Елімізде карантин әлі жалғасуда. Бұл жағдай - мектепте және ЖОО-да білім алатын оқушылар мен студенттер үшін оқуын жалғастыру жолында айтарлықтай қиындық тудырып отыр. Алайда осы қиын кезде табыс та тауып, білім саласына өз мүмкіндіктерін ұсынып жатқан онлайн платформалар пайда болды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз - жас та болса, кәсіптің жолын ерте бастаған Бөгенбай Таласұлы.
24 жасында оффлайн білім беру орталығын, онлайн платформа да ашып үлгерген жас кәсіпкердің оқушылар мен ата-аналарға дайындап жатқан тағы бір жобасы бар екен. Осы орайда, онымен танысып, анық-қанығын білу үшін біз кәсіпкердің өзіне тікелей хабарластық.
- Бөгенбай мырза, сіз туралы редакция сұрастырып көрген еді, осыған дейін білім орталығын ашып, кейін оффлайн бизнесті онлайға айырбастаған екенсіз. Неге?
- Себебі қарапайым. Осы уақытқа дейін жасаған оффлайн форматтағы оқу орталығы білім саласындағы оқушы сұранысын толық шеше алмайды екен. Сондықтан бізге осы онлайн форматқа көшу керек деген ой келді.
Қазақстанның кез келген жеріндегі оқушы үздік ұстаздардан түрлі бағытта білім алуы керек.
- Әлемдік пандемияның әсері білім саласына, соның ішінде өзіңіз секілді қосымша білім беретін онлайн платформаларға қалай әсер етеді?
- Адымдап жететін жерге секіртіп жеткізді деп айтуға болады. Басында қиналғанымен бәрі енді онлайн форматта білім алуға үйреніп келеді.
Жалпы «онлайн» деген түсінік жақсы дамып келеді. Билл Гейтстің "сіздің бизнесіңіз интернертте жоқ болса, онда бизнесіңіз жоқ" деген заман шынымен келіп қалды деп айтуға болады.
- Сіздің жобаңыздың ерекшелігі неде? Неге «sabaq.online» деп аталады? Мақсаты мен мүддесі қандай?
- Мақсатымыз - сапалы білімді кез келген оқушы үшін қол жетімді ету. Үлкен қалада тұратын оқушылар үшін гимназия, лицей секілді мектептер қолжетімді. Ал басқалар ше? Біз бұл білімнің бәріне бірдей берілгенін қалаймыз және сол үшін бұл жобаны іске қосып отырмыз.
- Еліміздегі онлайн платформалардың көздегені тек ақша емес пе? Сіздің платформаның оқушы мен ата-анаға, ұстазға не бере алады?
- Егер онлайн білім беретін платформа мемлекеттік бағдарлама аясында емес, жеке кәсіп көзі ретінде жасалса, онда оның ақша табуы заңдылық. Ол – кәсіп.
Біздің жобаның басты мақсаты – Қазақстандағы 4% оқушыға білім беру. Егер бізде 4% оқушы білім алса, ол үлкен жетістік деп сенемін. Өтірік оқыған және оқымаған оқушыларды санға қосып, өзімізді алдамай-ақ шынымен 4 пайыз оқушыға тұрақты түрде білім беріп отырсақ, біз үлкен жұмыс атқардық деп сенімді түрде айта алатын едім.
- Туып-өскен жеріңіз, жалпы білім алған ортаңыз жайында айтып берсеңіз?
- Мен - Шымкент қаласының тумасымын.
Облыстық Дарын мектебін бітірдім. Мектеп кезінен математикаға икемім жақсы болып Халықаралық, Республикалық олимпиадалардан жүлделі орындарға қол жеткіздім. Мектеп кезіндегі арманым Гилберт есептерінің біреуін шешу болатын. Бірақ кәсіп жолымен кеттік. Мүмкін біздің платформадан білім алған оқушылар қол жеткізер ол арманға.
- «Жас келсе, іске» деген бар. Сіздің кәсіп тек қана ақша табу емес, ұрпаққа білім беруді көздейді. Қандай қиындықтарға тап болдыңыз, бөлісе отырсаңыз?
- Алғаш бастаған кезде жас көріп, бірігіп жұмыс істеуден қорыққан мұғалімдер болғаны рас. Өзім де ыңғайсызданатын едім. Кейін уақыт өте келе сөзімізге емес, ісімізге қарап сенім білдіре бастады.
- Өзіңіз қатарлы жастарға қандай ұсыныс айтар едіңіз? Қазір карантин кезінде жұмыс жоқ дейтіндер көп. Жолын қалай тапқан дұрыс?
- Белгілі бір ақыл айтатын жаста емес екенім анық. Бірақ мектеп түлектеріне айтарым, басқа қалаға оқуға кету керек, ал студенттерге онлайн мүмкіндіктерді игерген дұрыс деп ойлаймын. Бұл - менің осы жылдар ішінде көрген тәжірибемнен келген жеке ойым.
- Ең үлкен қателігіңіз және ең үлкен жеңісіңіз?
- Қателік деп өкінетін ештене жоқ секілді. Көрген қиындықтарыма шүкір айтып, қайта орнымнан тұруға тырысамын.
Жетістік жолы енді басталады. Жеңістің дәмін сезініп те көрдім. Алайда оны ұстап тұру керек. Сол үшін менің ендігі жетістігім - алға қойған мақсатқа жетуім болмақ.
- Сұқбатыңызға рақмет!
Ұлт порталы