08 қыр, 2023 сағат 09:30

Жастарды қолдау – елдің болашағына жол ашады



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күнгі Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңыздылығы жайында өте өзекті мәселелерді көтерді. Осы тұрғыдан келгенде Жолдау ерекше деп топшылауға болады. Мемлекет басшысы өз жолдауында жастар саясатына қатысты бірқатар маңызды мәселелерге де тоқталып өтті.


Солардың бірі жастарды дамыту мен оларды қолдауға арналған бағдарлама қажет екенін айта келе: «Елімізді инновациялық жолмен дамыту үшін Астанада және Алматыда қажетті экожүйе қалыптастыруға мән беріліп отыр. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн» деп топшылады. Біз білуіміз керек, еліміздің болашағы жастар екендігін. Егер жастарымыз білімді, білікті болса еліміз қарыштап дамиды, яғни экономикамыз көтеріледі деген сөз. Сол себепті, қазргі таңда жаңа өмірге қадам басқан студенттер мен жас ғалымдарға жағдай жасауды одан әрі мемлекет тарапынан қолдап, әртүрлі бағдарламаларды іске асыруды талап етеді. Нақтырақ айтсақ, университеттерде жатаханалардың жетіспеуі, ҒЗИ-да жұмыс істейтін баспанасы жоқ жастарға (жас отбасыларға) Ғылым және жоғары білім министрлігінің тікелей араласуымен мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана мәселесін шешіп беру қажет.


Сондай-ақ, ЖОО-ын бітірген жас мамандарға министрлік тарапынан жұмысқа орналастыру мәселесін шешіп берген оңды. ЖОО оқуды бітірген студенттерден жұмысқа орналасты деген өтірік анықтама алдыртуды шектек қажет. Өкінішке орай бұл үрдіс бізде белең алып тұр. Осындай олқылықтарды шешетін болсақ елімізде жастар тұрақтайтын еді. Осы кезде бәрімізге белгілі білімді, ойы ұшқыр көптеген жастар шетел асып кетіп жатыр. Осының барлығы жастарға жағдай жасаудың салғырттығынан болып жатқан дүние. Тағыда бір айта кетерлік мәселе бұл – мемлекеттік идеологияның нашар жұмыс істеуінде. Біз жастарды Отан сүйгіштікке, мемлекетке деген адалдыққа үйретуіміз қажет. Оның барлығы бала бақшадан басталуға тиіс.


Президент жолдауда: «Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде» деді.

Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология

институтының жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, PhD

Т.Әпендиев