Бірнеше буын ұрпақ білім алып, қанатын қаққан – батыс өңіріндегі негізгі ұстаздар ұстаханасы, 85 жылдық тарихы бар М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті – Қазақстанның көне жоғары оқу орындарының бірі, аймақтың мәдени, ғылыми, әлеуметтік және экономикалық дамыту орталығы болып табылатын білім ордасы. Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары мен жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспары атты кешенді бағдарламасы мен қойылған нақты міндеттерді орындау мақсатында университетте жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Білім ордасы бүгінгі күні тәжірибе көрсеткендей, оқу үрдісін ұйымдастыруда халықаралық тәжірибе алмасуды арттырып келеді. Университет оқытушылары жыл сайын біліктілік арттыру курстары мен Қазақстанның және Еуропаның белді жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтуде. Университетте физика және математика бағыты бойынша бірлескен білім беру бағдарламалары енгізілді. Бұл бірлескен бағдарламалар Отто фон Герике атындағы (Германия), Ұлы Казимир атындағы (Польша) университеттерінің, ал қос дипломды білім беру АҚШ-тың Миссисипи университетінің қатысуымен жүзеге асуда. Университетте Ресей Халықтар достығы университетімен (Мәскеу) магистратура бойынша бірлескен бағдарламалар жүргізілуде. Бұл біздің магистранттарымызға жетекші серіктес университеттердің диплом алуларына мүмкіндік береді.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде (БҚМУ) мультимедиялық кластармен, электронды және қашықтан оқытуды қамтамасыз ететін жаңа компьютерлермен жабдықталған «Махамбет» ақпараттық технологиялар орталығы жұмыс жасауда. Университетіміз қазірдің өзінде білім беру жүйесін оңтайландыруда инновациялық авторлық бағдарламаларға ие. Оқу орны сайтының білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігінің ЖОО интернет-ресурстарының 2015 жылғы рейтингісінде 60 жоғары оқу орнының арасында 8-ші орынды иеленіп отырғаны да үлкен жетістік деп білеміз. Осы орталықтың робототехника лабораториясында жас ғалымдар, студенттер, мектеп оқушылары да ғылыми жобаларды бірлесе атқаруда. Мектеп мұғалімдеріне роботты техникадан арнайы курстар өткізіліп, біліктіліктерін де шыңдауда. Ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары жасақталып, білім беру модульдерінің құрамы кеңеюде. Оқытушылар арасында жыл сайын инновациялық жобалар байқауын өткізу де дәстүрге айналып отыр. Студенттердің кәсіби білімдерін кәсіпорындарда тәжірибелік негізде шыңдауы жолға қойылды. Жұмыс берушілер кеңесінің қатысуымен еңбек нарығының талаптарына сәйкес студенттердің таңдаулары негізінде 185 модульді білім беру бағдарламасы жасақталды. Алдағы оқу жылында құны 40 млн теңге қаржыны құрайтын физика лабораториясы іске қосылмақ. Сонымен қатар, жаңа материалдық базамен қамтылатын оқу ғимаратын тұрғызу да жоспарланып отыр.
Университет бүгінгі таңда халықаралық ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлық қызметі алыс және жақын шетел жоғары оқу орындарымен халықаралық байланыстарды ұйымдастыру және дамыту жұмыстары бойынша бірқатар істер атқаруда. Нәтижесінде бүгінде университетіміз таяу және алыс шетелдің сексеннен астам жоғары оқу орнымен келісімшарт жасаған. Олардың қатарында: Малайзияның Малайа-Уэльс халықаралық университеті, Германияның Гутенберг атындағы университеті, Пассау университеті мен Польшаның Быдгощ қаласындағы Экономика жоғары мектебі, АҚШ-тың Миссисипи университеті мен Лондон Менеджмент академиясы, т.б. бар.
Оқу орнының биылғы жылы Университеттердің еуропалық қауымдастығына толық мүше болуы еуропалық білім мен ғылым кеңістігінде отандық білім мен ғылымды шетелде танытуға өз үлесін қосары анық. Осы оқу жылында еліміздің 2016-2019 жылдарға арналған Білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жоғары оқу орнының топ-менеджерлігіне шетелдік мамандар тартылып отыр. Оқу орнында көп тілді білім беру орталығының басшылығына оңтүстіккореялық маман Ли Джонг Хюннің шақыртылуы аталған сала бойынша шетелдік тәжірибе алмасудың тағы бір мүмкіндігі деп білеміз. Университетімізде 100-ге жуық шетелдік студенттердің де білім алуына жағдай жасалынды. Олардың арасында алыс шетелден – АҚШ-тан, Германиядан, Қытайдан, Ресейден келген студенттер бар.
Бүгінгі университет келбетін ғылым – инновация – өндіріс үштағанынсыз елестету мүмкін емес. Университеттің ғылым саласындағы жетістіктері де аз емес. Бүгінгі ғылымды жаратылыстану ғылымдарынсыз елестету қиын. Бұл ғылымдардың тілі баршаға ортақ. Ал бүгінгі таңда ғылымды дамытуда шетелдік тәжірибе маңызды. Елімізде өндіріліп, мемлекет қазынасына елеулі қаржы құйып отырған мұнай саласының өзі ғылыми тұрғыда көп зерттеуді қажет етеді. Ғылым мен өндіріс өз бетінше жүрмеуі тиіс. Ғылымда ашылған әрбір жаңалық өндірісте тәжірибеден өтіп, қызмет етуі қажет.
