Саясаттану, әлеуметтану мен философия, тарих, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге заманауи білім беруге қажетті жағдай жасау үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында арнайы тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау мақсатында 2017 жылы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Жобаны жүзеге асыру үшін Ұлттық аударма бюросы құрылды. Бұл туралы «Ұлт» порталы жазады.
Бұл жобаның басты мақсаты – гуманитарлық бағыттағы әлемнің ең үздік оқулықтарын қазақ тіліне аударып, елдегі барлық жоғары оқу орнына жеткізу. Сондай-ақ, сол арқылы гуманитарлық білім мен ғылымның мазмұнын жаңарту көзделіп отыр.
Ресми деректерге сійкес, қазақ тіліне аударылатын оқулықтарды іріктеу кезінде 800-ден аса ұсыныс түсты. Оның барлығы арнайы жұмыс тобының қарауына жіберілді.
Оқулықты таңдауда бірнеше талап ескерілді:
әлемнің ең озық 100 университетінің оқу бағдарламасында болуы;
кемінде үш басылымда жарық көруі;
кейінгі 3 жылда басылып шығуы;
мазмұнының бейтарап сипатта болуы;
заманға сай, түрлі интерактивті қосымшаларының болуы.
2020 жылдың 30 қаңтарындағы мәлімет бойынша, таңдап алынған жүз кітаптың 47 оқулығы аударылып шықты. Олар 10 мың данамен басылып, еліміздегі 132 ЖОО-ға таратылды. Оқулықтардың басым бөлігі ағылшын тілінен, сонымен қатар француз және орыс тілдерінен аударылған.
Іріктелген оқу құралдарын қазақ тіліне аударуға Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының оқытушылары, білікті аудармашылар мен редакторлар тартылды.
Кез келген оқырман 100kitap.kz сайтындағы кері байланыс жүйесі арқылы өзінің ой-пікірін білдіре алады. Нәтижесінде, соңғы 10 жыл бойы бестселлер қатарынан табылып жүрген Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы», әлем назарын аударған Ювал Хараридің «Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы», «Homo Deus: болашақтың қысқаша тарихы», «XXI ғасырға 21 сабақ» туындылары қазақ тіліне аударылды.
Оқулықтардың электрондық нұсқасы да әзірленіп, олар «Қазақстанның ашық университеті» – OpenU.kz платформасына жүктелген.
Өткен жылы 9 мыңға жуық сөзді қамтитын «Қазақ тілінің кірме сөздерінің сөздігі» дайындалып, басылып шықты. Сонымен қатар «Оксфорд әлеуметтік ғылымдар сөздігі», «Оксфорд экономика сөздігі» жарық көрді. Сөздіктер 10 мың данамен басылып, көптеген оқу орындарына таратылды. 2020 жылы Оксфорд баспасымен бірлесіп, көлемі мың беттен асатын «Oxford Kazakh Dictionary» қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша сөздіктерді шығару жоспарланып отыр.