18 шіл, 2023 сағат 18:32

Жамбыл облысында ірі көлемде синтетикалық есірткі таратушылар ұсталды

Фото: Polisia.kz

Жамбыл облысында ірі көлемдегі синтетикалық есірткіні Telegram арқылы таратушылар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткіні жеткізу арнасының жолын кесу мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізді. Есірткі сатушылардың әрекетін жою бойынша арнайы операция екі ай бойы жүргізілді. Полицейлер синтетикалық есірткіні сатуды, тыйым салынған заттарды жарнамалауды жүзеге асырған төрт адамды анықтады" - делінген хабарламада.


Олардың бірі – 26 жастағы Тараз тұрғыны. Алматыдан Таразға есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған. Ал 22 жастағы азамат Telegram арнасында әкімші болған. Сондай-ақ есірткі саудасы желісіне (кепілгерлер, тасымалдаушылар және т.б.) персоналдарды жалдаумен айналысқан және Атырау, Астана және Алматы қалаларына “синтетика” өткізу арнасын ұйымдастырған.

Фото: Polisia.kz

Қылмыстық әрекетке 19 (мәселелерді күшпен шешу) және 23 жастағы (курьер) тұрғындардың да қатысы бар болып шықты. Оларды Тараз қаласындағы ҚР ҰҰ “Бүркіт” арнайы мақсаттағы бөлініс және ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері құрықтаған.

"Оқиға орнында Жамбыл облысының аумағында синтетикалық есірткілерді өткізу және таратуға қатысты хабарлама жазбалар жазылған телефондар тәркіленді. Сондай-ақ сараптама нәтижелеріне сәйкес, жалпы салмағы 608,17 грамм мефедрон тәркіленді" - делінген хабарламада.

Тінту барысында ұсталған 22 жастағы азаматтан да 33,56 грамм мефедрон табылған.

"Ұсталған азаматтар кінәсін мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылады", – дейді полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.