Қазақстанда дінтанулық білімді шетелден алуды жөн санайтын адамдар баршылық. Олардың ойынша, еліміздегі дінтанулық білім сапасы «көңіл толарлықтай» жағдайда емес. Ал дін мамандары болса жас талапкердің дінтанулық білімді өз елінде алғаны дұрыс деген пікірде. Осы орайда порталымыздың тілшісі Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Оқу-әдістемелік басқарма басшысы, философия ғылымдарының кандидаты, доцент — Сандыбаев Жалғас Садуахасұлымен сұқбаттасып, Нұр-Мүбарактағы дінтанулық білімнің қалай беріліп жатқанын білді.
— Елімізде Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетін ашуғане қажеттілік туындады деп ойлайсыз?
— 1991 жылы тәуелсіздік алған Қазақстан Республикасы үшін жаңа бағыт, жаңа саяси бағдар, тың ұстаным таңдауы тұрды. Сыртқы қауіп пен ішкі ыдыраудан елді сақтап қалу – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбев саясатының өзегіне айналып, ұлт пен ұлыстың ғана емес, әрбір азаматтың құқығын қорғайтын зайырлы қоғамның іргетасы Ата заңмен бекітілді. Мемлекет пен діннің ара жігі ажыратылып көрсетілсе де халықтың 70% ханафи бағытындағы мұсылмандар саналатын мемлекет болашағы үшін Елбасы 1993 жылы Мысыр еліне сапарында Египет Араб Республикасының Президетімен кездесуінде Қазақстанда ислами жоғары оқу орнын ашуға байланысты шешім қабылдады. Алматыда ислами ЖОО-ның кешенін салу үшін арнайы жер қарастырылып, 6 гектар жер бөлінді. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі бұл батыл шешім ел бірлігі мен болашағына жасалған нақты қадам болды. 1993 жылы 16 маусымда ҚР Президенті Н.Назарбаев пен ЕАР Уақыфтар министрі Мұхамед әл-Махжубтың университет қалашығының алғашқы тасын қалау рәсімі өтті.
Осылайша, іргетасы қаланған бастама алғашқы студенттерді 2001 жылы 1 қыркүйекте қабылдап, дәріс беріле бастады.
— Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің мақсаты мен міндеті не?
— Университеттің мақсаты жайында қысқаша айтсақ, жоғары білімді исламтанушылар, имамдар дайындау, болашақ дін қызметкерлеріне практикалық мәселелерді білікті түрде шешуге, мұсылман шариғатының қағидаларын түсіндіруге, діни жөн-жоралғылардың дәстүрлі ханафи мазһабына сәйкестілігін, шынайы Исламның қағидаларына қайшы келетін жат сенімдердің белгілерін анықтауға, қоғамның рухани әлеуетінің жоғарылауына және адамгершілік мінез-құлықты бекітуге, қоғамдағы үйлесімді және жоғары дәрежеде білім алған тұлғалардың дамуына қажетті негіз қалауға мүмкіндік беретін білім және біліктілік кешенін меңгеруге жағдай тудыру.
Осы мақсаттарды іске асыруда Университетіміз өз алдына төмендегідей міндеттерді қойған:
— Исламтану негіздерін, оның бағыттарын, ғылыми зерттеу әдістемесін игерген, ислам дінінің тарихы мен ілімдерін терең меңгерген жоғары білікті мамандарды – бакалаврларды, магистрлерді, ғылым докторларын даярлау, сондай-ақ осы саладағы кадрлардың біліктілігін жоғарылатуға жәрдемдесу;
— Елімізде болашақ бетке ұстар /элита/ діни топты қалыптастыруға септесу;
— Исламтану бойынша білім бағдарламаларын құрастырып, типтік оқу жоспарларын қалыптастыру, аталған мамандық бойынша ислами білім берудің барлық жүйелеріне: университеттерге, институттарға, медреселерге, Құран оқыту курстарына және т.б. оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу;
— Еліміздегі діни білім мен ғылым бойынша жұмыстар жүргізіп жатқан оқу орындары және орталықтармен тығыз байланыс орнату, олармен келісімшарт, меморандум арқылы бірлесе жұмыс жасау, ғылыми жобаларға қатысу және т.б.
— Қазіргі таңда университеттің Білім беру бағдарламаларына тоқталсаңыз?
— УниверситетімізҚР БҒМ стандарттарына сайүш кезеңді білім беру бағдарламасымен жұмыс істейді: бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша білім берілуде. Нақты айтсақ;
— Бакалавриат бөлімінде Исламтану, дінтану, шетел тілі: екі шетел тілі және теология білім беру бағдарламалары болса, магистратура және докторантура деңгейлерінде Исламтану, дінтану білім беру бағдарламалары бойынша студенттер білім алады.
