай жөнеледі. Қыздары Салтанат пен Айнар Айбергенова Атырау топырағына қадам басқан сәтте, «Қазақстан – Атырау» телеарнасы арнайы хабар түсірді. Хабарда қызы Салтанат: «Ақ Жайыққа әкемнің басқан ізін көрейін, әкемнің 80-жылдығын естеріне салайын», – деп келдім. Әке аманатын арқалаған ұрпақтың ішкі ой, жан дүниесіндегі алай-дүлей сезімі. 

…Із. Ұрпақ сабақтастығы. Жұмекеннің әкесі Сабыр соғысқа аттанған сәтте, Нәжімеден қарт Ашақ құмында ізін басқызып, қазанмен бетін жауып қояды. Ізді сақтау – қарттардың өнегесі. Төлеген мен Жұмекен – тағдырдың толқынында тербелген, тау тұлғалар екенін естен шығармауымыз қажет. 

Төлегеннің поэзиясы арқылы қа­зақтың сөз өнері биік деңгейге көтерілді. Қазақ поэзиясына ерекше үн қосып, екпінді поэзияның қалыптасуына күш салды. Себебі, 18 буынды өлеңді жазу, тек, Төлеген талантының бір қыры еді. Астарлы ойлардың түп-тамырына бойлап, бүтін болмыстың кем-кетігін түзеді. Көмбенің құпиясын ашып, алтын сандықтың кілтін XXI ғасырдың ұрпақтарына табыстады. Заңғар шыңға Төлеген есімі қазық боп қағылып, күллі қазақтың жүрегінде сақталды. Артында қалған адал перзенттері – әке өсиетін жалғаған, әдебиет әлемінен кейінгі жоқтаушылары. Төлеген 30 жасында өмірден өтсе де, өлмес мұрасын жинақтап, біреуіңде жоғалтпай бізге жеткізген – Үрниса ананың тәлім-тәрбиесін алып, адам қатарына қосылған төрт қыз бен бір ұлы – Айбергеновтер әулетінің терең тамырлы тарихын, шаң басқан шежіресін жаза түсті. 

«Өзгеге қалай көрінетінін біл­меймін, мен үшін ойлану мен қиялға берілу бүкіл өмірімнің бас қызығындай саналады. Осы аз өмірімнің ішінде ойланып өткізген уақыттарымды өз міндетін атқарып өткізген, саналы өткен, даңқты өткен уақыт деп есептеймін. Сондықтан да, мен ойлар үшін, ойлану үшін қаншама уақытым кеткен болса да, ол үшін өмір бойы өкінбей өтемін ғой деп ойлаймын. Мен үшін өкініштісі сол, арзан күлкі мен болмашы ләззатқа бола жылап кеткен алтын сағаттарым болса керек. Мен осы күнге дейін қанша ойларды қағаз бетіне түсіре бергенде ғой, басқа үшін елеулі дүние болмағанмен, өзіме көп пайдасын тигізер еді-ау, шіркін!», – деп Төлеген ақын өз естелігінде өмірдің өзендей ағып өткенін ауыр күрсініспен суреттейді. Иә, өзі айтқандай, ғұмырдағы уақыты саналы әрі даңқты өтті. Сағаттың тілі тоқтамады. Әдебиеттің алтын кені – Төлеген мұрасын халқына жолдап отыр. Ақын ғұмырының есімін мәңгі есте қалдыру жұмыстары әлі де жалғасады. Төлегеннің тұңғиықтай терең, бұлақтай мөлдір жырлары қазақтай ұлт барда мәңгі сақталады. 

Әділбек Өмірзақов, 

Әдебиеттанушы 
Атырау қаласы. 

Ұлт порталы

Жайықтан жеткен сағыныш хат

Көңіл   қанаты

Қазақтың қаны ақберен ақындықтың, ақжарма күйшіліктің, сұңғыла сазгерліктің елі екені барша қауымға белгілі. Кезінде Төлеген Айбергенов, Фариза Оңғарсынова бастаған топтың қатарына дарынды тұлға қосылған болатын. Ол адамгершілік пен азаматтық, ақындық пен қаламгерлік қабі­лет пен қасиет бойына дарыған дарынды тұлға Меңдекеш Сатыбалдиев еді. Ақын жыраулық поэзия мен қазіргі поэзияны ұштастырған серпінді әрі екпінді өлеңдерді қазаққа сыйлап, әдебиет әлеміне жаңа тыныспен келген адуынды қаламгерлердің бірі. Оның өлеңдерін оқып отырғанда таза, нәзік те пәкизат сезімнің адамы екені көрінеді де тұрады. Өлеңдерінде «көңіл» деген сөз көп қолданылады. Үлкен оймен, ауыр мұңмен өрілген өлеңдерінің өзінде тапқыр ой көрініс табады. Жем бойындағы аталар аманаты мен бабалар өсиетін құлағына құйып өскен Меңдекеш ақын жетімдік қасіретін ерте көріп, бұғанасы қатпай жатып, ауыр жұмыстарды атқарып, нәтижесінде бұғанасынан айырылды. Алайда, алдағы күннің алтын шуағына сеніп, келешектен күдер үзбеді.

