11 жел, 2019 сағат 13:04

Жаңа қазақ әліпбиіне көшудегі қарағандылық тәжірибесі

Бүгінгі күні әліпбиді ауыстыру қазақ тілінің мәртебесін арттырумен, еліміздегі тіл саясатын дамытумен тығыз байланысты. Мемлекеттік мәртебесі бола тұра өзінің лайықты тұғырына қона алмай отырған тілімізді осы өзгерістің кезінде өркендете алсақ, құба-құп.

Латыннегізді графика бойынша түзілген қазақ жазуының таңбасы мен емле ережесін ұғындырудағы басты мақсат жаңа емле ережесін түсіндіре отырып, тыңдаушының жазу және оқу дағдысын жетілдіру, айтылым нормасын дұрыс қалыптастыру екені белгілі.

Айтылым нормасын қалыптастыру үшін бірінші кезекте қазақ тілінің үндесім заңдылығына, орфоэпиясына жете мән беру керектігі айтылып жүр.

Бүгінгі таңда осы латын графикасына көшуді үндестік заңымызға араша түсіп жатқан жалғыз күресу құралы деп білеміз. Осы құралды жан-жақты дамыту арқылы әлі де болса қазақыланбай отырған шеттілдік сөздерге қатысты мәселе шешімін табады деген ойдамыз. Осы ретте, осы мәселені шешудің тетігін іздеуге тиіспіз. Үндестік заңын сақтау үшін мектеп қабырғасынан бастап айтылым нормасы туралы түсінік қалыптасуы қажет. Ағылшын, неміс тілдерін оқытқандай транскрипция деген ұғымды енгізуіміз керек. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың санасына саңылау түсіріп, таза қазақы танымда тәрбиелеуге, тіл тазалығын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Өздеріңіз білесіздер, тұрмыстық қатынастағы сөздерді ғана меңгеріп келсе де, мектепалды дайындықтан өткен оқушы мектеп табалдырығын аттағанда әліпбиді танып, төл сөздерді баяу болса да жаза алуға тиісті. Алайда, шеттілдік сөздерді, оның ішінде кирилнегізді әліпбидегі щ, я, ю, ц, э, ё, ь, ъ сияқты таңбалармен келетін сөздерді жаза бастағанда баланың қабылдауы төмен болып жатады. Неге десеңіздер, таза қазақша ойлайтын балаға тілімізде жоқ дыбыстарды дыбыстатып, олардың таңбасын жаздырып,  қазақы үндесімнен алшақтауына ықпал етіп отырғанымызды өзіміз сезінбей отырмыз.

Осы ретте, Қарағанды облысының Ресурстық тіл орталығы тарапынан  бастауыш сыныпта оқитын оқушылардың санасы әлі таза әрі орысша ойлау қабілеттерінің қалыптаспағанын дәлелдеу мақсатында эксперимент жүргізілді.

Экспериментке таза қазақ тілінде білім беретін Мағжан Жұмабаев атындағы №39 орта мектептің 2-сынып оқушылары қатысты. Олардың бұрын-соңды естімеген шеттілдік, сондай-ақ я және ю әріптерімен берілген сөздер мен сөз тіркестерін қалай жазғанына назар аударайық.

Мысалы, акварельді алу, пультті табу тәрізді сөз тіркестерін жазуда балалардың ь белгісінің барын білмейтінін көруге болады. Дәлірек айтқанда, кирилл әліпбиіндегі ь әріп таңбасын таниды, алайда мысалға алынған сөздерді жіңішкелік белгісінсіз де жазу оларға қолайлы тәрізді.

Скоч сөзін барлығы жаңа емлеге сай дұрыс жазған. «Т» әрпін мүлдем естімей отыр. Ал профессор сөзінің морфемін қарастырсақ, балалар орыс тіліне тән -ор жұрнағының орнына қазақша дыбысталуы бойынша -ыр әріп тіркесі дыбысталуын естіп жазады екен. Бұл – өз кезегінде профессор Рабиға Сыздық атап өткендей, екпін түспейтін сөздердегі «о»-ның«ы» болып жазылуы керектігінің дәлелі сияқты.