Ерекеше айта кететін жай, бакалавриат бөлімінің Исламтану білім беру бағдарламаларында орыс бөлімі мен қысқартылған бөлім бойынша сабақ жүргізілсе, Дінтану және теология БББ-да екінші жоғары білім және қысқартылған бөлім бойынша білім беріледі.
Барлық білім беру бағдарламаларына мемлекет тарапынан арнайы білім гранттары тағайындалған. Бүгінде баклавриат бөлімінде жалпы 1396 шәкірт болса, соның 842-і мемлекеттік білім гранттарының иегері.
— Университетке шәкірт қабылдау қалай жүзеге асырылуда?
— Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті – ҚР БҒМ-не қарайтын ЖОО болғандықтан, білім алушыларды оқуға қабылдау және оқыту процесінде Үкіметтің және министрліктің заң, қаулыларын басшылыққа алады.
Үкіметтің арнайы қаулысына сай, Исламтану, дінтану және теология білім беру бағдарламаларына түсуші талапкерлер Ұлттық Бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатыстып, бекітілген шектегі балды жинағаннан кейіншығармашылық емтиханға қатысады.ҰБТ нәтижесі бойынша – кемінде 50 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы – оқу тілі бойынша – кемінде 5 балл және әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл алуы қажет. Шекті балды жинай алмаған талапкерлер тамызда және келесі жылдың қаңтар айында қайталай ҰБТ-ға қатысады. Осы арқылы талапкерлердің кәсіпке жарамдылығы мен білім деңгейін сарапқа салынады.
Университетке азаматтарды қабылдау республикалық бюджет немесе жергілікті бюджет қаражаты шеңберінде республикалық бюджеттен түскен қаражат есебінен білім беру грантын орналастыру, сондай-ақ азаматтардың өз қаражаты мен басқа да көздер есебінен оқуға ақы төлеуі арқылы жүзеге асырылады.
— Нұр-Мүбарак университеті –еліміздегі ЖОО-лар арасында жоғарырейтингке не болмаса қандай да бір жүлделі орын иеленді ме?
— Университетіміз жылда тәуелсіз агенттіктер жүргізіп отыратын ЖОО арасындағы конкурстық тексерулерге қатысып отырады. Мысалы, 2018 жылы аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі жүргізген жоғары оқу орындар арасында «Қазақстан Республикасының ТОП-20 жоғары оқу орындарының бас рейтингі» жобасы бойынша бірнеше бағыттан Университетіміз өте жоғары нәтижелер көрсетті. 58 ЖОО қатысқан ұлттық рейтингте Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті «Үздік ТОП-20» университеттер қатарына кірді. Рейтингте университеттің 7 білім беру бағдарламалары қатысып, алтауы жүлделі орынға ие болды. Бұл жайлы агенттіктің www.iaar.kz ресми сайтында да жарияланды.
Сол сияқты 2019 жылы да осы агенттіктің жүргізген жоғары оқу орындар арасында «Қазақстан Республикасының ТОП-20 жоғары оқу орындарының бас рейтингі» жобасы бойынша Нұр-Мүбарак университеті Қазақстан бойынша қатысқан 87 университеттер арасынан ТОП-20 үздік университеттер қатарындағы орнын нақтылай түсті. Бұл жайлы жоғарыда аталған агенттіктің ресми сайтында хабарланды.
— Университеттің оқытушылық-профессорлық құрамы қандай сапада қалыптасқан деп ойлайсыз?
— Университететіміздің оқытушылық-профессорлық құрамы жайында да мақтанышпен айтуға болады. Себебі Университет дін саласы бойынша мамандандырылған ЖОО болғандықтан еліміздегі дінтану әсіресе, исламтану саласындағы отандық танымал әрі білікті мамандар мен ғалымдар біздің Университетте шоғырланған. Мысалы, Қ.Құрманбаев, Ж.Сандыбаев, А.Сабдин, А.Аділбаев, М.Паттеев, Қ. Ержан, Қ.Затов, Н.Анарбаев, Р.Мухиддинов, А.Әкімханов, Е.Әмре, Е.Шоқай, Р. Илимбаев, М. Исахан және т.б. оқытушы құрамының басым бөлігі академиялық ғылыми атақтары бар профессорлар, PhD доктор және доценттер.
