Осы жылдың беташар айының соңында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауы қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, онда тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан басталып, одан беріде қабылданған таяудағы бағдарды белгілеген стратегиялық бағдарламаларға да байыпты баға берілген.
Қаңтардағы халыққа жолдауында Елбасы: «Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет. Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әр түрлі екеніне сенімдімін. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында бірге қалыптастырған әлеуетімізді жоғалтып алмауымыз керек», – деп атап көрсетті.
Ел экономикасының дамуы, сөз жоқ, халықтың әл-ауқатын жақсартып, әлеуметтік салалардың халыққа көрсетілетін қызметтерін жандандыруға да ықпалын тигізді. Жергілікті жерлерде мәдениет ошақтарының ескілері жаңартылып, жаңадан мәдениет үйлері мен спорт ғимараттары бой көтеруі де жұртшылық тарапынан оңды бағасын алғанын атап айту қажет. Түптеп келгенде, бұл халықтың мәдениетін көтеруге, денсаулығын жақсартуға бастайтын игі шаралар болып табылады. Мемлекетіміздің ішкі өміріндегі осындай оңды іс-шаралар басқа көршілес елдер мен басқа да бүкіл әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау тауып жатқаны қуантады.
Бұл ретте Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделін одан әрі көтерген Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі десек қателеспейміз. Осынау маңызды халықаралық шараны ұтымды ұйымдастырып, оны Елбасының тапсырмасына сәйкес үлгілі түрде өткізу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан кешенді бағдарлама қабылданып, мұнда қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен дәстүрін көрсететін іс-шараларға ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта қазақ халқының ұлттық дәстүрін кеңінен паш ететін орталық, «Қазанат» ипподромының аумағындағы 2,5 мың шаршы метр жерде орналасқан «Этноаул» кешені бой көтерді.
Сөйтіп, «Қазақ Этноаулы» бірегей жобасы, қазақтардың арғы тегі – көшпенділердің мәдениеті мен тұрмысын қайта жаңғыртумен қатар, Қазақстанның оң имиджін қалыптастыру мақсатындағы мәдени-туристік және имидждік жоба болуға, сондай-ақ, еліміздің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталды. Этноаул келушілерді қазақ халқының бай тарихы, мәдениеті, өнері және салт-дәстүрлерімен таныстырып, көшпелі өркениет пен өткен ғасырдың атмосферасын сезінуге мүмкіндік жасаған өнегелі орынға айналды.
Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде ұлттық спорт түрлерінен республикалық және халықаралық жарыстар өткізілді. Бұл ретте бәйге түрлерінен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесіне ашық республикалық турнир (аламан бәйге, ұшқыр бәйге) және көкпардан әлем чемпионаты («Қазанат» ипподромы) табысты ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет біз тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін және еліміздің мәдени ландшафтын сапалы жүйелендіруге кірістік. Осы жұмысты тиімді жүзеге асыру мақсатында ҚР Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» арнайы орталығы құрылды. Осы орталық жанында өз келісімдерімен 40-тан аса ғалымдар мен бірқатар белгілі қоғам қайраткерлері тартылған ғылыми-сараптамалық кеңес жұмыс істейді. Солардың жалпыұлттық және жергілікті киелі орындарды таңдау бағытындағы тыңғылықты еңбектері арқасында республика деңгейіндегі 100 киелі нысан және өңірлік деңгейдегі 500-і айқындалып, таңдап алынды.
Министрлік тарапынан туризм саласын дамытуға жете көңіл бөлінуде. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша туризм ұлттық экономиканы әртараптандырудағы «Олимпиялық саражол» деп аталған 6 драйвер-сала қатарына енгізілді. Осынау өзекті сала – туризм алдына мынадай міндет қойылды: оның ІЖӨ құрылымындағы үлесін 2025 жылға дейін 8%-ға дейін арттырып, елімізге келушілер туризмінің пайыздық өсімін қамтамасыз ету.
Үкімет тарапынан алға қойылған осындай маңызды міндетті жүзеге асыру жалпы туристік индустрияны дамытумен тығыз байланысты. Осы мақсатта министрлік тарапынан нақты іскер жобалар қолға алынған, солардың қатарында Елбасының өткен жылғы қарашадағы тапсырмасына сәйкес осыдан бұрын қабылданған тұжырымдаманы қайта жаңарттық. Онда, ішкі және сыртқы туризмді дамытудың қажеттіліктері ескеріле отырып, талапқа сай тиісті инфрақұрылымы жетілдірілген өңірлік мәдени-туристік кластерлер құру да көзделген.
Біздің министрліктің қолдауымен таяуда, атап айтқанда, қыркүйектің 27-сі – 29-ы аралығында Астанада «Демалыс» – Astana Leisure 2017» 14-інші Қазақстандық халықаралық туристік көрмесі ұйымдастырылды. «Көрме» аталатын арнайы көрме орталығына әлемнің 20-дан астам елінен 1500-дей келушіні қабылдау жоспарланғанын да айта кеткен жөн.
Көрме жұмысына әлемнің 11 елінен 100 компания қатысады деп күтілген. Ұлыбритания, Венгрия, Вьетнам, Германия, Египет, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Ресей, Словения, Таиланд және Украинадан келген турбизнестің кәсіби мамандары өзекті туристік бағыттар мен 2017 жылдың күзгі-қысқы маусымының жаңалықтарын ұсынды. Өз кезегінде, AstanaLeisure 2017 экспозициясының алаңы шамамен 1100 шаршы метрді құрағаны да Қазақстан тарапынан көлемді таныстырылым ұйымдастырылғанын айғақтайды.
Біз қазір тың жаңалықтар, инновациялық және озық ғылыми-техникалық шешімдер дәуіріне қадам бастық. Бұл экономикалық өсім мен өмір салтымыз болмысын түбегейлі өзгертіп отыр. Осыған орай Президентіміз Н.Ә.Назарбаев екі жаңғыруды жария еткен болатын. Біріншісі, негізгі қозғаушы күшінің бірі бүгінде туризм болып табылатын, ұлттық экономикамызды диверсификациялауға бағытталған жаңғырту да, ал екіншісі, қазақстандық сәйкестікті бекітуге және қазіргі заманғы әлемдік талаптарға бейімделуге бағытталған – қоғамдық сананы жаңғырту.
Қазір осы екі бағытта да министрлік тарапынан, жоғарыда айтып өткендей, кешенді бағдарламалар қабылданып, бірқатар жобалар жергілікті мәдениет басқармалары қатысуымен жүзеге асырыла бастады. Атап айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуына біз толықтай мониторинг жасадық.
«Туған жер» арнайы жобасын іске асыру мақсатында «Туған жер» – «Туған ел» Базалық бағыты жасалды, онда «Қазақстанның мәдениет қызметкерлерінің ашық форумы» республикалық жобасы аясында мәдениет саласындағы қызмет көрсету деңгейі бойынша көрсеткіштер айқындалды. Аталған жобада жаңғыртудың 6 принципі ескерілді, олар – бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық сәйкестікті сақтау, білімді ұлықтау, Қазақстанды эволюциялық жолмен дамыту және сана-сезім ашықтығы.
Бүгінгі таңда қоғамдық кеңістіктегі (музейлердегі, кітапханалардағы, бос уақыттағы және де басқа мәдени іс-қимылдағы жаңа формалар) ұдайы өзгеріп отырған жағдайларға бейімделу – қоғамдық сананы жаңғыртуға және жаңартуға бастайтын құбылыс. Бұл ретте осындай маңызды жұмыста мәдениет қызметкерлері халықтың неғұрлым көбірек бөлігін қамтуға, әсіресе жастармен жұмысқа баса көңіл бөліп, адамдардың барлық санаттарын олардың мүдделерін есепке ала отырып қамтуға көңіл бөлу қажет деп санаймыз.
Шындап келгенде, жаңғырту үрдісі қоғам тарапынан, халықтың өз ішінен қалың қолдау тауып отырғанын баса айту қажет. Жер-жерден министрлік атына келіп түсіп жатқан талап-тілектер қатарында рухани жаңғырудың көңілден шыққаны айқын аңғарылады. Яғни, Елбасы көтерген көкейкесті мәселелердің әрбір қазақстандық үшін маңызды болып отырғаны – еліміздің болашағы тарихтың тереңінен бастау алған мемлекеттігіміздің нық берік ұстанымдарға негізделгенінің белгісі.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі
"Егемен Қазақстан" газеті