29 там, 2016 сағат 09:59

"Жарылыстан көз ашпаған далам-ай..."

Бүгін Семей ядролық полигонының жабылған күні. ҚР Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Полигонның қасіреті – қазақ жерінің қасіреті. 

Назарларыңызға "Семей-Невада" қозғалысының әнұранына айналған «Заман-ай» өлеңі мен Тыныштықбек Әбдікәкімұлының полигон жабылар шақта жазған "Қара дала" өлеңін (әні Т.Базарбаевтікі) ұсынамыз.

Заман-ай

сөзі: Ұ. Есдәулетовтікі
әні: Т. Мұхамеджановтікі

Ұлдарыңның қайда кеткен құрығы,
Қыздарыңның қайда кеткен бұрымы?
Мейірімге зарықтырған заман-ай,
Заман-ай, заман-ай,
Туған жердің лайланды-ау тұнығы.

Қайран елім, қайран жерім қор болған,
Жомарттығы сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай.

Неге біздер у ішеміз суаттан,
Неге біздер ажыраймыз тұяқтан?
Туған жерді тоздырғанша, заман-ай,
Заман-ай, заман-ай,
Неге жерге кірмейміз біз ұяттан?

Қайран елім, қайран жерім қор болған,
Жомарттығы сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай.

Қираттық та ата-баба мазарын,
Қасіреттің тарттық енді азабын.
Қоң етіңді ойып берген, заман-ай,
Заман-ай, заман-ай,
Көсілетін көрпең қайда, қазағым?

Қайран елім, қайран жерім қор болған,
Жомарттығы сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай.

***

Қара дала 


Күн кірпігін қаққанда тақыр Дала көрінген, 
Қалаға да сол Тақыр қорқынышты өлімнен. 
Қасқыр да жоқ ол жақта, 
Арқар да жоқ – құрыған. 
Тек, 
Иттері мияулап, 
Мысықтары ұлыған. 
Жер төсіне сол жақта Атом сына қаққан-ды, 
Мекендейтін халқы да қара халық ақ қанды. 
Жаратқанға сенгендей, өздері тым аңғал-ақ, 
Мал баққан боп жүреді маңдай тері сорғалап. 
Өмір көші – баяғы өткен жылдар тұсында, 
Соңғы аршаның қаны бар семсер – сәске ұшында… 
Енді ол жаққа бейкүнә құс та қанат қақпаған, 
Ал, әуеде сөздер көп бірін-бірі мақтаған. 
Күн кірпігін жапқанда, күбірлейді сол Дала, 
Не дейді екен, білсеңдер айтсаңдаршы, жолдар-ау!.. 

Ұлт порталы