Сонымен қатар, Университте ЕАР-нан (Мысырдан) арнайы келген 15PhD доктор, профессорларымыз тұрақты негізде қызмет атқарады. Олар отандық ғалымдар мен бірге Құран, ақида, фиқһ (ислам құқығы), тәпсір, ислам философиясы, ахлақ (этика) сынды т.б. ислам ілімдерінен сабақ береді.Ресейді қоса алғанда ТМД (Өзбекстан, Татарстан, Қырғызстан, Азербайжан, Тәжікстан және т.б.) мемлекеттерінің бірі де мұнша араб ғалымдары жоқ. Мысалы, Ресейде нақтырақ айтқанда Қазанның Бұлғар қаласында «Бұлғар ислам академиясы» ашылды. Бұл академия тікелей ресей презинденті В.В.Путиннің қолдауымен ашылған үлкен жоба. Жақында мен осы академияда ғылыми конференцияға қатысып қайттым. Мұнда Шам елінен келіп, жұмыс істеп жатқан 4 араб ғалымы бар екен. Конференция барысында ресейлік әріптестеріміз «төрт араб ғалымымыз бар» деп жиі дауыстап отырды.
— Студенттерді жатақханаға орналастыру мәселесі университеттеріңізде қалай қарастырылған?
— 2014 жылы 610 орындық жаңа жатақхана ғимараты пайдалануға берілді.Университет басшылығы алдымен алыс аймақтардан, шетелден келген және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге, жетім және мүгедек студенттерге кезексіз жатқханадан орын берумәселесіне айырықша көңіл бөледі.
Сондай-ақ университет басшылығы студенттердің жатақханадағы тұрмысы мен білім алу жағдайын жақсартуға да баса назар аударады. Жатақханаға толығымен интернет желісі тартылған, екі үлкен оқу залы, асхана және арнайы дүкені де бар. Тіпті бірнеше жылдан бері Алматы қаласы бойынша «Ең таза жатақхана» деген марапатқа ие болып келеді.
— Студенттерді әлеуметтік қолдау мәселесі қалай шешімін тауып отыр?
— Университет басшылығы студенттеріміздің білім алуы мен тұрмыстық жағдайының жақсаруына айырықша көңіл бөледі. Мысалы, Университеттің Қаржы комиссиясының шешімімен кейбір санаттағы шәкірттердің оқу ақысына жеңілдік жасалынған. Айталық, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасыларынан шыққан, ата-анасының біреуі жоқ студенттердің оқу ақысына 10% жеңілдік, ата-анасының екеуі де жоқ студенттерге ай сайынғы әлеуметтік көмек, жатақханада тегін тұру және оқу ақысына 20% жеңілдік жасалынған, бір отбасынан екі немесе одан көпбала ақылы негізде оқитын болса,әр студенттің оқу ақысына 10% жеңілдік берілген. Сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасымен біріге отырып оқу озаттары мен белсенді студенттер үшін арнайы демалыс бағдарламаларын ұйымдастырып отырады. Мысалы, Университет Қоғамдық даму басқармасымен бірге «Лидерлік даму демалысы» лагеріне белсенді студенттерін жіберді. Лагерь 5 күн жалғасты. Ал Рухани жаңғыру жобасы аясында «Сокралды география» бағыты бойынша Университеттегі көпбалалы отбасы, әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедек санаттарына жататын студенттер үшін «Таңбалы тас» мекеніне саяхат ұйымдастырылды және т.б.
— Былтыр БАҚ-да түлектерін жұмыспен қамти алмай отырған ЖОО-ның тізімі жарияланған болатын. Сол тізімнің ішінде Нұр-Мүбарак ислам универсиетінің де аты аталды. Бұған не айтасыз?
