24 қаң, 2025 сағат 14:22

“Жасыратын түгіміз жоқ“. Бозымбаев Ақтаудағы ұшақ апаты туралы

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтауда апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағының қара жәшіктеріндегі деректер қаншалық сақталғаны, және тергеудің қалай жүріп жатқары туралы айтты, - деп хабарлайды Ult.kz.

Бозымбаевтың айтуынша, қазір сарапшылар жұмыс істеп жатыр.

"Қара жәшіктер ашылып, Қазақстанға қайтарылды, Бас прокуратураның қолдауымен тергеу тобында. Қазір сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Бұл материалдардың көшірмелері Әзербайжан тарапында да, Ресей тарапында да бар. Жасыратын түгіміз жоқ", деді вице-премьер Үкіметтегі брифингте.

Одан бөлек, Қанат Бозымбаев Үкіметте өтіп жатқан БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде Ақтаудағы ұшақ апатынан көз жұмған қазақстандықтардың отбасыларына қандай көмек көрсетілгені және тергеу қалай жүріп жатқаны туралы мәлімдеді.

"Ақтаудағы ұшақ апатының алдын ала қорытындысы келесі апта аяқталады. Қаза тапқандардың отбасыларына Үкімет тарапынан материалдық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, әрбір көз жұмған адамға 5 млн теңге өтемақы берілді. Жерлеу рәсімдеріне көмек көрсетілді. Демеушілердің көмегімен келесі апта тағы да көмектер беріледі", - деді Премьер-министрдің орынбасары.

Бозымбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Әділет министрлігі жанындағы сот сараптамасы тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

"Туыстары бұл расында да ұшқыштардың, экипаж мүшелерінің дауыстары екеніне сенуі керек. Бұл – үлкен халықаралық жұмыс. Келесі аптада алдын ала бөлім жарияланады деп үміттенеміз", – деп қосты вице-премьер.

Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының AHY8243 рейсімен Баку (Әзербайжан) – Грозный (Ресей) бағыты бойынша ұшқан жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған еді.


Оқи отырыңыз: Ақтаудағы ұшақ апаты: оқиға хронологиясы