
Өнеркәсіп салаларын қолдаудан өңдеуші өнеркәсіптің тиімді кәсіпорындарын ынталандыруға көшу жүзеге асырылады. Бұл туралы Мәжілісте «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Институционалдық қамтамасыз ету аясында құжаттың 2-бөлімінде Өнеркәсіпті дамыту қоры мен «Өнеркәсіп» ақпараттық жүйесін құру және оның қызметін жүзеге асыру мәселелері реттелген. Өнеркәсіпті дамыту қоры өнеркәсіптік-инновациялық қызметті мемлекеттік ынталандыру іс-шараларын ұсыну жөніндегі оператор болады. Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ақпараттық жүйесі өнеркәсіп салаларының жай-күйі, олардың даму болжамы және мемлекеттік ынталандыру іс-шаралары туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйе қызметін атқарады. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өнеркәсіптің ақпараттық жүйесінің меншік иесі және операторы болады», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, заң жобасы аясында өнеркәсіп салаларын қолдаудан өңдеуші өнеркәсіптің тиімді кәсіпорындарын ынталандыруға көшу жүзеге асырылады. Мұнда ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және экспортқа шығуға баса назар аударылады.
«Заң жобасында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қосылған құны жоғары және өнімдік күрделілігі бар орта әрі жоғары қайта бөліністегі басым тауарлар тізбесін қалыптастыруға құзырет беру көзделеді. Операторлар өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету кезінде осы тізбені басшылыққа алады», - деді Аманияз Ержанов.
Сондай-ақ заң жобасында:
- ынталандыру шараларын көрсетудің теңгерімді қағидатын іске асыру;
- бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісім жасасу арқылы ынталандыру шараларының құрамдастырылған пакетін алу мүмкіндігі;
- жаңа құралдарды енгізу және қолданыстағыларды реинжинирингтеу көзделген.
«Осы бөлім аясындағы заң жобасының негізгі жаңашылдығы - өнеркәсіптік саясатқа икемділік пен жеделділік беруге саяды. Заң жобасында Үкіметке Ұлттық экономиканың, оның ішінде оның өнеркәсіптік-инновациялық құрамдас бөлігінің тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың жаңа шараларын енгізуді, оларды жоюды және қайта қарауды, сондай-ақ оларды қолдану тәртібін көздейтін қаулылар қабылдау құзыреті беріледі. Мұндай шаралар ВАК-тың өнеркәсіптік саясат жөніндегі ұсынымдары негізінде қабылданады», - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілісте «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжат таныстырылды.
Өнеркәсіптік саясатты тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету үшін негізгі заң жобасында Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) құрылмақ.
