Тұңғыш рет құрылған Жастар кеңесінде жаңа тағайындаулар болды. Бұл туралы ҚР МСМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі, Жастар Кеңесінің Төрағасы Арыстанбек Мұхамедиұлының 2 мамырдағы бұйрығымен Жастар Кеңесінің төрағасы Ақберен Елгезек, ал Кеңестің хатшысы болып Қазақстан жазушылар одағының Астана қалалық филиалы директоры Бауыржан Қарағызұлы бекітілді.
Естеріңізге сала кетсек, ұлттық әдебиетімізді және ақындық өнерді қолдау мен насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Жастар кеңесі құрылған болатын.
Жастар кеңесі – өнер және әдебиет саласында әдістемелік-сараптамалық жұмысты жүзеге асыру үшін құрылған консультативтік-кеңестік ұйым.
Кеңестің негізгі міндеттері: жастарға қатысты кешенді әдебиет және өнер салаларының басым бағыттарын анықтау, оны қалыптастыру және іске асыру; жеке және заңды тұлғалармен, шығармашылық одақтар, ассоциациалар және тағы басқа қоғамдық маңызы ұйымдармен бірлесе отырып жұмыс жүргізу; жастардың түрлі заманауи форумдарға, конференцияларға, жиындарға қатысу және Министрліктің шешімдерін талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескере отырып жұмыс жасау, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жобаларын және тағы басқада жастарға қатысты өзге де маңызды сұрақтарын талқылау; шығармашылық қайраткерлермен жұмыс барысында туындаған мәселелерді шешуде орталық және жергілікті атқарушы органдарға консультативтік көмек көрсетеді.