25 шіл, 2020 сағат 12:40

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының үш жылдағы жетістігі

Саясаттану, әлеуметтану мен философия, тарих, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша азаматтарға заманауи білім беруге қажетті жағдай жасау үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында арнайы тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау мақсатында 2017 жылы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Ұлттық аударма бюросы Елбасы бастамасын жүзеге асыру үшін қарқынды жұмыс істеп келеді. Бастапқыды аударма бюросы әлемдік деңгейдегі он сегіз кітаптың қазақшаға аударылған нұсқасын ұсынды. Бұл туралы «Ұлт» порталы жазады.

2020 жылдың 30 қаңтарындағы мәлімет бойынша, таңдап алынған жүз кітаптың 47 оқулығы аударылып шықты. Ресми ақпаратқа сүйенсек, он мың данамен шыққан кітаптар Қазақстанның 132 оқу ордасына жолданды. Айта кетейік, қазақ тіліне аударылған кітаптардың негізгі түпнұсқасы орыс, ағылшын, француз тілінде жарыққа шыққан.

Елбасы бастамасымен көтерілген 100 жаңа кітапты аудару жобасы – гуманитарлық бағыттағы ғылыми еңбектерді қазақ тілді оқырманға жеткізу. Сол арқылы гуманитарлық білім мен ғылымның мазмұнын жаңартуды көздейді. Ең бірінші кезеңде 18 кітап басылып шықса, екінші кезеңде 30 кітап аударылды.

«Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Ол барлық адам үшін үш форматта қолжетімді болады: қарапайым қағаз кітап түрінде, электронды онлайн нұсқа және үздік дәріскерлердің ашық дәрістерінің бейне кітапханасы форматында болады. Шетелде тұратын біздің жастарымыз да оған кітаптар латын қарпінде басылып шыққан сәтте қол жеткізе алатын болады», - деді Елбасы алғаш рет 18 аударма кітап басылып шыққан кезде.

Қазірдің өзінде белгіленген кітаптардың жартысынан астамы басылып, аударылып шықты. Алайда бастапқыда аударуға 800-ге тарта кітаптың ұсынылғанын, олардың ішінен кем дегенде бұған дейін үш басылымда басылып шыққаны және кейінгі үш жылда жарық көруі ескерілді. Ал оны Қазақстанның білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия іріктейді. Ол кітаптар әлемнің 100 үздік университетінің оқу бағдарламасында бар болуы керек. Мазмұнына келер болсақ, бар кітаптың мазмұны бейтарап форматта берілгені жөн.

Үш жыл ішінде түрлі ғылым саласындағы кітаптар аударылды. Кейінгі 2019-2020 жылдары жобаның үшінші кезеңінде театр мен кино өнері туралы кітаптар, сценарий жазудың қыр-сыры, білім беру теориясы және педагогикаға қатысты кітаптар қазақша шықты. Этика мен эстетика, зияткерлік меншік құқығы, ағылшын құқығы туралы да кітаптар аударылды. Экономикаға қатысты микро және макроэкономика, қаражат пен статистикаға қатысты кітаптар да жобаның осы кезеңінде басылған болатын. Сонымен қатар осы кезеңде қамтылған бағыт ішінде азаматтық процесс, әлемдік музыка тарихы, әлеуметтік зерттеу әдістері секілді тақырыптар бар. Айта кетейік, бұл кітаптарды аударуға еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының оқытушылары, білікті, тәжірибелі аудармашылар мен редакторлар жұмыс істеп жатыр. Бұл жобаға тартылған аудармашылар екі тілді еркін әрі жетік меңгерген болуы шарт. Ал редакторларға келер болсақ, еліміздің белгілі ғалымдары мен оқу орындарының ұстаздары, баспагерлер талмай еңбек етіп жатыр. Жалпы Ұлттық аударма бюросындағы аталған жобаға үш жүзге тарта маман қызмет етуде.

Жобаның төртінші кезеңінде 23 кітап аударылады. Ол процесс 2020 жылдың соңына дейін жалғасады деп жоспарланып отыр. Төртінші кезеңдегі тізімге шығыстың философиясы, әлеуметтік жұмыс пен әлеуметтік саясат,  тарих пен этнография, демография, келіссөз жүргізу тақырыптарындағы кітаптар аударылады. Шығыс философиясының аясында араб, үнді, қытай, жапон мәдениеті және Ислам философиясы тақырыбындағы еңбектер қазақшаланады.

Айта кетейік, білім саласындағы ашықтық аясында кез келген оқырман сайт арқылы кітаптың мазмұны мен аудармасына қатысты пікірін айтып, кері байланыс жасай алады. Сонымен қатар аударылған оқулықтардың электронды нұсқасы да оқырманға жол тартты. Әр тіл үшін жаңа бір сөздіктің басылып шығуы үлкен жетістік. Осы орайда ағылшын тіліндегі «Оксфорд әлеуметтік ғылымдар сөздігі», «Оксфорд экономика сөздігі» жарық көрді. Сонымен қатар 2020 жылы Оксфорд баспасымен бірлесіп, көлемі мың беттен асатын Oxford Kazakh Dictionary қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша сөздіктердін шығару жоспарланып отыр.