15 қаз, 2025 сағат 11:47

Жасанды интеллект саласының маманы Мәжіліс депутаты болды

Фото: AMANAT партиясы

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Оқу-ағарту министрі қызметіне тағайындалған Жұлдыз Сүлейменованың орнына келген жаңа депутат Әбутәліп Мүтәлі ант берді.

Бұған дейін AMANAT партиясының Саяси кеңес бюросы Мәжілістегі партиялық тізім бойынша босаған мандатты Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Әбутәліп Мүтәліге беру туралы шешім қабылдаған болатын.

Ант беру рәсімі кезінде депутат:

– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутат ретінде өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерді адал атқаруға ант етемін, – деді.

AMANAT партиясы таратқан ақпаратқа сәйкес, Әбутәліп Мүтәлі  «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі. Ол бұған дейін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласында қызмет атқарған.

Жаңа депутат Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына енді.

Айта кетейік, бүгінгі жалпы отырыста заң мен тәртіп үстемдік ететін қоғам құруды мақсат ететін заң жобасы талқыланып жатыр.