
Аукциондар жүйесі жаңартылатын энергия көздеріне бағаның айтарлықтай төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жиынтық қуаты 1,5 ГВт жаңартылатын энергетика жобалары үшін 2018-2020 жылдардағы халықаралық аукциондық сауда - саттық электрондық форматта өткізілді. Соның ішінде 25 аукцион сәтті өткізілді (2018 жылы – 13 аукцион, 2019 жылы – 6 аукцион, 2020 жылы – 6 аукцион). Сауда-саттыққа 12 елден, яғни Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркия, Германия, Франция, Болгария, Италия, Біріккен Араб Әмірліктері, Нидерланды, Малайзия, Испания елдерінен 172 компания қатысты», - деді министр.
Аукциондық сауда-саттық қорытындылары бойынша 58 компания жаңартылатын энергия көздері электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен (Қаржы-есеп айырысу орталығымен) жиынтық қуаты 1219 МВт-қа 15 жылға арналған келісімшарттарға қол қойды.
«Аукциондық жүйе «жасыл экономика» қағидатына сәйкес жүзеге асырылатын жобалар бағасының айтарлықтай төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік берді. Жекелеген жобалар бойынша тарифтердің барынша төмендеуі күн электр станциялары үшін – 64%, жел электр станциялары үшін– 30% және гидро электр станциялары үшін 19 пайызды құрады», - деді Ноғаев.