Ақынның көзін көрген замандастары сұңғыла ойдың иесі, қаламы қарымды журналист, парасат биігінен көрінген жайсаң азамат ретінде еске алып, зиялы тұлға ретінде жанына ерген елгезек жанның қадір-қасиетін шын ұғатын, бір ғана жолмен жүріп және «Меңдекеш даңғылына» айналғанын тілге тиек етеді. Ақ Жайықтың асау толқынындай тебіренген Меңдекеш шығармашылық бірлестіктің шы­мыл­дығын ашуда, көшбасшылық қалыбын көпшілікке танытып, жанына жойқын жарылыстай таланттарды жинады. Бұл «Жас дәурен» ұйымы еді… Ұйым мүшелері қатарында Ф.Оңғарсынова, Н.Әжіғалиев, Қ.Жүсіп, А.Ершуов, т.б жас дарындар өлең айдынында ақ желкенін көтерді. Отыз жетінің зұлмат жылдарында дүние есігін ашып, кейін балалық шағын сұрапыл соғыс жалмаған Атыраулық Марат Отаралиев пен Меңдекеш Сатыбалдиевтің өлең атты киелі өнерді қолға алуға жарық жұлдыздай ағып түскен Төлегеннің әсері болды.

«Бүлінді қала сарнап, дала сарнап,

Біздің де шытырлады қара шаңырақ.

Біреудің жары қалды тас құшақтап,

Біреудің қалды артында анасы аңырап», – деп балалық шағы соғыс кезінде өткен ақын сол кезеңдегі жетімдіктің тақсіретін су­реттейді. Алайда, өлеңде мұңдас, сырлас, тағдырлас талант иелері орда бұзар отыздың шеңберінде ғұмырлары күрт үзілді.

Әттең..! Тек, тұла бойыңды тұмандай жау­лаған, өзекті өртеген өкініш өңешіңнен шы­ғатындай болады. Ол «Арманым» атты өлеңінде:

…Дариға сонда,

қоңырауы болып,

Күнге беттеген күйменің,

Найзағай тектес

тілгілеп өтсем,

көкала бұлттар түйдегін.

Әлемде бұрын

бірде-бір пенде,

Тартпаған дәмдей тамсантып,

Артымда менің

Құйқылжып жатса,

Топан да топан күйлерім.

Асқақ арманның арғымағына мінген Меңдекештің беймаза көңілі, қиял-ғажайыпқа селкеу түспес сенімі, болашақтағы мол мұрасының мейлінше оқырман қауымның көңілінен шығарына кәміл болуынан туған өлең жолдары құдды ескерткіштің іргетасын қалап кеткендей кейіп танытады. Меңдекештің әлемі – теңіздегі дауыл кезінде көк аспанның төріне тізбектелер шаңқ-шаңқ еткен шағалалардың санатында емес, ұлылығы мен кішілігін тең ұстаған кемеңгерліктің зор үлгісі еді.

Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбер­геновтің Атырау, Маңғыстауға барған сапарлары қазақ мәдениетінде алтын әріппен жазылатын болған. Қос дарынның тудырған дүниесін құлақтарына құйған қауым басын шайқап таңқалады. Керемет кездесулер мен таңдай қақтыратын оқиғалардың қақ ортасында жүріп, негізгі ұйытқысы – Меңдекеш Сатыбалдиев болған көрінеді. Облыстық радио мен газет арқылы облыс жұртшылығына танылып, арасында ғана республикалық газеттерге мақаласы жарияланып жүрген Меңдекеш өлең атты босағаны кейін аттады.Көкірегінде мөлдір бұлақтай төгілген жыр жолдарын Төлегеннің алтын құлыппен ашып жіберген соң туған, сағыныш сазы мен жүрек тебіренісін қозғайтын қадау-қадау жыр жолдары поэ­зия патшалығының кең сарайын ашқызды. Саф сарқыттай, көмбенің құпия қазынасындай жыр бұ­лағы шөліркеген қауымды сусындатты. Меңдекештің қай өлеңін алып қарасаңыз да, әуелі өмірге деген құштарлық, кейбір тұсында міндетті түрде мұң жатады. «Көктем» деген өлеңінде:

Көктемнің мынау алдынан шықтым жүгіріп,

Кеудемде бір сәт қанатын қағып мың үміт.

