Фото: ашық дереккөз
Жамбыл облысында 321 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұған дейін прокуратура «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС мен «Жеміс-жидек» ЖШС-нің қызметін тексеріп, жеміс ағаштарының көшеттерін сату бойынша құжаттарды қолдан жасап, өнім көлемін асыра көрсетіп, мемлекеттен заңсыз субсидия алған фактілерді анықтаған.
Тергеу деректеріне сәйкес, алаяқтық 2015 пен 2022 жылдар аралығында жүзеге асқан. ЖШС басшыларына Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 385-бабы 2-бөлігі бойынша айып тағылды.
2025 жылғы 23 шілдеде Меркі аудандық соты айыпталушыларды кінәлі деп танып, ЖШС басшыларына 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 10 жыл мемлекеттік қызметке тыйым салу жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, алаяқтыққа көмектескен бес қызметкерге 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
