10 мау, 2025 сағат 13:42

"Неге корректорлар мектебі жоқ": Филологпен сұхбат

Фото: Мөлдір Ғабитқызының жеке мұрағатынан

Бүгінде қазақ тілінің орфографиясы да, орфоэпиясы да дұрыс қолданылмайтын жағдай көптеп кездеседі. Тіл нормалары мен емле ережелері де жиі бұзылады. Мәтінмен жұмыс істеу де бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып үлгерді. Біз осы орайда филолог, редактор-корректор, «Ақпарат саласының үздігі» Мөлдір Бисенбаеваны аз-кем әңгімеге тарттық.

– Мөлдір Ғабитқызы, қай мәтін түрлерімен жұмыс істеу сіз үшін ең күрделі (мысалы: ғылыми, көркем, ресми мәтіндер)?

– Өзге тілден аударылған мәтінмен жұмыс істеу қиын. Көбіне тікелей аударылады немесе мағынасы бұрмаланып кетеді. Сөйлемді түсінбеген соң, тыныс белгісін де қоя алмайсың. Сосын, ғылыми еңбектермен жұмыс істеу де біршама күрделі. Ғылым тілі бірізділікке түспеген. Мысалы: «ортан» деген сөз бар, ешқандай сөз табына жатпайды. Жеке қолданылмайды, яғни қасына сөз жазылып, қолданылады: ортан бел т.б. Бірақ медицинада «ортаңғы ми бөлігі» деген термин бар, неге екені белгісіз, осы терминде ортанғы деп емес, ортаңғы деп жазылып кеткен және ол тілімізге солай еніп кеткен. Сондықтан ғылыми еңбекті оқығанда осы термин кездессе, «ортаңғы» деп жазуымыз керек екен. Негізі, «ортанғы ми бөлігі» болуы керек.

Тіл нормалары мен емле ережелері жиі өзгеріп отырады. Осы өзгерістерге қалай бейімделесіз?

Тіл нормалары мен емле ережесі өзгермейді, әрине, зерттеулер негізінде тіл білімінің әр саласына жаңа бағыттар, жаңа ізденістер қосылуы мүмкін. Жаңа сөздер қосылады. Әсіресе қазақшаға аударылмай, тікелей түпнұсқа күйінде тілімізге енетін сөздердің қатары көбейіп кетті. Мысалы, «брифинг» деген сөз бар. Оған жалғауды дұрыс жалғамайды. Брифингте емес – брифингіде, брифингтік емес – брифингілік болуы керек ереже бойынша.

– Мәтінді өңдеу кезінде жиі кездесетін қателер қандай?

Ең жиі кездесетін қате калька: сотпен шешілген сот шешкен, сүтпен шай сүтті шай, көлікке отырдым – көлікке міндім, саған келе жатырмын – саған бара жатырмын т.б. Тіпті бұлар норма сияқты қабылданып кеткен, яғни ешкім дұрыс сөйлемей тұрмын деп ойламайды.

– Түзетуші редакция жасағанда қандай бағдарламалар мен сөздіктерді пайдаланасыз?

Орфографиялық сөздікті, Р.Сыздықтың емле ережесіне қатысты кітаптарын пайдаланмын. Тілдің өзгеруі заңдылық, сондықтан тілге қатысты соңғы кезде шыққан кітаптарға да сүйенген дұрыс.

– Бір мәтінді түзету үшін орташа есеппен қанша уақыт қажет?

Мәтінді өңдеу мен корректорлық жұмыс екі бөлек жасалуға тиіс. Екеуін қатар орындау мүмкін емес. Бұрыннан келе жатқан норма бар. Бір күнде 10 бет (бос орынды есептегенде, 1 800 белгі 1 бет болып саналады) өңдеуге болады, ал 25–35 бет мәтінге корректура жасауға болады, бірақ мұның барлығы оқылатын еңбектің күрделілігіне байланысты өзгеруі мүмкін, яғни сөздік, ғылыми еңбек сияқты кітапты оқығанда назар аударатын ұсақ-түйек детальдар көп болады. Әрине, ол баяу жасалады.

– Күнделікті жұмысыңызда жиі кездесетін қателер түрі қандай?

Күнделікті жұмыста сөздің дұрыс жазылуына қатысты қателер көп кездеседі. Мысалы, бейжай, түрлі түсті, айна қатесіз, көңіл күйі деген сөздер осылай жазылуы керек, бірақ көбі дефиспен жазады. Сосын, қазақ тілінің ережесіне сәйкес, -ог, -уг-ге бітетін сөздерге жалғау, жұрнақ жіңішке жалғануға тиіс: педагогтік, экологтер, округі, психологі, антрапологтер т.с.с. Сондай-ақ көптік жалғауын да бейберекет жалғайтын жағдай көп. Мысалы, Олардың жүректері тарсылдады демей, Олардың жүрегі тарсылдады десек, дұрыс болар еді, олар өмірлерін қиды – олар өмірін қиды т.б.

– Қазіргі мәтіндердің (газет, сайт, әлеуметтік желі) тілдік деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

Мынадай баға беремін деп айта алмаймын. Дегенмен бірізділік жоқ. Баспадағы, редакциядағы, сайттардағы мәтіндерді бір-бірімен салыстыруға келмейді. Әсіресе әлеуметтік желідегі мәтінді оқуға шыдамым жетпейді. Бізде корректорлар мектебі жоқ. Алдымен осыны қолға алған жөн болар еді. Естуімше, журналистика факультетінде пунктуацияға, сауатты жазуға қатысты пәндер жоқ екен. Жазамын деген адам ең бірінші осыны оқуы керек емес пе?

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан

Ақбота Мұсабекқызы