09 қаз, 2016 сағат 20:49

Жақсылық жасағаны үшін жапа шеге ме?

Жуырда Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, бір келеңсіз жайтты жеткізді. Салықты қайтсе де көбейтудің жолын іздеген осы саланың шенеуніктері қара суға салынатын салықты да арттырып жіберіпті. Мәселе, демалыс үйлері мен шипажайларда қолданылатын емдік минералды суларға байланысты.

Қара жердің қыртысынан қазылып шығарылып, оны емделушілерге жайлы жағдайда (ванналарда) жеткізген кәсіпкер енді 1 текше метр осындай су үшін 2141 (АЕК қазіргі мөлшері)  теңге салық төлейтін болыпты. Ал 1 текше метр емдік суыңыз екі ваннаға ғана жетеді. Сөйтіп, емделушілер үшін бұл су  енді алтынға айналайын деп отыр екен. Өйткені, пайда табу үшін кәсіпкер де оны пайдаланудың бағасын да бәлен есе өсіреді ғой. Сондықтан шипалы минералды сумен емделеміз деп шипажайларға баратын жандар қалталарын еселеп қалыңдатып қана бара алады. Бірақ сондай ақша халқымызда бола берсе жақсы ғой...  

Депутат Премьерге осының әділетсіз екенін айтады. Су шығарып, шипажай үшін әсем ғимараттар тұрғызып, емдік техникалар жеткізіп, халыққа қызмет көрсетіп жатқан кәсіпкерлерді қолдаудың орнына үкіметтің оның бизнесін салықпен тұншықтыру саясатын ұстанғаны несі? Сондықтан осы мәселені қайта қарап, салық ставкасын азайтуыңызды өтінемін делінген сауалда.

Серік ЕЛЕУ, сарапшы 

Ұлт порталы