— Бұл қате ақпарат. Өкінішке орай, Еңбек ресурстарын қамту орталығы ЖОО-ның түлектерін жұмыспен қамту көрсеткішін анықтау үшін қойған бағалау критерийлері дұрыс болмай біздің университет қателікпен аутсайдер университеттердің қатарында көрініп қалды. Біз бұл жайында тиісті мекемелерге хабар бердік. Университетте жұмыспен қамтылмай қалған түлек жоқ. Себебі Нұр-Мүбарак университеті Қазақстан Республикасында исламтанушыларды және дінтанушылар мен теологтарды, араб тілі мамандарын даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орын. Басқаша айтқанда, Нұр-Мүбарак университеті Қазақстанда жоғары білімді дін қызметкерлерін, келешек білікті имамдарды даярлайтын бірігей университет.Біздің негізгі жұмыс берушіміз – ҚМДБ. Бүгінде елімізде статистика көрсетіп отырғандай имамдардың 22% ғана жоғары білімді қалғандары орта білімді және діни курстарды тәмамдағандар. Кадр жетіспейді. Түлектеріміздің әрбіріне ҚМДБ жұмысқа орналасуы жөнінде арнайы бұйрық шығарады. Бұдан қалғандарын Республикадағы облыстық дін басқармаларының және арнайы мемлекеттік құзіретті органдардың сұраныстарымен аймақтарға теолог, дінтанушы, дін сарапшысы сияқты т.б. қызметтерге жібереміз. Жылда бітіріп шығатын 200-ден астам түлегімізді Қазақстан аймақтарына бөлгенде жетпей де қалады. Мысалы, 2017-2018 оқу жылында Университтетті тәмамдаған 207 түлектің 182-cі жұмысқа орналасып, 9 – оқуын жалғастырған. Ал 2018-2019 оқу жылында 214 түлектің 176 жұмысқа орналсса, 12 студент оқуын әрі жалғастырған. Енді өзіңіз ойлап қараңыз, осындай көрсеткіш беріп отырған университетті «түлектерін жұмыспен қамти алмай отырған аутсайдер ЖОО-ның» қатарына жатқыза аласыз ба?
— Нұр-Мүбарак университетінің елдегі дінаралық тұрақтылық пен ұлтаралық бірлікке және экстремизім мен терроризмге қарсы күрестеқандай үлес қосуда?
— Нұр-Мүбарак университетінің оқытушы-профессорлары тек маман даярлаумен ғана шектелмейді, елдегі діни проблемаларға қарсы және оның алдын алу жолдарына қатысты ғылыми зерттеулер, жобалармен айналысады. Мысалы, ұлттық құндылықтарымызды, тарих, салт-дәстүрімізді жоққа шығарғысы келетін жат ағымдардың негізсіз аргументтеріне бірден бір қарсы университеттің ғалымдар тобы «Қазақ қоғамында діни сананы қалыптастыруда матрудилік сенім жүйесінің рөлі мен Ислам-іші плюралистік дискурс шығару перспективалары» атты ғылыми жобамен айналысуда.
Сондай-ақ университеттің ғалымдары халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция, форумдарда баяндамалар жасап, мамандарға нақты бағыт-бағдар беретін тәжірибелерімен бөлісуде.
Университеттің бірнеше қызметкері Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығының ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында. Олар ай сайын жоспарлы түрде қаладағы түрлі орталар мен жамағаттарға барып тұрақты дәріс оқып тұрады. Негізгі мақсаты діни алауыздықтың алдын алу, ұлтаралық, конфессияаралық татулыққа біріктіру.
Ал республика бойынша біздің мамандар мен ғалымдар түрлі семинар-тренингтерге, жамағаттармен жұмыстар бойынша дәрістер өткізуге шақырырылып жатады. Биыл жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асырылған «Жусан» операциясының Ақтау қаласының маңында өткен оңалту шараларына да біздің мамандар тікелей ат салысып, отандастарымызды қоғамға қайта бейімдеуде жоғары нәтижелер көрсетті. Аймақтарына оралғандармен қосымша оңалту шараларына университет мамандары тұрақты шақырылып тұрады.
Бұл күнделікті мамандар даярлаумен қатар жасалып жатқан шаруалар. Ал университет жыл сайын 200-ден аса исламтанушы, дінтанушы мамандарды даярлап, қоғамға араластырып жатады. Біздің түлектерге жұмыс берушілер алдын ала келіп келісім жасайды. Сұраныс артып жатқан соң биылдан бастап «теолог» мамандарын да даярлай бастадық. Екінші мамандық ретінде теологияны екі жылда оқуға мүмкіндіктер де жасалды. Университет басшылығы ғалымдардың потенциалын пайдаланып қараша айынан бастап «Ислам онлайн академиясын» қолға алды. Бұл академияда кез келген, әсіресе діни білімі бар мамандар бірнеше бағытта екі семестр бойы онлайн жүйесінде классикалық қайнар көздерден дәріс ала алады. Бұл қоғамдағы діни сауаттылықты арттыруда таптырмас мүмкіндік.
Міне, Нұр-Мүбарак университеті шағын болғанына қарамастан нардың жүгін арқалап, қоғамды жан-жақты сауаттандыру, біліммен сусындату арқылы елдегі тұрақтылық пен бірлікке, дамуға барынша ат салысып келеді.
Асхат АХМЕДИЯРҰЛЫ