Колледжге бару сөз тіркесін жазуда балалар қосар дауыссыздардың бар екенін білмегендіктен, қалай естиді, солай жазған. Осы колледжге бару сөз тіркесінде -дж әріп тіркесінің жаңа емлеге сай жазылып отырғанын аңғаруға болады. 

Оқушылар сондай-ақ сц әріп тіркесімен және сөз соңындағы и және қысқа й-мен берілген сценарий сөзін де естігені бойынша жазған. Арасында жаңа емле ережесіне сай сенари деп бергендер де бар.

Тәжірибе барысында төл сөздерімізді бүлдіріп жүрген щ, ю, я таңбаларына қатысты сөздерді де жаздырып көрдік. Бұдан байқағанымыз, осы эксперимент жаңа емле ережесіндегі жаңалықтың дұрыс жолға қойылғандығын дәлелдеп берді. Бұл жерде үйреншікті аю, қоян, тақия сөздері алынған жоқ, себебі бұл сөздерді жазуды мұғалім баланың санасына 1-ші сыныпта-ақ сіңіріп тастаған. Зияткерлік және көркею сөздерін жазуда я мен ю-ды таратып жазғаны байқалды. Ал ащы мен тұщы сөздерін жазу болашақта балалар үшін оңай болады деген ойдамыз.

Бұл мысалды неге келтірді деп ойласаңыздар, қазір теледидар мен әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан теріс пікірлер екі жақтың бір-бірін түсінбеушілігінің әсерінен туындап отыр. Онда да ғалымдардың ғылыми тұжырымын қарапайым халыққа оңай түсіндіретін тәсілдердің аздығынан болып отыр. «Жаңа қазақ әліпбиіне көшу бізге не береді?» дегенде, ғалымдар тарапынан ұсынылатын уәж мынау:

-  қазақ тіліне орыс орфографиясы  бойынша енген сөздердің жазудағы тұрпаты өзгереді;

-  кирилнегізді әліпби бойынша қалыптасқан емле ережелеріндегі бүгінге дейін толық немесе дұрыс кодификацияланбаған кейбір тілдік бірліктердің орфограммалары реттеледі;

- жаңа әліпбимен берілген қазақ мәтіндерінің халықаралық жазба кеңістігіндегі танымдылығы арта түседі, себебі латын жаһанияттың әліпбиіне әрі «сапа» концептісінің репрезентантына айналып отыр.

Осындай күрделі ғылыми тұжырымдарды бірі түсінсе, екіншісі түсіне бермейді. Міне, мамандар осы мәселенің мәнін ашып, жұрттың көзін жеткізетіндей жобалар әзірлеп, бір жолға қойылған әдістеме арқылы  қарапайым халыққа түсіндіруі керек деп санаймыз.

Оның үстіне Ел Президентінің жақында латын әліпбиді жүйелеп, толықтыруға қатысты мәлімдемесі жарияланғаны көпшілік тарапынан алаңдаушылық туғызғаны мәлім. Латыннегізді әліпбидің болашағына күмән келтірушілер де жоқ емес.

2018 жылдан бастап Қарағанды облысы аумағында өткізіліп жүрген тренингтерде осы күмәнді сейілту мақсатында түрлі фактілерді келтіре отырып, ересектерге қазақ жазуын латыннегізді графикаға ауыстырудың себебі мен салдары қарапайым түрде түсіндіріліп, жаңалықты дұрыс қабылдауға, көпшіліктің санасына сіңіруге күш салып жатырмыз.

Бүгінгі күні кез-келген ақпараттың тез таралуына және танымалдығының артуына мүмкіндік беретін әлеуметтік желінің ақпараттық кеңістікте алатын орны ерекше. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әлеуметтік желі пайдаланушыларын латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиімен таныстыру және жаңа қазақ әліпбиінде ұсынылған ақпаратты визуалды тұрғыда оңай қабылдауына ықпал ету мақсатында түрлі акциялар мен жобалар ұйымдастырылуда («Қазақша оқы, latynsha jaz», «9 аудан, 9 қала», «Аудиодиктант жазамыз» акциялары және «Мақалды жалғастыр» интеллектуалдық онлайн-ойыны). Бұл акцияларға тек біздің өңіріміздің ғана емес, сонымен қатар басқа да облыстардың (Қызылорда және Шығыс Қазақстан облысы, Түркістан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Астана және Шымкент қалалары) тұрғындары қатысты.

