04 сәу, 2021 сағат 13:56

Жаппай вакцинация басталды: Халық пікірі қандай?

Бір-екі жылдың ішінде әлем бойынша тарай бастаған короновирус індеті адамзаттың дамуын тежеп, қоғам тұрмысына елеулі өзгерістер әкеліп жатқаны белгілі. "Індеттің беті қайтты" деп айту - әлі де ертерек. Күн сайын жарияланып жатқан статистикалық мәліметтерге қарасақ, вирустың таралуы бәсеңси қойған жоқ. Керісінше, ауырғандар мен емделіп жатқандар саны көбейе түсті. Өкінішке орай, адам шығыны да азайған емес. Сондықтан дүние жүзіндегі барлық мемлекет індеттің алдын алып, оның таралуын мейлінше тоқтату мақсатында халықты вакцинациялау жұмыстарын бастап кетті. Өйткені "коронавирусты ауыздықтаудың бірден бір жолы – вакцина" дейді мамандар. 

Осы орайда біз вакцина салдыртқан ел азаматтарының әлеуметтік желідегі пікірлерін оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.

«"Спутник V" салдырдым. Коронавирус өршіп кеткенде, вакцина шықса салдырам деп ойлап жүруші едім, вакцина салдырудың реті бұнша тез болады деп күтпеппін. Терапевтім "салдырасыз ба?" деді, сөзге келместен тәуекел дедім. Белгілі дәрежеде реакция болатынын да білем, дәл маған келгенде сол реакция жеңіл болады деп үміттенем. Енді антидене қалыптасқанша, сақ болу керек» - дейді белгілі журналист Болат Мүрсәлім.

Әлеуметтік желі белсендісі, журналист Айдос Жұқанұлы да сақтанбаса болмайтынын айтады.
«Алматы жұртының тәртіпке бағынуы қиын. Ығы-жығы халық. Сабылған көлік. Тіршілік үшін күрес. Кіріп шыққан қонақтарды, тіркеусіз елді қосқанда бұқара саны 3 млн-ға жуықтайды. Нұр-Сұлтандағыдай қашықтық сақтап, сол жағада жұмыс істеген түр көрсетіп отыра алмайсың. Оның үстіне науқастар күннен күнге көбейіп барады. Сондықтан сақтанбаса болмайды. Өз өмірім өзіме керек. Қазақ вакцинасын күтіп жүргенде тырапай асармын деп бүгін орыстікін ектірттім. Вакцина алғаннан кейін бірінші күнде бәрі ойдағыдай болды, екінші күні қандай күйде болғанымды ертең жазамын», - дейді ол.
Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің директоры, белгілі педагог Алмас Күнғожин да вакцина қабылдағанын жеткізді.
«Кеше мен өзіме COVID-19-ға қарсы екпесін (вакцина) салғыздым. Бұл вакцинаны салдыруға көптеген күмәнданушылармен бірге қарсыластардың бар екенін білемін. Алайда инфекцияны жұқтырудың жанама әсерлері мен салдарын салыстыра келе, ғылыми қауымдастық, батыс және шығыс елдерінің коронавируспен күрестегі тәжірибесіне сенім білдірдім. Қазіргі жағдайда, бізге бұл індетті жеңуге тек жаппай вакцинация ғана мүмкіндік бере алады деп ойлаймын. 
Вчера сделал себе прививку от Covid-19. Знаю, что есть много сомневающихся, а также противников. Но я сопоставил риски побочных эффектов и последствий от заражения. Доверился научному прогрессу, опыту западных и восточных стран в деле по борьбе с коронавирусом. Полагаю, что в нынешних условия только массовая вакцинация позволит победить эту болезнь» - дейді белгілі педагог.

Павлодарлық инфекционист Зарина Ескендірова да әлеуметтік желіде вакцина алуға қатысты ойын бөлісті. 

«Мен не себепті вакцина салдырдым? Біріншіден, жұқпалы аурумен ауыратын науқастармен байланыста боламын. Бұл – менің жұмысым, сондықтан ешқандай қорғаныс киімі ауру жұқтырмайсың деген кепілдік бере алмайды. Екіншіден, маусым айында өзім де ауырдым, енді екінші рет ауырғым келмейді. Ауырғаннан кейін тұрақты иммунитет қалыптастауы мүмкін, ал вакцинадан кейін тұрақты иммунитет қалыптасады. Үшіншіден, мен ата-ана, туған-туыстарғаа ауру жұқтыратын вирус тасымалдаушысы болғым келмейді. Олармен де қарым-қатынаста болғандықтан, олардың да қауіпсіздігін ойлауым керек. Төртіншіден, мен «Спутник V» вакцинасына сенемін. Оның клиникалық сынақтан қалай өткені туралы танымал The Lancet журналына жарияланған. Оны әлемдегі 45 мемлекет қолданып жатыр, бұл - танымалдық жағынан AstraZeneca-дан кейінгі вакцина», - деп жазды ол Instagram парақшасына. 

Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов бойын қорқыныш билесе де, вакцина ектіргенін жазды. 

«Жексенбі күні болғанына қарамастан тұрғындарға жаппай вакцина егу басталды. Қорқыныш сезіміне қарамастан мен де вакцина ектірдім. Вакцина жасатып жатқан жастар көп. Кезекте тұрғандар көп. Дәрігерлер мен медбикелер, психологтар кім қорқып тұрғанын байқап қояды. Тамағымызды мұқият қарап, дене қызуы, қан қысымын өлшеп, денсаулыққа қатысты басқа да сұрақтар қойды. Аллергиямыз бар-жоғын сұрады. Екпе салғаннан кейін 30 минут отырасың және қандай күйде отырғаныңды қағазға түсіріп бересің. №9 емхана басшылығының екпе егу бойынша тәжірибесі бар. Олар жағдайды бақылауда ұстап отыр» деп жазады Марат Бәшімов.