09 жел, 2019 сағат 14:13

Жайықта мұз ойығына түсіп кеткен велосипедші құтқарылды

Атырауда Жайықтың әлі қатпаған мұз ойығына түсіп кеткен ер адам құтқарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Адамның өмірін көшедегі бейнебақылау камерасының көмегімен құтқарды. Камераға оқиға болған сәт жазылып қалған.

Бұл келеңсіз жағдай бүгін күндіз сағат шамамен 12:20 кезінде қала орталығында, Әлиев пен Сатыбалдиев көшелерін жалғап тұрған автокөлік көпірінің астында болған. Өзеннің ортасында велосипедпен келе жатқан ер адам құлап, мұз ойығына түсіп кеткен. Оқиға орнына шүғыл түрде полиция патрульдік экипажы, төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, жедел жәрдем бригадасы келді. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлерінің бірлесіп әрекет етуінің нәтижесінде 1988 жылы туған ер адам судан құтқарылды және жағада күтіп тұрған дәрігерлерге тапсырылды», - деп хабарлады аймақтың Полиция департаментінің баспасөз қызметінде.

Атырау облысының Полиция департаменті тұрғындар мен қала қонақтарына Жайық өзеніндегі мұздың әлі қатпағандығын ескертеді. Сонымен қатар, күндізгі уақытта ауа температурасы жылы болады. Полицейлер азаматтардың өз басын қауіп-қатерге тікпеуге, яғни өзеннің мұзымен жүрмеуге шақырады.