Кейбіреуіне талдау жасар болсақ, тілдің айтылым әуезін қалыптастыру мақсатында «Latyn karaoke» жобасының берері мол. Бұл жобаның тиімділігі ән мәтінін орфоэпиялық норманы сақтап оқу арқылы айтылым нормасын қалыптастыруға түрткі болады.

«Latyn sýbtItr» жобасы аясында «Meniń ákem ótirik aItyp júr», Бақыт жолында, Риясыз жақсылық атты әлеуметтік бейнероликтердің қазақша субтитрі латын қарпімен берілді. Бұл да визуалды тұрғыда жаңа қазақ әліпбиін тез меңгеруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Búgingi oi» жобасында ұлы классиктердің, қазақ ойшылдарының  ойлары мен нақыл сөздері, халық даналығы сапалы көркем дизайнда латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінде беріліп, әлеуметтік желілерде жариялануда, қоғамдық орындарда «Латынды қолда» акциясы аясында оқу дағдысын қалыптастыру мақсатында көпшілік назарына ұсынылып отырады.

Мұндай жобалар қарапайым тыңдаушының көз дағдысын қалыптастырып қана қоймай, ішкі психологиялық кедергілерден арылуға көмектеседі. Алдын ала түсіндіру, насихат жұмыстарының берері мол. Алдағы уақытта жаңа әліпби нұсқасы бекітіліп, емле ережесі реттелгенде курстан өтушілер осындай жұмыстардың нәтижесінде жаңалықты дұрыс қабылдап, оқу және жазу дағдысын дұрыс қалыптастыратын болады. 

Әдетте, тренингтер барысында әліпбидегі әріптермен таныстырғаннан кейін тыңдаушыларға оқылым дағдысын қалыптастыру мақсатында осы  «Бүгінгі ой» жобасының үлгілері ұсынылады. Біздің түсінгеніміз, күрделі мәтіндерге қарағанда ықшам әрі өмірлік сабақ аларлық пайдасы болғандықтан, көпшілік берілген мысалдарды тез оқып, жақсы қабылдайды. Әдістеме ғылымында өзіне таныс ақпаратты беру арқылы үйренушінің қызығушылығын арттырып, жылдам үйренуге деген талпынысын ұштауға болатыны ескеріледі. Бұл ретте оқылым дағдысын қалыптастыру бағытындағы біздің де негізгі ұстанымымыз – осы.

Қазіргі уақытта еліміз бойынша көптеген өңірде оқыту курстары басталып кетті. Ал Қарағанды облысында емле ережесі бекітілмегендіктен, бұл жұмыс кейінге шегеріліп, мәселені шешудің жолы тренингтер арқылы ғана жүзеге асырылып отыр.

Тәжірибе көрсеткендей, тренинг өткізудің тиімділігі аңғарылды. Биылғы жылы осындай тренингтерге 12 мыңнан аса адам қатысып үлгерді. Тренингтер барлық аудиторияда өткізіледі. Біздің байқағанымыз, ережедегі жаңалықтар қарапайым, түсінікті тілмен және көрнекіліктер арқылы түсіндірілсе, қазақтілді аудитория да, орыстілді аудитория да дұрыс қабылдайды.

Байқасаңыздар, біз сан жағынан да, сапа жағынан да ұтып отырғандаймыз. Бұл дегеніңіз, келер жылы жаппай оқыту басталған кезде 12 000 адамның курсты табысты аяқтайтынының кепілі болмақ.

Сонымен, біз өз баяндамамызда Қарағанды облысының Ресурстық тіл орталығы тарапынан латыннегізді қазақ жазуы мен оның емле ережесін меңгерту бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларға тоқталып  кеттік. Тәжірибе көрсеткендей, бүгінде осы шаралар өз жемісін беріп отыр. Жоғарыда айтылып кеткендей, насихат, түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізетін болсақ, болашақта жаңа графикаға, емле ережесіне байланысты қазір бізді алаңдатып отырған мәселелер болмас еді.

Гүлназ Серікқызы Мұстағұлова

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі

 басқармасы жанындағы Ресурстық тіл

орталығының директоры