Университеттің ғылым алдындағы үлкен міндеттерінің бірі ғылым мен өндірістің өзара байланысы және өндірістің ғылымды қаржыландыруы болып табылады. Ғалымдар еңбектері Қарашығанақ «Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясымен байланыс орнатып, оқу орнымызға қомақты қаражат әкелген болатын. Жоба сәтті аяқталды, оның қорытындысы өндіріске енгізілді. Аталған жоба кейін де «Бұрғылау карбонатты шламды, мұнай негізді қоңыр ерітіндіні кәдеге жаратудың әдістерін баламалы дамыту саласында ғылыми зерттеу жүргізу бойынша қызмет көрсету» тақырыбындағы үшінші ғылыми-инновациялық жобасымен жалғасып, Қарашығанақ «Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясынан тағы да қолдау тапты. Зерттеу нәтижесінде бұрғыланған корбонатты шламды термомеханикалық өңдеуден соң мұнай негізінде Қарашығанақ газконденсатты кен орнында қолдануға болатынын және Б маркалы 2 бітістіретін IV және V класты жол-климаттық аймағында белсенді минералды ұнтақ ретінде асфальтбетон қосындысында қолдануға болатынын көрсетті. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында 1,3 шақырым Ақсай – Приуральный автокөлік жолы бойында сынақ жиегі және Зеленов ауданында Орал – Атырау автокөлік жолы бойында орналасқан Үлкен Шаған елді мекені маңында 800 метрлік орман шаруашылығына арналған өртке қарсы минералданған сынақ жолқатары төселді.
Университетімізде бүгінгі таңға дейін алты халықаралық ғылыми-зерттеу консорциумы құрылып, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Олардың қатарын
да Г.Ибрагимов атындағы тіл, әдебиет және өнер институты мен Қазан федералды университеті (Қазан қаласы), Орынбор мемлекеттік университеті, «Санкт-Петербург ғалымдар одағы» қоғамдық бірлестігі, Башқұрт мемлекеттік университеті мен Ресей Ғылым академиясы Уфа ғылыми орталығының әлеуметтік-экономикалық зерттеу институты (Уфа қ., Ресей), Қалмақ мемлекеттік университеті Поволжье мемлекеттік әлеуметтік-гуманитарлық академиясы орталығы, «Еуразия халықтары достастығы» (Орынбор қ., Ресей) атты ғылыми орталықтар мен өзге де оқу орындары бар.
Бүгінгі таңда университетімізде 24 мамандық бойынша магистратура жұмыс жасайды. Магистранттарымыз халықаралық тағылымдамадан өту арқылы өз білімдерін шыңдап, тәжірибе алмасуда және қаржыландырылған, келісімшарттық негіздегі ғылыми-зерттеу жобаларына көптеп тартылуда.
Ал «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» мемлекеттік бағдарламасының білім алам, маман болам деген жастарға берері мол. Аталған бағдарлама бойынша Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Маңғыстау облыстарынан келген 500-ге жуық студент грант негізінде білім алуда. Ағымдағы оқу жылында да «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік жобасы бойынша университетімізге 15 мамандық бойынша мемлекеттік гранттар бөлініп отыр.
Жас ұрпақты сапалы біліммен қаруландыру үшін ең алдымен оларға әлеуметтік-тұрмыстық, материалдық жағынан да барынша қолайлы жағдайлар жасалу қажет. Осыдан үш жыл бұрын студенттерге тоғыз қабатты, жас мамандарға арналған бес қабатты жаңа жатақхана салынып, пайдалануға берілсе, өткен оқу жылында оқу ғимараты қайта жасақталып, тағы бір жатақхананың пайдалануға берілуі оларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндік барын көрсетіп отыр. Студент жастардың жазғы демалыстарында «Жасыл ел» еңбек жасағы мен студенттік құрылыс жасақтарына жаппай тартылуы олардың бойында еңбексүйгіштік қасиеттің артуына септігін тигізуде.
Университетіміз институционалды және халықаралық аккредиттеуден сәтті өтіп келеді. Оқу орнымызға студенттер қабылдау мен мемлекеттік гранттар алу бойынша көрсеткішіміз жыл сайын артуда. Дегенмен де педагогикалық мамандықтарға деген сұраныстың әлі де төмен екендігі байқалуда. Сондықтан да педагогикалық мамандыққа деген сұранысты арттыруға тиіспіз. Биылғы жылы педагогикалық мамандықты таңдаған талапкерлер арнайы емтихан тапсырды. Бұл, әрине, оңды қадам. Алайда, сол мамандықты таңдаған, болашақ педагог маманға шынайы лайықтылығын айқындайтын емтихан алу жүйесін әлі де жетілдіре түсу қажет деп ойлаймыз.
Бүгінгі таңда туындап отырған тағы бір мәселе, мемлекеттік гранттар бөлу. Педагогикалық мамандықтар гранты көбіне педагогикалық институттарға квота арқылы бөлінеді. Ал өңірлік мемлекеттік жоғары оқу орындарына гранттар жалпы конкурс негізінде тағайындалып келеді. Педагогикалық институт болмағанмен, өңірлік мемлекеттік жоғары оқу орындарының көп жылдан бері және жүйелі түрде педагог мамандар дайындап отырғаны ескерілсе. Мемлекеттік білім гранттарын тағайындауда өңірге қажетті сұранысқа ие мамандықтарды ойластыра отырып, квоталық жүйе бойынша бөлу оң нәтижесін берері айқын.
Асхат ИМАНҒАЛИЕВ,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, профессор