26 қаң, 2022 сағат 14:11

Жаппай тәртіпсіздік: Әкімдік ғимаратына кірген екі көпбалалы ана үйқамаққа алынды


Қызылордада жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлік шығарған екі көпбалалы ананың үстінен іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс орталығында 5 қаңтар күні жаппай тәртіпсіздік кезінде екі азаматша бүлікшілермен бірге облыс әкімдігінің ғимаратына баса көктеп кіріп, тәртіпсіздікке орын берген. Видеожазбада олардың тас лақтырып, әкімдіктің қоршауына мініп, балағат сөздер айтқаны, ғимаратқа заңсыз кіргені көрсетілген. 

Екі азаматшаға қатысты Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігімен (жаппай тәртіпсіздікке қатысу) қылмыстық іс тіркелді. Факті бойынша жан-жақты және объективті тергеп-тексеру жүргізілген. 

Екі азаматша қылмыстық әрекеттерін толық мойындады. Олардың асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуы және олардың денсаулық жағдайы мен өздерінің өтініші ескеріліп, бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды. 

Әрбір дерек мұқият зерделенеді. Нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетін болады», - деп мәлім етті Қызылорда қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметінен.