25 шіл, 2019 сағат 07:06

Жасанды интеллект адам жұмысын қалай өзгертеді?

Соңғы кезде бизнесте жасанды интеллект кеңінен қолданыла бастады. Осыған байланысты технологиялар саласына қатысты сарапшылардың бір тобы бұл үрдіс қалыпты жұмысты қалай өзгертетіні туралы өз болжамын жасады.

Олардың пікірінше, автоматтандыру технологиялары адамдарды ауыстыру үшін емес, қызметкерлердің жұмысын жақсарту үшін пайдаланылуы керек. Әйтсе де, мамандар жасанды интеллект және роботтар секілді технологиялар ендіруде біраз қиындықтар болатынын ескертіп отыр. Роботтар қатарына олар бағдарламалық жасақтама және машиналарды қосқан.  

Роботтар адамдарды ауыстыра ала ма?

«Emotech» компаниясының құрылтайшысы Челси Чен «роботтар адамдардың орнын басатынына көп уайымдаудың қажеті жоқ, оның орнына жасанды интеллектпен бірлесіп жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін іздеу керек» дейді. Бұл компания адам сөзінің мазмұнын ұғып, оның көңіл-күйін аңғаруға тырысатын «Olly» дауыс құрылғысын шығарады.

Ченнің айтуынша, адам баласы тірі жанға тән сезімдерді компьютерден гөрі жақсы ажыратады. Олли құрылғысы да тұтынушының дауысына қарай, көңілін біле алады. Бірақ бұл жүрегінен шыққан сезім емес, ұзақ жаттығудан кейін игерген дағды. «Адамға маңызды кез келген жұмысты роботтармен ауыстыру қиынға соғады», - дейді ол.

«Red Commerce» компаниясының технологиялық өзгерістер бойынша менеджері Ману Делл'Аквиланың пікірінше, қызметкерлерді негізгі міндетінен алаңдататын істерді машиналарға тапсыру қажет. Әкімшілік жұмыстарды автоматтандыру қызметкерлердің еңбегін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.  

Бірақ кей жағдайда автоматтандыру адамдарды расында да жұмыссыз қалдыруы ықтимал. Мәселен, өздігімен жүретін көліктер кәсіби жүргізушілерді ауыстыруы әбден мүмкін. Тіпті кейбір мекемелерде қызметкерлер өздерін ауыстыратын компьютерлік бағдарламаларды өздері жаттықтыруы да ықтимал. «Жеке өзім әріптестермен бірлесіп, автоматтандыруды ендіру арқылы толыққанды еңбек етуге жағдай жасағым келеді», - дейді Ману Делл'Аквила.

Бизнеске маңызды істерді роботтарға тапсыруға бола ма?

Қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын «Quant Network» компаниясының  атқарушы директоры Сесилия Харви банк саласындағы жиырма жылдық тәжірибесіне сүйеніп, автоматтандырылған жүйелер маңызды үдерістерді басқара алатынына күмән келтіреді. Оның айтуынша, технологияларды жеткізуші кәсіпорындардың өкілдері өнімдері жұмыс тиімділігін арттырып, қаржы үнемдейтіні туралы ауыз толтырып айтады. Бірақ сонымен қатар сәтсіз шешімдер қабылдау қаупі артатыны туралы тіс жармайды.

Харвидің айтуынша, «адам болсын, робот болсын, бәрі қателеседі». Сол себептен басты назарды ішкі үдерістерді автоматтандыруға бөлу қажет. Мұндағы олқылықтар елеулі мәселелерге әкелмейді. «Ал тұтынушыларға кері әсер тигізу немесе бақылаушы ұйымдар жағынан жазаға әкелу қаупі болған жағдайда, жасанды интеллект қолданудан аулақ жүрер едім», - дейді Харви. Мұндай қателіктер фирма беделіне кір келтіріп, зор шығынға батыруы ықтимал.

Дыбыстап айтылған сөздерді жазбаша түрге бейімдейтін «Trint» қызметі өнімдер бөлімінің басшысы Аластер Жардин жасанды интеллект жүйелерін жасауға қажет деректерге қатысты қатерлер бар екенін мәлімдеді. Әдетте өз жүйелерін дамыту үшін олар дыбыс таспалары мен жазбаша түрдегі үлкен көлемді деректерді қолданады. «Біз үйрету үшін қолданып жүрген деректерімізге сенімді болуымыз тиіс», - дейді Жардин. Мәселен,  автоматтандырылған транскрипция қызметін үйреткен деректерде боғауыз сөздер болса, жүйе оларды жұмыста қолдануы мүмкін.  

Жардинның айтуынша, жасанды интеллект жүйелерін үйрететін деректерге байланысты жеке мәліметтердің құпиялығы мен этикалық тұрғыдағы мәселелер туындаған. Amazon және Google секілді технологиялық алпауыттар өздерінде жиналатын ақпараттың басым бөлігін үйретуші деректер ретінде қолданып келеді. «Amazon дыбысты деректер жинауда құпиялықты сақтауға дұрыс көңіл бөлмегені алаңдатады. Google да тап осындай іспен айналысады. Олар рұқсатымызды алмай, алгоритмдерін үйрету үшін біздің жеке деректерімізді пайдаланады», - дейді ол.

Толық жариялылық қажет

Тұтынушылар адамдармен әлде компьютерлік бағдарламамен қарым-қатынаста отырғанын білуі тиіс. Сарапшылардың барлығы осындай ортақ пікірге келді. «Мен толық ақпараттың жариялануын және тұтынушылар роботпен сөйлесіп отырғанын білу керектігін үнемі қолдап келемін», - дейді Харви.

Әлі талай мәселе шешу қажеттігіне қарамастан, сарапшылар алдағы бес жылға мол үміт артып отыр. Харвидің айтуынша, жасанды интеллект жүйелерін қолдану кәсіпорындардағы еңбек жағдайын жақсартады. Мәселен, чат-бот күн сайын қызметкерлерді жұмысында не ұнамайтынын сұрап тұрады. Жардин арнайы мамандардың көмегінсіз, қызметкерлердің өздері жасанды интеллект жүйелерін жұмыс орындарында орната бастайтынын күтіп отыр. Ченнің айтуынша, автоматтандырылған жүйеге көп тұтынушы қосылып, шығын азаюына байланысты, мекемелер бүкіл әлем бойынша халықты сапалы медицина мен біліммен қамту үшін жасанды интеллект жүйелерін қолдана алады.

Делл'Аквила мұндай технологияларды қызметкерлерін жұмыстан шығаруды емес, өз кәсібін кеңейтуді көздейтін кәсіпорындар ендіретінін атап өтті.   «Кәсіпкерлер билік немесе технологиялық топтардың қысымымен емес, өз ниетімен жасанды интеллект революциясын өткізгенін қалаймын», - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: theguardian.com