Фото: Pexels.com
Жамбыл облысы Жуалы ауданында 1991 жылдан бері орта мектепте ұзартылған күн тобының тәрбиешісі, кейін тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен ұстаздың құқығы сот арқылы қорғалды, деп хабарлайды Ult.kz.
2024 жылдың желтоқсан айында зейнеткерлік жасқа жеткен мұғалім оқу жылының соңына дейін жұмысын жалғастыруға ниет білдіріп, мектеп директорының атына өтініш жазған. Алайда өтініші ескерілмей, зейнеткерлік жасқа толуына байланысты директордың бұйрығымен жұмыстан босатылған.
Мұғалім бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгініп, қызметіне қайта қалпына келтіруді, мәжбүрлі түрде жұмыс істемеген кезеңдегі жалақысын және моральдық шығынды өтеуді талап етті.
Сот істі қарау барысында мектеп әкімшілігінің әрекеті Еңбек кодексі, ұжымдық шарт және салалық келісім нормаларын өрескел бұзғанын анықтады. Жұмыс беруші еңбек шартын бұзу туралы мерзімінде хабарлама бермеген және қызметкердің құқықтарын ескермеген.
Жуалы аудандық соты мұғалімді жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп тауып, оны бұрынғы қызметіне қайта қалпына келтіру туралы шешім шығарды. Сондай-ақ, 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың мамыр айына дейінгі мәжбүрлі түрде жұмыссыз қалған уақыты үшін 2,1 миллион теңге жалақы, 100 мың теңге моральдық өтемақы және өкіл қызметіне 250 мың теңге өндіріп беруді міндеттеді.
Заң бұзушылықтар қайталанбауы үшін сот аудандық білім бөліміне жеке ұйғарым шығарып, тиісті шара қабылдауды тапсырды. Мектеп директоры сот шешіміне шағым түсіргенімен, Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымын өзгеріссіз қалдырды.
Сот актілері заңды күшіне енді.
