22 қаз, 2019 сағат 14:25

Жасанды интеллектіні қоғамның игілігіне қалай пайдалануға болады?

Жасанды интеллект компаниялар мен өндіріс орындарына ғана емес, халыққа да зор пайдасын тигізе алатын күшке ие. Жас кәсіпкерлер толқыны инновациялық технологияны қоғамның пайдасына жарату арқылы орасан зор өзгерістер әкеле алады.

Бүгінгі таңда жасанды интеллект атқарушы билік пен корпоративтік салаларда шешім қабылдау процесінде кең қолданыс тапқан. Жасанды интеллект құралдары коммерцияға көбірек пайдаланылғанымен, оның әлеуметтің жағдайын жақсартуда да пайдасы мол.

Осы мақсатта Масачуссетс технология институты Solve және the Patrick J. McGovern қорының біріккен жобасына назар салсақ, жасанды интеллектіні экономикалық әлсіз топтардың жағдайын жақсартуға қолдануға болады. Кәсіпкерлер тобы жасанды интеллектінің көмегімен әлемдегі көптеген қордаланған сұрақтардың тың шешімін іздестіруде.

Жасанды интеллектінің тиімді тұсы – ірі көлемдегі мәліметтерді сараптамадан өткізіп, деректер арасындағы байланысты асқан нақтылықпен көрсетіп, соңғы шешімді адамның өзіне қалдырады. Адам мен машинаның осындай серіктестігі әлеуметтік мәселелерді шешуде ерекше ықпалға ие. Себебі, этникалық топтар қарама-қайшылыққа түсіп жатқан қоғамда оңтайлы шешім шығару үшін ақпаратты барынша объективті сараптаудың маңызы жоғары.

Мәселен, азаматтардың қаржылық жағдайы мен төлем жасау қабілетін айтар болсақ, олардың жеке банктік есепшоттары болмаса, ипотека немесе кредиттік карта алуы мүмкін емес. Банкте аккаунттары жоқ азаматтар өздерінің төлем жасауға қабілетті екенін коммуналды қызметтерді төлеген квитанциялары мен телефондағы чектері арқылы да дәлелдей алады.

Жасанды интеллектке негізделген Destácame бағдарламасы Чили мен Мексикадағы 1,3 миллион халыққа қызмет көрсетеді. Ол несие беру ұйымдарында тіркелмеген деректерден альтернативті несие ұпайларын құрайтын алгоритм қолданады. Осылайша, клиенттің ипотеканы төлеуге қабілетті жайлы деректер жинайды, содан кейін қаржылық ұйымдар оларға несие беру мүмкіндігін қарастырады. 

Сонымен қатар, жасанды интеллект білім беру мен денсаулық сақтау саласында жоғары сапалы қызметтің құнын арзандатып, нәтижені жақсартуға септеседі. Century Tech білім беру платформасында мұғалімдердің күнделікті қайталанатын жұмыстары мен әкімшілік тапсырмаларын автоматтандырады. Сондай-ақ әрбір студенттің білім алу қабілетіне сай, арнайы оқу бағдарламасын құрастырады, сәйкесінше олар оқу үлгерімін жақсарта алады.

Тағы бір мысал, Ada Health  бағдарламасы науқастар мен денсаулық сақтау қызметкерлеріне қатар қызмет көрсетеді. Оның интерфейсі науқаспен сөйлесіп, оның хәл жағдайын сараптамадан өткізеді. Содан кейін бағдарлама бірден науқасқа керекті медициналық нұсқауларды береді. Бұл бағдарламада медициналық деректер жасанды интеллектімен басқарылып, медициналық шешім қабылдайды және қоғамдық денсаулық сақтау қызметкерлірінің, фармацевт, мейірбике және фельшерлердің орнын баса алатын қабілетке ие. Бұл медициналық қызметкерлер саны тапшы аудандарда өте маңызды рөл атқарып, науқастарға кәсіби көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

ISeeChange  платформасы қолданушының айтқан сөзін тани алады және сенсорлы жүйенің арқасында қалалардың климаттық тұрақтылығын сақтауға, инфрақұрылымды жоспарлауға, тіпті қоғамдық қауіпсіздікті де бақылауға қолданылады. Тұрғындар платформаға өз аудандары туралы мағлұматты ауызша айтады, машина айтылған деректі бір арнаға біріктіріп, климаттық модельдер құрастырады.

Crisis Text Line жасанды интеллекті дағдарыс орталығына хабарласқан жасөспірімдердің өмірден түңілу белгілері бар хабарлама мәтіндерін сараптамадан өткізеді. Бағдарлама тез арада көмек көрсету керек қауіпті аймақтағы адамдарды анықтайды. Жасанды интеллект ірі көлемдегі деректерді өңдеу арқылы ең бірінші кезекте кімге жауап қайтару керектігін көрсетеді. Мысалы, «ибупрофен» сөзін қолданған адамның өзіне зиян келтіру ықтималдылығы жоғары екендігін белгілі болған. Осылайша жасанды интеллекті осы сөз кездесетін хабарламаларға бірінші кезекте көңіл бөледі. Ал түсіндіру жұмыстарын ерікті консультант психологтар жасайды.

Жоғарыдағы мысалдар жаңа бизнес модельдері үлкен деректер (big data) мен жасанды интеллект технологияларының құндылығын арттыруға болатынын көрсетті. Сол себепті МТИ Solve және the Patrick J. McGovern қоры тізе қосып, ғаламдық проблемаларды шешуге талпынған технология саласының кәсіпкерлеріне қолдау көрсетеді. Олар технология стартаптарын алғашқы кезеңінен бастап анықтап, өсіп дамуына, қоғамның игілігіне  пайдаланатын  дүние шығаруына жағдай жасайды. Solve дайындаған арнайы қазылар алқасы технология саласының кәсіпкерлер тобын алда болатын Solve Challenge Finals сайысына іріктейді.

Егер жасанды интеллект мұқтаж адамдардың қызметіне берілсе, ол миллиардтаған адамның өмірін жақсартатын потенциалға ие. Бұл өз кезегінде жасанды интеллект тек ауқаттылардың ғана қалтасын қалыңдатуға арналған құрал деген түсінікті түбірімен жояды. Технологияны қоғамның дамуына жұмылдырған кәсіпкерлер ұзақ уақытқа әсер ететін, орасан зор өзгерістерге сеп бола алады.

Мақаланың түпнұсқасы: weforum.org