Дүние тұтас айналып кетті базарға,

Алымсақ арман базарға тартты күбініп, – дейді де, аяғында, «қайран көңілімді қайтейін, әттең, мен ылғи өстіп жүре бермеймін» дегенге келтіреді. Өзінің қыр­шын кететінін, өмірі тым қысқа боларын болжап жазған секілді.

Көп ұзамай басқа қызметтерге шақыр­тулар түсе бастады. «Мәдениет және тұр­мыс» журналының жауапты хатшысы болып тағайындалып, баспасөздегі орнын заңғар биікке көтеріп, оқырмандарына өзекті әрі танымды мақалалар сыйлады. Ақын өміріндегі шабытты кезеңдердің бірі болды. Әдебиеттегі аға буын мен қатарластарының топ ішінен іздейтін, алтын тәж кигізетін қалаулы азаматына айналды.

«Жалын тарттым жел қанат бәйгі атының,

Албырт туған тентекке қайда тыным?!

Тежемедім тізгінді, қайран жүрек

алып-ұшып қадайды Айға туын», – деп кезінде шығармашылығына жоғары берген Ғафу Қайырбековке арнаған өлең жолы тұғыры берік, қазыналы жырлардың жалғасы екені белгілі.

Алаштың ақиық ақыны Фариза Оңғарсынова өз естелігінде: «Шілденің 20-сы күні ғой деймін – кабинетіме Меңдекеш келді. Үстінде ақ көйлегі бар. Өзі ел жаққа іс-сапарға барып, көңілді оралған беті екен. Содан 1-2 ай бұрын Меңдекештің үйінде отырып, екеуміз әдебиет мәселесі төңірегінде келіспей, ақыры «дүрдараз» күйде мен кетіп қалғам. Бұл жолы екеуміз де түк болмағандай жарқылдап әңгімелесе кеттік. Біраз отырды. Өткен-кеткенді еске алдық. Бұл менің Меңдекешті соңғы рет көруім екен. Бірер күн өткенде Меңдекеш ауруханада жатыр деп телефон соғылды. Ақұштап екеуміз такси алып, бардық. Ішке кіргізбейді. Күнде ертемен және жұмыстан кейін Аманкелді мен Комсомол көшелерінің бұрышындағы аурухананың алдында дос-жолдастары болып, тұрып-тұрып кетеміз. Қиналып жатқанын сезіп, іштей егілеміз. Бірақ, қолдан келетін ештеңе жоқ. 2 тамыз күні таңертеңгі 7-де әдеттегідей алып-ұшып ауруханаға келсек, жым-жырт…

Қазақ поэзиясының көгінен тағы бір жарық жұлдыз ағып өтті», – деді.

Иә, «Азырақ болып ортаңда, көңіліңде тұрсам көбірек», – деп өмірдің сан тараулы жолдарын санаға құйған Меңдекеш ақынның мерейі еселене берсін деген тілек бар.

«Жақсыны көрдім –

Жарамсақтарға алданған,

Жаманды көрдім –

Жақсының атын малданған.

Бақытты көрдім –

соңында бұққан қайғысы…

Не көрмейді адам

осынау жалпақ жалғаннан?!

Батырды көрдім –

Тағдырдың шалған үсігі,

Ақынды көрдім –

Қашалған тастан мүсіні…», – деп Меңдекеш ақын жырлағандай, қайран қазағымның тіршіліктегі жақсылығына сүйсініп, жамандығына күйінген ақын болмысының кенеттен қашалған мүсінге айналғанын байқауға болады. Ал, бұл сәуегейлік пе? Тағдыр ма?

Ақын есімін ардақтау мақсатында Атырау қаласының орталық көшесі мен туған жері Жылыой топырағында мектептің аты берілді. Оқырманы сағынған, елін арманда қалдырған Меңдекеш ақынның 2017 жылы аталып өтілетін 80-жылдық мерейтойы қарсаңында республикалық дәрежедегі мүшәйра алтын бесігінде өтетін болса, ақын рухын тербетер игілікті шара болары сөзсіз.

Әділбек Өмірзақов,

Әдебиеттанушы

87782456020, Атырау қаласы.