Фото: Алматыкітап баспасөз қызметі
Оқулық – бұл жай ғана кітап емес, мұғалімнің басты құралы және оқушының сенімді көмекшісі. Цифрлық технологиялар дамыған заманда қағаз оқулықтардың маңызы әлі де жоғары, себебі барлық білім беру ресурстары осы оқулықтардың мазмұнына негізделеді. Сондықтан сапалы оқулық жазу, оны ұрпаққа ұсыну жауапты іс саналып, жиі қоғам талқылауына түседі. Кейде орынды, бірде мүлдем мәнсіз дау мен арты «түймедейді түйедейге айналдырар» ақпараттық майданға ұласып жатады. Бірақ біздің ағартушыларымыз қай заманда да оқулық жазу ісінде осалдық танытқан емес.
Мәселен, Мағжан Жұмабаев «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытов «Тәрбие жетекшісі», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау», Халел Досмұхамедов «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі», «Оқушылардың денсаулығын сақтау», Қаныш Сәтбаев «Алгебра» секілді оқулықтар жазған. Осылайша, кейінгі буынның озат болуына өз үлестерін қосқан. Ал М. Жұмабаевтың «Педагогикасы» мен Ж. Аймауытовтың «Психологиясы» қандай құнды кітаптар?! Әлі күнге дейін оқыту жүйесіне берер жемісін жоя қойған жоқ.
Қазақстанда жыл сайын жаңартылған, заманауи талаптарға сай оқулықтар әзірленеді. Биыл Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы жүргізген соңғы сараптама 278 оқулықтың 266-сының мақұлданғанын көрсетті. Сарапшылар олардың бағдарлама талаптарына сәйкестігін, материалдардың толықтығын, мазмұны мен құрылымын жан-жақты тексерді.
Дегенмен, бүгінгі оқулық тек теориялық мәліметтер жиынтығы ғана емес. Ол оқушылардың сыни ойлауын, логикалық талдау қабілеттерін және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтардың қамтылуы, мазмұнның өмірмен байланысы және сапалы полиграфия да басты назарда.
Қазақстандағы жетекші баспалардың бірі – «Алматыкітап» баспасы. Ол елімізде алғашқылардың бірі болып электронды «TopIQ.kz» білім беру платформасын енгізді және цифрлық оқыту материалдарын белсенді түрде бейімдеуде.