19 нау, 2026 сағат 12:50

Наурыз мерекесі цифрлық кеңістікте де кеңінен тойланады

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда Наурыз мейрамы аясында онлайн және офлайн форматты біріктіретін арнайы фестиваль ұйымдастырылады, деп хабарлайды Ult.kz.

Бастама TikTok платформасының қатысуымен, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы және жергілікті әкімдіктердің қолдауымен 20–31 наурыз аралығында өтеді. Жоба мерекелік дәстүрлерді цифрлық кеңістікте кеңінен насихаттауға бағытталған.

Соңғы жылдары Наурызды атап өту интернетте де белсенді дамып келеді. Пайдаланушылар ұлттық тағамдар, салт-дәстүрлер мен көктемгі жаңару тақырыбында мыңдаған бейнемазмұн жариялап жүр.

Фестиваль аясында еліміздің әр өңіріндегі мерекелік шаралардан тікелей эфирлер ұйымдастырылады. Мәселен, 21 наурыз күні Астана қаласындағы EXPO аумағында «Наурыз – береке бастауы» атты мерекелік бағдарлама өтеді. Онда концерттер, ұлттық спорт ойындары, киіз үйлер тігу және наурыз көже ұсынылады.

Сол күні Алматы қаласында «Ұлы даланың ұлы күні» атты мерекелік концерт ұйымдастырылып, қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.

Сонымен қатар, 20–31 наурыз аралығында онлайн форматта музыкалық бағдарламалар мен шағын концерттер өткізіліп, көрермендерге мерекелік атмосфераны қашықтан тамашалауға мүмкіндік беріледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар ұлттық мәдениетті заманауи форматта дәріптеуге, әсіресе жастар арасында қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.